Қорыққанға қос көрінер...

Алдыңғы блогтарымда фобияның түрлері жайлы жазам деп уәде берген едім. Бүгін соның сәті түсіп отырған секілді. Әлем бойынша фобияның 40 000-нан астам түрі белгілі екен. Бәрін санамалап отырмай, өз бойымда кездесетін фобиялар тізімін жазып шыққанды жөн көрдім.

Aмаксофобия — алыс жолға шығар кезде немесе көлік айдайтын кезде бойда қорқыныштың пайда болуы. Алыс сапарға шығарда кез-келген адамның денесінен ток жүріп өткендей, жайсыз әсерде болары анық. Мүмкін, үйді қимағандықтан шығар...  Верминофобия — бактерия, микроб жұғудан үрейлену. Жатақханадағы қыздар алғашқы жылдары менің жиіркеншектігімді жақтырмай жүретін. Біреу тарағымды пайдаланса, күңкілдеп, резеңке қолғаппен үй тазалап, бокалымды ешкімге бергім келмейтін. Бірақ, студенттер үйінде «Человек в футляре» болып өмір сүру мүмкін емес екен, осыған көзім жетті.  Гидрофобия (аквафобия) — судан, сұйықтықтан қорқу. Қанша тырысқаныммен, суда жүзуді үйрене алмай-ақ қойдым. Су түбіне бір қара күш тартып әкететіндей көрінеді... Клаустрофобия — қамалып қалудан қорқу. Алғаш пойызға мінгенде бес жаста екенмін. Тарс етіп жабылған есікті көріп, «Енді қалай шығамыз?» деп түскенше жылап барыппын))) Жақында, испаниялық «Бункер» фильмін көріп, сол баяғы қорқынышым есіме түсті.     Спектрофобия — елестерден қорқу. «Тылсым дүние» газетін үзбей оқып, хоррор фильмдерді көп қарайтынмын. Әжемнен, достарымнан естіген қорқынышты әңгімелерді қосыңыз. Батырмын деп мақтанушы едім, қазір жүйкем сыр беріп жүрген сияқты, жалғыз қалғанда қорқыныш атаулының бәрі менің санамнан орын алады.   Акустикофобия – қатты дауыстардан қорқу. «Самолет, мені өзіңмен ала кет!», деп өзге балалар секілді ешқашан әндеткен емеспін. Себебі, үйіміз әскери қалашыққа жақын орналасқан еді, әр бейсенбі сайын сынаққа алынған самолеттар ұшып жүретін. Гүрілдеген даусынан қатты қорқатын едім, алыстан келе жатқаннан, құлағымды жауып қашатын едім.

Бұрындары көз жасымды ешкімге көрсетпей, өзімді батыр етіп көрсетуге тырысатын едім, қорықпайтын адамның жоқ екенін енді түсініп жатырмыз ғой. Ой бөлісе отырыңыз, сіз неден қорқасыз? Сіздің фобияңыз қандай?



Бөлісу: