Қорықсаң, аналардан қорық!

Қорықсаң, аналардан қорық!
жеке
блог

Әдетте әр демалысымды күн санаумен өткізетінмін... Бұл жолы жиырма күнімнің жиырма бірінші күнінде отырып ұзақ ойландым... Зымырап өте шықты, ә... 

Бұл жылғы мендегі мақсат та арман да жылдағыдан бөлек болды... Өзім мәнісін ұқпаған махаббатқа иланғым келді, мағынасын ашып айта алмайтын бақытқа қол жеткізетініме өзімді сендіріп бақтым.  Сендім, иландым... Енді менде расымен де бәрі ҒАЖАП! 

Жаңа жылды аядай отбасыммен қарсы алғым келді... Асықтым... Жеттім... "Көке" дейтұғын жездемді әкемнен бетер сағыныппын... "Қызым, бастысы Алла маңдайларыңа жақсы жанды жазсын! Қыздың бағы сол",-деген алтын адамымның алпысқа аяқ басқанын да аңдамаппын... Йә, мен ауылдың қарттарын жақсы көретінмін... Міне нақ осындай сөздері үшін... Маңдайынан сүйдім, менің маңдайымның жарығын сөндірмегендердің бірі ғой деп... 

Туысшылмын... Алладан қорқамын, адам баласы адамнан қаймыққан ба?! Көнетоз үйдің көркіне айналған әжемді атам өмірден қайтқан күні іздеп бардым... Ағайынның басы қосылғанда, әжімін күлкісімен, ақ шашын орамалмен жасырған әжемнің мықтылығына таңдандым. Қараша үйдің қарапайымдылығына қамығып тұрғанымда: "Айналайыным, хәліміз нашар емес. Маңдайыма жазылған тағдыр осы болса, Алла үшін көтеріп бақтым.Жайнамазға басым тиген сайын, Алладан өздеріңе жақсы жанды нәсіп етуін сұраймын. Маңдайыңның жарығы бар, жанасың, еңсеңді түсірмей жүр!"-деген ақылшымның сөзін арқалап ауылға қайттым...

Абдырап жүргенімде Алла жазып, анам өмірге алып келген күнімді Алла алдыма әкелді. Тойлап үйренбеген әдетімді ысырып тастап, алыс-жақын жандарды жаныма жидым... Анам жоқ болғанымен, анамдай көрген ұстазым келді... "Мен Абайдың басына бардым, хабарласып тұрып Абайдай болуыңды Алладан сұрағанымды өзіңе айтқанмын...Абылайдың басына бардым, Алла саған елге жанашыр болуды жазсын деп, Алладан Абылайдың жолын сұрағанмын сен үшін... Міне, күні кеше Алла жазып, Меккеге барып қайттым... Онда да сенің тілеуіңді тіледім. Жаман болмайсың, керемет жанға лайықсың, қызым... Алла теңіңді ұшыратсын!"-деп маңдайымнан өбіп, қолыма жолымды берсін деп саусағындағы сақинаны сый қылған еді...

Енді мен бақытсызбын деуге қымсынамын... Йә, мына жанның барлығы маңдайыма жазсын деген жанның қандай болатынын мен де жақсы білемін... Себебі бірде әкем: "Қызым-ау, Алланың құдіреті сол, сенен титімдей кем де, тырнақтай артық та адамды қосағың етпейді... Сен қандайсың, нақ сондай жан серігіңе айналады, осыны ұмытпа!"-дегенін санамда сақтап келемін...  

Мақтанғым келмесе де, мақтануға арзитынын көлікте кезіктірген қос ананың әңгімесінен соң білдім. Алматыда оқитын қызына қос-қос сөмке мен көйлек әпергенін мақтанышпен айтып отырған әйел көпіріп бітті. Кезек келесі анасымаққа келгенде мектепте оқитын қызына таққан бриллиант жүзігін тастама дегенін, енді соған лайықтап сырға алуы қажетін айтты. Үйіне хабарласып, қымбат көлігінің атын атап, жіберуін өтінген бейтаныс жанның қоғамдық көлікпен келе жатып тасына сөйлегенінен тіксініп қалдым. Кенет келесісіне қоңырау шалынып, ұлын жоғалтып алып "ойбайлаған" құрбысы хабарласты. Мен мынадай жанның бірі анам болмағанына қуандым. "Ай, қазіргінің әйелдері-ай",-дедім ішімнен... 

Құрбымның үйіне келдім... Йә, оның болашақ жары санайтын адамы шет елде білім алуда... Мақтаныш... Расымен мақтануға арзиды... Оның иманы әлсізін айтқан құрбымның айналасында сыпайылығы мен иманы бар жігіттер де жоқ емес... Мен мінезіне қара деп ақылгөйсимін, анасы келбеті мен жағдайын алға тартады... Тәп-тәуір жанды бойы аласа деп жаратпағанын айтқанында, қазіргінің аналары "сұлулықты" сыйлайтын болған ба деп ойладым...

Махаббат азайып бара жатқан қоғамда мейірімге жұтаң жандардың бірі менмін... Менің жан жарым атанар жанға қойылар талап та жоқ менде... Мен бұрын қандай жар боламын деп қаймығатынмын... Ал бүгін қандай ана болатынымды көбірек ойлаймын... Мен оларға қандай жанды серік етіңдер деп айтарымды білмей келем... Себебі өзім де барлығы тілейтін керемет адамның бейнесі қандай болуы керегін түсіне алмай жүрмін... 

Шолақ ақыл, кесір кеңес көбейді. Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен айналамнан кезіктіргендердің дені дұрыс ақыл айтуға келгенде дағдарады. Теледидар қоссаң ішкілікті баласынан артық көрген ана, темекіні тамақ еткен шешей, енді міне дүниені перзентіне дәріптейтін әйел... "Қорықсаң, аналардан қорық!"-дегің келеді еркіңнен тыс...  

Десек те аналар аман болсыншы, аналардың тілегі мен ақылы тура болсын! Сіздің анаңыз жарыңызды таңдарда не кеңес айтты? Сіз перзентіңізге қандай ақыл айтар едіңіз