Көрмеге шақырамыз!

Көрмеге шақырамыз!
жеке
блог

 

2012 жылдың 28 наурызында, сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубымен бірлесіп  «ДАЛА САЗЫ» атты ұлттық саз аспаптарын жасаушы шеберлердің I Республикалық көрмесі ашылады.
Қазақ халқы сонау көне дәуірден бастау алатын өзінің қайталанбас, бірегей қолданбалы өнер туындыларымен, жәдігер бұйымдарымен кең танымал. Осындай хас өнердің бірі – ұлттық музыка аспаптарын жасау. Музыкалық аспаптардың үнінен қазақ ұлтының сыршыл сезімдерін таңғажайып құбылыстармен ұштастыра білгенін байқауға болады. Халқымыздың аса бай музыкалық мұрасы, оның ішінде саз аспаптары  бүгінде кәсіби музыка мәдениетінің асыл қорын молайтып, сарқылмас қайнар бұлағына айналып отырғаны баршаға мәлім. 
Қазақ халқының ұлттық музыка аспаптарының сиқырлы да сүйкімді, ырғақты үні, тебіреністі тербелістері адамды дүние сырын терең түсінуге, сұлулықты жүрегіңмен нәзік  сезінуге жетелеп, жан рақатына бөлейді. Көңілді ырғағымен өмірге қызықтыра, құлшындыра түссе, мұңды сазымен бірер сәтке өткеніңді ойыңа оралтып, сезім күйіне бөлеп, толғандырады. Сондықтанда қанша аспап жасаса да, олар бірінің үнін бірін қайталамаған. Осы құдіретті де қасиетті дыбысты шығару үшін бітімі бөлек, даусы ерек, тұлғасы алуан түрлі музыкалық аспаптар ойлап тапқан. Соның арқасында адам ой-арман, қимыл-қозғалыс, көңіл-күй, нәзік сезім бәрі-бәрін музыкалық дыбыс арқылы бейнелей алатын мүмкіндікке ие болған. Мәселен, адам қолынан шыққан қобыз үнінде мұң, зар басым болса, сыбызғы үнінде қуаныш, шаттық бар. Домбыра байсалды үн шығарса, шертердің дыбысы салтанатты келеді. 
Бұл көрмеде «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы алматылықтарға және қала қонақтарына ұлттық музыка аспаптарының сан түрімен және оларды жасаушы жас шеберлермен танысуға мүмкіндік береді. 
«Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының жанынан 2010 жылы құрылған. Клубтың негізгі мақсаты – қазақ жастарының шығармашылық кең айналысуына ықпал ету, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру, ұлттық қолөнерді жоғары деңгейге көтеру және мүмкіндігі  шектеулі дарынды жастарға қолдау көрсету. Клуб ағымдагы жылы ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы жас шеберлерлер арасында жарияланған конкурс жеңімпаздарының жұмыстарын көрмеге қоймақшы.  Олардың қатарында қазақтың ұлттық аспабы домбыраның түрлері, қобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, сазсырнай, зырылдауық және т.б. бар.
Көрмеге конкурс нәтижесінде іріктелген республикамыздың 20 жас шебері қатысады. Мұнда 50-ден астам ұлттық аспаптар қойылады
Көрме бағдарламасында: салтанатты ашылу, жанды дауысты музыка, сертификаттар тапсыру және дәм дастарханы.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен «Ғаламарт» шығармашыл жастар клубы дәстүрлі қазақ мәдениетінің таңғажайып әлеміне шақырады!
Көрменің ресми ашылуы: 2012 ж. 28 наурыз, сағат 16-00.
Жұмыс уақыты: 2012 жылдың 28 наурыз  - 10 сәуір аралығы, сағат 9.30-дан 17.00-ге дейін.
Байланыс телефондары: ҚР МОМ 264-46-50, 264-55-66.
                                      «Ғаламарт» жастар клубы – 393-40-03.