"Қорқордың қорлығы"

Қазіргі кезде көптеген адамдар, әсіресе жастар көңіл көтерудің жақсы жолы қорқор шегу деп біледі.  Соңғы кездері сәнге айналып бара жатқан осы жаман әдеттің адам  ағзасына қаншалықты зиян келтіретіні туралы ойлар көптеп айтылуда.  Ең алдымен қорқор дегеніміз не? Соған тоқталып өтсек. Қорқор, яғни кальян – темекі сияқты табакты тартуға арналған құрал. Оны парсы тілінен аударғанда, «жұтатын түтінді сүзгіден өткізетін шегуге арналған құрал» деп айтады.  Қорқордың тарихы жайлы айтар болсақ, ол Үндістанда пайда болған екен. Кейін Азия, Солтүстік Африка арқылы Еуропаға жеткен. Алғашқыда қорқордың ыдысы түтін жұтуға емес, бағалы тастарды сақтауға арналса, бүгінгі күні ол зиянды қызметіне көшкен сияқты. XIX ғасырда Еуропада қорқорды көңіл көтеруден бұрын ойлану үшін шегу мәдениеті қалыптасты. Еуропадағы кейбір философтар өз тұжырымдарын осы қорқордың көмегімен  айтқан деген әңгіме де бар. Ал бүгінгі күннің қорқоры көңіл көтерудің бір түріне айналғандай. Күннен күнге танымдылығы артып, кез-келген түнгі клубтар мен мейрамханалардан кездестіре аламыз. Әсіресе, жастардаң арасында үлкен сұранысқа ие. Бірі қызық көрсе, енді бірі еліктейді, ал ең сорақысы – сол көк түтінге тәуелді болып, есі кеткендері қаншама? Жас қыздарымыздың түрлі көңіл көтеру орындарында қорқор шегіп, мәз болып отырғандары тіпті мәдениетсіздік.

Қорқордың қарапайым темекіден айырмашылығы оның иісі жұмсақ әрі жағымды. Оның себебі, қорқорға түрлі дәмдеуіштер қосылады. Сонысымен де ешқашан темекі тартпаған адамдарды да қызықтырады екен. Зерттеушілердің анықтауынша, қорқорды тартып көрген студенттердің 22 пайызы ешқашан темекі тартпаған екен. Жалпы мұндай хош иіс беріп тұратын зат әртүрлі шөптерден жасалған ұнтақ.

Ал енді қорқор қандай ауруларға себепкер? Осыған жауап іздеп көрейік. Жастар қорқорды денсаулыққа еш зияны жоқ деп есептейді. Оны біз, өзіміз қатарлас құрбы-құрдастарымыздың сөзінен аңғарып жүрміз. Бірақ, олардың мына ақпаратты білгені абзал.

2012 жылдың ақпанында  ҚР денсаулық сақтау министрлігінде «Кальян туралы шындық» атты дөңгелек үстел өткен болатын. Онда елдің бас санитарлық дәрігері  Жандарбек Бекшин, “Кальян – туберкулез, қолқа және обыр дертіне әкеп соқтырады”, - деп атап өткен. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің қорқорға қатысты экспресс-зерттеу жұмысының нәтижесінде, қорқордан ішек және көк іріңді таяқшалар, зең, ашытқыш саңырауқұлақтар, стафилококк  табылған. Халықаралық ақпараттық журналдарда жарияланған ғылыми еңбектерде аталып өткендей, қорқор суында жоғарыда аталған бактериялардан бөлек, туберкулездың кох таяқшалары, гепатит вирустары бар екендігі анықталған, - деді Ж. Бекшин.

Бас санитарлық дәрігердің атап өткеніндей, қоғамдық орындарда, мейрамханаларда, дәмханаларда қорқор дезинфекцияланбайды. Оны қоғамдық орындарда тазалықта ұстап отыру тіпті мүмкін емес. Зерттеу бойынша, көпшілік отыратын жерлерде қорқорды әрдайым залалсыздандырылмайтындығы анықталған. Сондықтан оның қауіпсіздігі бірнеше есе жоғары болып отыр.  Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, бір мәрте шеккен қорқор мың шылымға теңеседі. Сол себепті де, енді министрлік тарапынан алдағы 5 жыл ішінде қорқорға заң жүзінде тыйым салынбақ.

Осы бір түтін таратушыға әуестенушілер оны ережеге сай тарта алмауы да мүмкін. Оны тартудың да өз жолдары бар екен.  Сонымен бірге қорқорды жалғыз тартып отырған адамды көрдіңіз бе? Бізде ол біртүрлі қызық көрінеді. Кем дегенде 3-4 адам қосылған кездегі ермекке айналған. Осы тұста оның тазалық сақталуына тоқталсақ. Бірінің аузынан бірі жұлып алып, түтінді бұрқыратып отырғандарына қарап, алғаш ойға келетіні – осы. Бір адамнан өткен қорқор ертеңіне басқа үстелдегілерге қызмет көрсететіні сияқты, сізге дейін де ауыз тигендері бары айдан анық. Осы орайда, келушілердің ішінде қорқор тартқанда бір реттік мүштікті пайдаланатындары да бар, пайдаланбайтындары тағы бар. Ал ондай мүштікті қолданбау, яғни  бір мүштікті ортақтасып шегу тағы да қорқор түтікшесі арқылы адамнан адамға жұғатын гепатит, герпес, туберкулез сынды түрлі ауруларға әкеп соқтырады. Әлбетте, қорқорды тазалау, дезинфекциялау ­– даяшының міндеті. Тек оны тексеріп жатқан біреу бар ма екен?

Не дегенмен, қазіргі кезде жастар қорқордан тиетін зиянды түсінсе, болашағымызға сеніміміз арта түсер еді.  Сән сәнімен, бірақ денсаулық керек.



Бөлісу: