Көрнекті публицистің келелі еңбегі

Көрнекті публицистің келелі еңбегі
жеке
блог

     Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің кедергісіне мойымай, қазақтың ұлттық мәдениеті мен қазақ баспасөзінің тарихын зерттеген Қайыржан Бекхожин- ұрпаққа үлгі, көпке өнеге. Ол ұлттық баспасөз тарихы жайында тұңғыш болып кандидаттық және докторлық диссертация жазды. Журналистік жолында өлшеусіз еңбек еткен Қайыржан Нұрғожаұлы жайында біз не білеміз?


     1910 жылдың 25-қарашасында Павлодар қаласында дүние есігін ашқан Қайыржан Бекхожин журналистік қызметін 1929 жылы Павлодар округтік «Кеңес туы», «Колхоз» газеттеріне хат-хабар жазудан бастады. Журналистік жолға түсуге мықтап ден қойған қабырғалы қаламгер 1946 жылы ел астанасындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанады. Кейіннен өзі білім алған оқу ордасында аталмыш факультеттің оқытушысы, кафедра меңгерушісі, деканы болады. Сондай-ақ ғалым өткен ғасырдың басында төл тілімізде тұңғыш жарық көрген «Айқап» журналына өткір-өткір мақала жазуымен есте қалды.

     Профессордың жастық шағы турасында мәнді мағлұмат берген інісі Қалижан Бекхожин өз естеліктерінде Қайыржан ағаның араб әліппесінен хабардар, орыс тілінде еркін сөйлейтін, қазақшасын оймақтай дөңгелеткендігін айтады. Өнері мен өлеңі жарасқан әкеден тәлім алған қос ұл Алашқа ардақты, келешекке ұлағат бола білді. Осы орайда айта кету керек, ғалымның інісі Қалижан- мән мен мағынаға толы ақындық өнердің дарабозы, әкеден дарыған асқақ дарынның жалғастырушысы. Олай дейтініміз, қазаққа ұл болған қос азаматтың әкесі Нұрғожа- жазба әдебиет тарихында аты қалмағанымен, атақты Ақан серімен, Мәшһүр-Жүсіппен айтысқан арқалы ақын екендігі айтылады. Сауатын Троицкідегі діни медреседе ашып, өлең өнерін тәлім еткен ардақты әке өз балаларын да адамдықтың жолына, әдебиеттің жолына баули алғандығы көрініп-ақ тұр.

     Қазақ баспасөзінің ескі мұрасын ашуда көп еңбектенген Қайыржан Бекхожин әр алуан тақырыптар төңірегіндегі 60-тан астам ғылыми мақаланың, «Колхоз» , «Екпінді», басқа да республикалық мерзімді басылымдарда түрлі жанрда жариялаған 300-ге тарта проблемалық материалдар мен айтулы монографиялық кітаптың авторы. Қаламгердің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты еңбегі жоғарыда атап өткендей, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеп, зерделеген тұңғыш еңбек болды. 1964 жылы жарыққа шыққан бұл туынды арқылы төл баспасөзіміздің 70 жылдан астам тарихы қағазға түсті.

                                          Қайыржан Бекхожин зерттеулерінің маңызы неде?

     Ғалымның саналы ғұмырында саз кешіп жүріп қалдырған еңбектері- ұлттық басылымның түп тамыры, оған жасалған тұңғыш зерттеу. Аталған зерттеулердің маңызы- олардың құндылығында. Қайыржан Бекхожиннің мұрасы арқылы тың тарихқа түрен салдық, баспасөздің идеялық мазмұнына, қоғамдық бағытына бойлай алдық. Міне, публицист зерттеулерінің маңызы осында.

                                              Профессор еңбектерінің өзектілігі турасында

    Қалижан Бекхожиннің естелігінен біз Қайыржан ағаның араб әліппиімен сауатын ашқанын білеміз. Мұны тілге тиек етуім тегіннен тегін емес-ті. Себебі, Қайыржан Бекхожин қазақ қоғамындағы мәдениеттің дамуында араб қарпінің белгілі мәні болып, айрықша роль атқарғандығын айтады. Бұл тұста ғалыммен келіспеске болмайды. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының ғана емес, жалпы қазақ тарихының қалыптасуында өзіндік орны бар араб қарпі сол замандағы жауһар құндылықтардың бірі еді. Олай дейтініміз, басына бағы мен соры қатар үйірілген қазақ жұртының бір-бірімен хат-хабар алмасуына негіз болған да осы арабша қаріп екендігі даусыз. Бертін келе, жаппай сауаттандыру дәуірі басталмас бұрын, халықтың 80 пайызға жуығы әріп танымаған тұста сауатсыздықтың төмен деңгейіне де себепкер- дәл осы әліпби еді. Төте жазудан латыншаға, латын қарпінен кириллицаға арасын созбай тез ауытқуы- сауатсыздыққа жетелеген бірден-бір фактор екендігі даусыз. Профессордың өзі айтпақшы, «қазақ арасындағы тұрақты орфографияның жоқтығынан сауатсыздықтың кең тарағандығы анық еді».

     Қайраткер-публицист мықты маман ғана емес, кең жүректі адам ретінде де танылды. «Панасыз қалған жетім балалар өмірі жайлы» мақаласында публицистің қамқорлығы мен аузын ашса жүрегі көрінетін ақжүректілігі байқалады.

     Ғалымның зерттеу еңбектерінің қатары аз емес. Дегенмен, біршамасына тоқталып өткен жөн секілді.
Қайыржан Бекхожин «Түркістан уәлаяты газетін» сараптап, онда жарияланған мақалаларды іріктей отырып, бүгінгі күнге мол мұра қалдырды.
     «Айқап» журналына жасаған зерттеуінде көптеген маңызды тарихи деректерді тауып, ғылыми жаңалық ретінде енгізген.
     «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиялық еңбегінде большевиктік «Орал» газетіне тоқталса, «Садақ» журналының бағытын мәдени-ағартушылық сипатта болды деп көрсетеді.
Сонымен қатар, монографиялық еңбектің авторы өзі жайлы қазақ баспасөзінің тарихына тоқталған тұңғыш қаламгер екендігін ауыз толтырып айтпайды. Ұлттық басылымның негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов дей келе, аталған біртуар азамматтардың еңбектеріне жеке-жеке тоқталып өтеді. Нақтылай түссек, Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов туралы «Шытырман шындық» атты мақаласында, Ыбырай Алтынсарин жайында «Лениншіл жас» газетінің 1949 жылғы 31-шілде күнгі санында мәлімет береді.

     Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне текстологиялық талдау жасаған публицист-ғалым «Дала уәлаяты» газетінде ақын өлеңінің өзгеріске ұшырап жария етілгендігін айғақтайды. Профессордың талдау еңбектері Нығмет Ғабдуллиннің 1986 жылы жарық көрген «Абай тағылымы» атты әдеби-сын жинағына енген екен.

     Журналист, ғалым, публицист Қайыржан Бекхожиннің еңбектерін бір арнаға тоғыстырып, оқырман қауымға мол ақпарат беретін «Қайыржан Бекхожин- журналист, публицист» атты еңбекте қаламгердің бірқатар жанрды еркін меңгерген шеберлігі сөз болады. Нақтылап айтар болсақ, Қайыржан аға көркем-публицистикалық очерк жазудың ғана емес, проблемалық мақалалар мен корреспонденция жанрының да шебері бола білген. Сыни тұрғыда да қалам тербеген ғалым терең зерттеу, нақты зерделеу, дұрыс бағалау әдістері арқылы қазақ баспасөзі мен әдебиетін дамытуға зор үлес қосты.

     Автордың ғылыми зерттеу еңбектері журналист қауымның арасында, әсіресе газет журналистикасында үлкен мәнге ие болғанымен, толық бағасын әлі де ала қойған жоқ. Десек те, қайраткер-публицистің шығармашылығына арналған зерттеу-еңбектердің артқандығы қуантады. Жоғарыда көрсеткен Ғалия Майкотованың «Қайыржан Бекхожин- журналист, публицист» еңбегі бүгінгі қауым мен келешек журналистердің бекхожинтану жолындағы темірқазығына айналары сөзсіз. Не десек те, баспасөздің тарихын зерделеген бірегей тұлғаның есімі сол тарихта алтын әріппен сақталмақ. Мамандығында да, адамдығында да үлгі көрсетіп кеткен Қайыржан Бекхожиннің өмірі талай ұрпаққа өнеге болары хақ.


Оқас Мадина 

Республикалық "Ұлан" балалар мен жасөспірімдер газетінің жас тілшісі



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ғ.Майкотова «Қайыржан Бекхожин- журналист, публицист»;
2. Ж.Нұсқабайұлы, Қ.Аллаберген «Көне басылымдар. Құнды деректер. Аяулы есімдер»
3. Сұхбанбердина Ү., Дəуітов С. Айқап. — Алматы, 1995
4. Бекхожин Қ. Өлең өткелдері. — Алматы: Жазушы, 1986.
5. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары (1860–1930 жылдар). — Алматы, 1964.
6. http://bekkhozhin.simplesite.com