ҚОС ҚАБАТ ҚУАНЫШЫМ...
блог
Адамның көңілі өте нәзік бір дүние ғой. Кейде болар-болмасқа ортайып, қас-қағымда тасып жатады. Сол оңай өзгерер көңілді лезде қара түнекке айналдыру немесе атқан таңдай арайлы ету – әрқайсысымыздың өз қолымызда. Басқаны қайдам, қазақтың ежелгі қасиетінің бірі – кісі көңіліне қарағыштығы. Біреудің көңілін көтеріп, оны риза етсе, бәйгеден аты озып келгендей өзі қуанып жүреді. Тіліміздегі «сәлемдеме» дейтін сөздің өзі «сәлеммен көңілді демеу, сүйеу» дегеннен шықса керек. Сәлемдеме – бір кісінің екінші адамға жіберетін сәлемі, көңіл білдіруі. Ұмытпай ескеріп, есіне алып жүргенін білдіретін жоралғысы. (З.Ахметова, «Бабалар аманаты»)...
Мен бүгін қатты қуанып отырмын. Өйткені маған да сәлемдеме келді бүгін...
***
«Сәлемдеме деген әншейін зат емес, затты кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Ал сәлемдемеге оны жіберген адамның ыстық ықыласы, сағынышы, сезімі, құрметі, амандық сұраған сәлемі – барлығы сыйып тұрады. Сәлемдемені тек заттай ғана емес, жолға бұзылмайтын тағамдардан да жібереді. Мұндай сәлемдемелер қос қабат қадірлі деуге болады. Себебі – әрі сәлем айту, әрі дәм татқызу. Сәлемдеменің жолын өз мәнінде ардақтай білетін адам оның аз-көптігіне қарамайды. Амандық сәлем арқалай келген бір түйреуішті де, бір уыс тарыны да бағалайды. Сәлемдеме – көңілдің демеушісі. Сәлемдеме арқылы қымбат көңіл сыйлап, кісіні қуанту да – бір ғанибет».
... Бұл да апамның кітабынан алынған. Осының алдындағы жазбада сәлемдеме алғанымды айттым. Сәлемдеменің иесі – ақын бауырымның (Қалқаман.С) үйіндегі келінім Айсұлу-Айекем! Менің құртты жақсы көретінімді білетіндіктен әрі елдің дәмі ретінде беріп жіберіпті. Бауыржан ақынның кешіне барғанда қолыма тиген сәлемдемеге қалай қуанғанымды көрсеңіздер ғой... Айналып келгенде мұның барлығы – қазақы пейіл, біздің ұлтта ғана бар ықылас пен құрмет! Сол ұлттық ерекшеліктің желісі үзілмей жалғасын тауып жатқаны қандай керемет! Әсіресе жаһандану деп жан ұшырған заманда! Сіздерге тілерім, сәлемдеменің мәнін білетін, сәлемдеме жіберіп қуантып жүретін жақын жандарыңыз көп болғай! Ал менің төбемді көкке жеткізіп қуантқан бауырыма алла разы болсын! Өйткені балама «төркінімнен» сәлемдеме келді» деп үйге мақтанып кірген едім...
(Ақын шаңырағында)
***
АЛ СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?
Сәлемдеме сағынышты, достық көңілді, махаббат сезімін, сүйек жақын туған-туысқанның ниет-пейілін, құда-жекжаттың құрметін танытатын белгідей болған. Сәлемдеме бағасы мен көлемі жағынан жеңіл-желпі болуы мүмкін, бірақ жолы үлкен. Сәлемдемелер әртүрлі мақсат-пен, алуан себеппен жіберілетініне қарамай, адамдардың қарым-қатынасына қызмет етеді (З.Ахметова, «Бабалар аманаты»).