Көріпкел
блог
Елсіз жерлерлердің бауырына сызық қалдырып, иен даламен пойыз жүйткіп келеді. “Арыс” станциясынан мінген, 25-26-ларды шамалаған қасымдағы жолаушының аузы бір сәт те жабылар емес.
-Маған өзімнің есімім мүлдем ұнамайды. Руслан деген атымның әлі күнге дейін шын мағынасын да білмеймін. Ха-ха!
Мәнсіз, мағынасыз көпіре беретіндерді жарата бермеуші ем. Қарқылдай күлгенінен тіксініп қалдым. Жауапсыз отырғаныма қарамастан Руслан сөзін жалғай берді.
-Ал мен саған ең басты нәрсені айтуды ұмытып барам. Түшшш! Тек саған ғана айтам… Вагондағы бүкіл халық бір өзіне қарап отырғандай айналасына алақ-жұлақ қарап алды да:
-Мен –көріпкелмін,-деді…
-Көріпкел???
-«Түш» дедім! Жайласаңшы! Тамағын жөткірініп алып, біразға дейін кейіген сыңай танытып үнсіз отырды да, көз қиығымен мүлдем бейқам отырған мені бір шолып өтіп:
-Не, сенбейсің бе?-деді.
-Әрине. Көріпкел адам ешқашан өзін-өзі көріпкелмін деп айтпаса керек… Солай!
Шағып отырған шемішкемнің қабығын төгу үшін тұрып кеттім. Келсем, әлгі әлі отыр. Түк болмағандай қолымды сулықпен сүртіп, орныма қайта отырдым. Ал ол бүкіл қимыл-қозғалысымды қалт жібермей бақылауда. “Көзі неткен өткір еді!”
-Сонымен… Көріпкелмін деңіз…
-Сен ақылдысың. Сенің болашағың бар…
«Паһ,шіркін! дерсің».
-Сен өте ақкөңіл, мейірімді қызсың… Жұртқа көмектесуге әзір тұрасың…
«Түх! Жақсы адам екем ғой».
-Бірақ, аңқаусың. Есіттің бе? Аңқаулығың көп нәрсеге ұрындырады…
«Бұл енді шындыққа сәл жанасатындай))».
Осы іспетті сылдыр сөздермен өзінің «көріпкел» екенін жақсылап тұрып «дәлелдеген» ағамыздың сөздерін бұдан әрі тыңдаудың мәні де қалмады…
Бірнеше cағаттардан соң Русланның түсетін станциясына да жақындадық. Қоштасарда көзіме ұзақ қарап тұрып, күбірлеп бір нәрсе айтты да, теріс бұрылып кете барды.
Артынша вагонға апыл-ғұпыл мінген орта жастардағы әйел адам алқынып кеп терезеге ентелей жабысты.
-Бұл… Әлгі…Өй, бұл…біздің Есқараның күйеу баласы емес пе? Жанындағы құрбысы да қарайлаған бағытқа көз салсам, артына асынған сөмкесі көзіме оттай басылып, Руслан кетіп барады…
Ол өз аймағында шынымен әлдебір қасиеті бар адам боп шықты. Жұрт оны «көріпкел» деп атайды екен. Тек, адамның өзіне сенбей отырғанын байқаса-ақ, ол жайында түк айтпай қояды-мыс. Оның қасиетін жете түсіне алмағаным үшін өзімді іштей жазғырып қала бердім…