Иә, иә, дәл солай))))
Массагет аудиториясының басым көпшілігі жалын атқан жасын мінез жастар екенін ескеріп, осы тақырып хақында аз-кем сыр айтуды жөн көрдім.
Менің махаббатпен небәрі бес жасымда қоштасқаным қызық. Ол уақытта сол кездегі Нарынқол ауданы Көксай елді мекенінде тұрады екенбіз. Әкем беделді қызметте. Анам ұстаздық жолда. Ауылда балабақша болмағандықтан інім екеумізді үйге қалдырып, есік сыртынан кілттеп кетеді екен.
Бір күні әкем мен анам түскі уақытта үйге келген. Есік ашыла сала алдарынан жүгіріп шығып, "Мама, мен жазу жаздым" деп анамның қолына бір жапырақ қағазды ұстата салыптым. Анам оны оқи сала, есі ауып қала жаздапты. "Кім жазды" деп сұрамай ма, "Өзім жаздым" деппін саспастан. Сондағы жазғаным - "Қош, махаббат" деген екі ауыз сөз. Сөйтсем, Мұқағалидың "Қош, махаббат" дейтін мұқабасы ақ түсті кітабын алыппын да, бірінші бетте үлкен әріптермен жазылған сөзді айнытпай көшірген екем.
"Көршінің қызына жиі барушы едің, қоштасып қойғансың ба?" депті әкем күлкісін тия алмай. Көршінің қызы дегеннен шығады. Ол да бір қызық. Інім екеуміз әкеміздің ең әдемі галстуктерін таңдап, оны мойнымызға сүйрете "тағып", басымызға шләпісін киіп, қолымызға түскен кітапты қолтыққа қысып, далаға беттейді екенбіз. Сыртқа шығып, көрші үйдің шарбағы тұсында ойнап отырған қыздардың жанына барып, қарап тұрып-тұрып, қайтып келеді екенбіз...
Бұл - біздер есейген кезде бала қылықтарымызды естеріне алып отыратын әкем мен анамның естелігі. Балалық шаққа, шіркін, не жетсін?..
Бес жастағы бүлдіршін үшін түккке де тұрмайтын сол сөздің құдіретін араға жылдар салып, есейген жігіттің сезінуі оның өмірінде аққан жұлдыздай із қалдырып кететінін сәби жүрек қайдан білсін...
Махаббатты қадірлей, сезімді аялай, жүректі сақтай біліңіздер, достар!