Қорқыт ата құпиясы...
блог
Өмірде арманым жоқ-Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!..
деп ақын Мағжан Жұмабаев жырға қосқан Қорқыт бабамыз жайлы деректер жинақтау үшін жолға шықтық. Алла сәтін салып, ісімізді қолдаған болу керек Шу өңірінен келе жатқан зияратшыларға кез болдық. Автокөлік жүргізушісі көпті көрген Асылбек ағамыз, ал жол-жөнекей рухани орындар жайлы жақсы әңгімелерімен жолымызды қысқартып келе жатқан Оразкүл апамыз. Оразкүл апамыздың қызықты әңгімелерінен рухани азық ала отырып, Қорқыт бабамыздың музейінеде келіп қалдық. Қызылорда облысы Жосалы стансасынан 18 шақырым жердегі биік төбеде орын тепкен Қорқыт бабамыздың ескерткішін тамашалауға кірістік. Қорқыт баба ескерткіші жоғарыдан қарағанда құбылаға қарап жатқан қобыз іспеттес болып жасалыныпты. Екі ғимарат мұражай мен қонақжай, қобыздың екі құлақшасы. Ескерткішке көтерілер баспалдақтары ішегі, ал ортада орналасқан көк қошқар мүсіні тиегі. Арка ысқышын бейнелейді екен. Ескерткішті жағалай қоршаған жасыл мозайкалар Қорқытты шаққан жыланға ұқсас. Темір бетоннан жасалған тіп-тік төрт көктастан тұратын ескерткіштің биіктігі-8 метр. Жоғарғы жағына төрт бағытта аузы кең метал түтіктер орнатылған. Сол түтіктер арқылы соғылған желдің әсерінен ойыққа келіп түйісетін метал 40 түтікше арқылы қобыз үніне ұқсас дыбыс шығарады екен. Орталықта орналасқан амфитеатр дыбыстық акустикасы өте жоғары, төменнен дыбыстаған адамның даусы ешқандай техникасыз жоғарғы қарай анық естіледі. 1300 адам сиятын амфитеатрда түрлі концерттермен конференциялар өткізіліп тұратын етіп істепті. Тілеует ханада Алладан шын ниетімен тілек тілеген адамның тілегі қабыл болатын көрінеді. Төрт алып қобыз 1980 жылы Қармақшы ауданының бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың басшылығымен , алматылық архитектор Бек Ыбраевтың жобасымен салынған екен. Төрт қобыз дүниенің төрт бұрышына қарап тұр, яғни бабамыздың өлімсіз өмір іздеп дүниенің төрт бұрышын шарлағанын меңзейді. Ерте заманда сыр өңірін мекендеген Оғыз қыпшақ тайпасының арасында дүниеге келіп, көреген көсемі,сөз бастар шешені атанған Қорқыт баба бүкіл түркі тілдес халықтарына ортақ тұлға. Қорқыт бабамыз атақты жырау, қыл қобыздың атасы, асқан күйші, ойшыл, келер күнді болжайтын бақсы болған.