Көршінің қызы керемет

         «Осы сені-ай! Анау көршінің қызын қарашы!? Ой, керемет қой, шіркін! Бәрін істейді! Тамақ та жасайды, үй де жинайды!... Тоқыма да тоқиды! Сабағын да оқып, ойнап та үлгереді! Ал, сен бір шәйдің ыдысын «он» сағат жуасың! Оның өзіне ыдыстардың бәрін шағып біттің! Қолыңа тиген ыдыстардың бәрі неге "қанаттанып" кетеді осы?»... 

         Иә, кішкентай кезде анам осылай ұрсатын! Себебі, расында бес тал кесені "он" сағат жуатынмын. Оның өзіне, мен жуған ыдыстардың шеті кетік болып шығатын. Себебі, айыр-күрек ұстап, әкемнің жанында сыртта көп жүргендіктен, "кездейсоқ" ыдыс жуу "бақыты" бұйырып қалса, шөп лақтырып, отын тасығандай "гүрсілдетіп" істейтінмін де, ақыры осындай болатын. Түйесің деп те ұрсатын. Сонда ойлайтынмын... «әй, шіркін, сол көршінің қызының қай жері артық? Қаласа, сол қыз қыздары болсыншы... ертіп "әпкелейін бе осы"...»

         Ал, көршінің қызымен ойнай қалсаң, «түһ, мамам ұрса береді. Сені мақтай береді маған. «Ол бәрін істейді, тамақ та жасайды, кір де жуады, ойнап та үлгереді, сабағын да жақсы оқиды» - деп... Мен оған «сені маған мақтайды» деп, бір күліп алатынбыз. Осы сөздерді естігенде, «кім - кімді алдап жүр» деп ойлайтынмын.

       Бақсам, жақсы болсын дегендері екен ғой. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жиреннің» тәжірбиеге асып жатқаны осы екен-ау... Балалықпен шала түсінген екенбіз.

Қазір сол көршінің қызы да, мен де адам болдық. Сол сөздердің де "еңбегі" бар ма деп қоямын кейде. 

"Қазір мен жуатын ыдыстар сынбайды, кетіктері де жоқ, ыдыстар "ұшпайды" қазір, тоқыма да тоқып жүрмін, неше түрлі тамақтар пісіріп үйрендім, анау-мынауды оқып жүрмін, айналама барынша көмектесемін... тағысын тағы... Мама-ау, сол "түйеңіз" бүгінде тырбаңдап өмір сүріп жүрген адамдар қатарына қосылды. Мама-ау, мен кішкентай "дәу" болдым... Мама-ау, көршінің қызы расында керемет екен ғой! Мама-ау, қашан келіп дәмді тамағымнан дәм татасыз?..." дегім келеді...

ПыСы: ...кейде абайсызда "әдейі" қолымнан кез келген ыдысты түсіріп алғым келеді. Солай ішіңдегі өкпең, мұңың, назың шығатындай...



Бөлісу: