Қош бол, Массагет, көргенше...

 "Ең қызықты блогтар" қатарына жатқызылған посттарды көзім шалып, қанша оқымайын десем де, қызығушылығым сатқындық жасап, тура бір диета ұстайтын адам тәтті бәлішті ұрлана жейтін кейіппен,  әр постта болатын "Мақала ұнады ма? Ұнаса, достарыңмен бөліс!" дейтін жазбаға дейін оқып, бірақ тоқтаймын.
Өкінішке орай, ондайларды бөліспек түгілі, оқуға ұяласың. 
 
Соңғы кезде патриоттар мен "Жаңашылдыққа жол ашылсын! Қазақтар, қашанғы көненің ізімен жүреміз?!" деп кеуделерін ұратындар көбейіп келеді. Алғашқылары қуантса, екіншілерінің комментарийлары мен жазбалары көңілге қаяу ұялатады.
 
Осыдан екі-үш күн бұрын қызық жайт болды. Әдетте екі аптада бір сұлулық салонына барамын, менің алдымда бір жігіт жазылыпты. Кербез жігіттердің бірі екен, айнаға былай қарайды, олай қарайды. Жігіт адамның соншама өз бейнесіне тамсана қарағанына еріксіз мырс етіппін. Мен жаққа жақтыртпаған көз қиығын тастады да, айнадан көз алмады. Қашан кетер екен деп тағатсыздана шығарып салғым кеп тұрғанда, "Наташ, ты кажется мне брови разными сделала. Может посмотришь?" демесі бар ма?! Құлағым шалыс естіген шығар деп, қайта-қайта жігіт жаққа қарай бердім. Әлгі Наташа шығып, "Что ты говоришь, Данияр? Все как обычно..." деп бастай беріп еді, менің есімімді көрші бөлмеден атады. Орнымнан көтеріліп, басқа бөлмеге бұрыла бергенімде, ҚАСЫН жұлдыртқан ҚАЗАҚ жігіті есікке беттеген еді...  Сол салонда тырнағын түссіз бояуға боятып отырған талай жігітті кездестіргенмін, ал қасын жұлдыртқан "жігітті" алғаш рет көруім. Бірақ жігіт деген атауға, сірә, ауыз бармас!  
Осындайларды көргенде,
"Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам." (Т. Айбергенов)
 
 Шыға салысымен, Казнетте болып жатқан бір әншілер тобы туралы дау-дамай есіме түсті. Шынында да, "ЖІГІТ атауына лайық болар жандардың сиреп бара жатқаны ма?" деген сұрақ біразға дейін мазалады.
 
Мен консерватор да, ескі көзқарасты адам емеспін. Қалада туылдым, өстім, ата-анам да өзге мемлекеттерде болып, олардың тұрмысын көрген кісілер. Тек сол жаңашылдық атаулының жақсысы болады, жаманы болады. Соның  неге жақсы тұстарын ғана алмасқа?!
Бұл бір жайт ұмытыла бастап еді, тағы бір жайт орын алды. Мүсін қызды орамалға киіндірген бір ағамыздың суретін мемге айналдырып жіберді. Өнер туындысы ретінде өте жақсы жасалған мүсін, алайда әр халықтың дәстүрі, өнегесі болады. Соны ұмытпауымыз қажет!
  "Қазақтар, ананы қойыңдаршы, мынаны қойыңдаршы!" немесе "Осындайсыңдар, мындайсыңдар, қазақтар" дейтіндерге: 
 
 
"Жаңашылдықты" қолдап, "онда тұрған не бар?" дейтіндердің саны күн сайын артуда. Массагетте ондай кісілердің жазбаларын мыңнан астам адам оқып, көпшілігі қолдау көрсетіп жатқанын көріп, көңілім су сепкендей басылады. Сол себепті, өкінішке орай, Массагетке не кіруге, не жазба жазуға зауқым жоқ.
 
Осындай мәселелерді қолдап, бас изей берсек, ертең көшелерімізде "біржынысты отбасылар парады" болмасына кім кепіл?
Ешкімге еліктемей, өз ұлтымыздың құндылығын сыйлап, қадірлесек, отыз емес, Әлемнің үздік елдерінің ондығына кіретінімізге кәміл сенемін!
 
Қош бол, Массагет, көргенше,
Қайта айналып, келгенше...(қашан екені белгісіз)
 
Келе жатқан әз-Наурыз мерекесі әр отбасыға тек жақсылық пен береке әкелсін!


Бөлісу: