Ғарыш. Адамзат баласын елемейтін, алпауыт кұдыреттің иесі. Қараңғы аспанға көз тастасам, шексіз кеңістіктің бір атомы, тіпті одан кіші сезінемін. Ғарыштың кұпиялығы адам бойында әрдайым толғаныс пен қорқыныш тудырады. Санамызды кұлдыққа алған тіршіліктің жайы: сан алуан діни ағымдар айналасында туындап жатқан мәселелер, саясаттағы қақтығыстар мен дағдарыс - осының барлығы Ғарышты кезіп жүрген шаң бетінде орын тауып жатқанын адам түсінсе өмірге мүлдем басқа көзқараспен қарайтын еді деп ойлаймын. Мен үшін Ғарыш - кең философия, ғажайып өнер туындысы, қорқынышты құпия және балалық арман.
Нағыз арман тек балалық болады. Адам баласы туғанда батылырақ келіп, есейген сайын армандауды да ұмытып кететін секілді. Дегенімен, балалық шағындағы армандарына адал қалған жандар да жоқ емес. Сондай адамдардың бірі - адамзат баласының тағдырын өз қолына алуды мақсат еткен Илон Маск.
Илон Маск деген кім?
Илон Маск - SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушысы және басқарушысы. Масктың Tesla атты бастамасының арқасында қоғамға кісен салған мұнайдан бас тартуға болады. Күн қуатын пайдаланатын Tesla электр көліктері әлемге тек экономикалық пайда қөзі ретінде емес, күннен күнге ушығып бара жатқан климаттық өзгерістердің шешімі ретінде қарастырылуға лайықты нұсқа. Ал SpaceX атты компаниясы адамзат баласын планета аралық көшпенділерге айналдыруды мақсат етіп қойған. Ең алғашқы жоспар - көршілес «қызыл» планета Марсты қоныстау.
Бірақ неліктен Марсқа қоныс аударуымыз қажет?
Қазіргі таңда Марсқа саяхат жасау қиялымыздың шекарасынан аспайтын, мүмкін емес дүниелердің бірі көрінеді. Адамзат баласының болашағын қазір болжап айту өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады. Ғарыштан кездейсоқ бір комета ұшып келіп, Жердегі тіршіліктен еш нәрсе қалдырмай жою кәупін санамағанның өзінде, Жердегі тіршіліктің соңы бар екенін сеземіз. Бір ғана ғасырдың ішінде Жердегі адам саны 4 миллиардтан 20 миллиардқа дейін өседі деген болжам бар. Жердегі ресурс болашақ ұрпаққа жетпейтіні айдан анық, ал ресурсқа талас – тартыс адамзат тағдырының кайғылы соңы болуы мүмкін. Бұдан басқа себептерді тізбелеп айтпасақ та, көршілес планетаны қоныстау қажеттілігі бар екенін мойындауымыз керек.
Марсты Жерге ұқсас планетаға айналдыру
Қазір Марс - тіршілікке қолайсыз планета. Тіршіліктін көзі – су. Көптеген зерттеулер нәтижесінде Марс қойнауында су мұз күйінде бар екені анықталды. Марста мұздың көптігі сонша, тіпті барлығы ерісе, Марс беті түгелімен тереңдігі 11 метр болатын мұхит астында қалады. Мұзды еріту арқылы су пайда болса, су арқылы Марста алғашқы өсімдіктер де көп ұзамай пайда болады. Ал өсімдіктер көмегімен адам тыныс алуға жарамды атмосфераға қол жеткізу – тек уақыт талап ететін процесс .
Кімдер Марстың тұрғындарына айнала алады?
SpaceX компаниясының ең басты мақсаты - Марсқа барар билеттің кұның кез келген адамның қалтасы көтере алатындай ету. Илон Масктың айтуынша, Марсқа аттанатын алғашқы адамдар үшін сапар құны адам басына 200 000 АҚШ долларын құрап, уақыт өте арзандай түсетін болады. Егер Жердегі пәтердің құны орташа есеппен 100 000 АҚШ долларын құрайды деп есептесек, өзге планетаға аттанудың құны салыстырмалы түрде қымбат емес көрінеді. Ал сіз Марсқа барғыңыз келе ме?!
Осылайша, санасын құрал еткен адам баласы шексіз Ғарыш кеңістігін шарлап, оның кұпияларын зерттеп, сан алуан тіршіліктің бастамасы болып тарайды деген сенім мені жігерлендіреді. Мүмкін, болашақ ұрпақтың көпшілігі адамзат тарихы Жерден басталғанын ұмытып та кетер, бірақ тарихты қастерлейтіндердің жадында біздің өмір сүріп жатқан дәл осы сәт «мүмкіндіктің шекарасын кескен» адамдардың заманы ретінде қалады деп үміттенемін.