Қорқордан сақтаныңыз!

Қорқордан сақтаныңыз!
жеке
блог

Қазіргі таңда жастардың көңіл көтеретін орындарының барлығын жаулап алған қорқор (кальян) туралы сөз қозғамақпын. ХХІ ғасырдың жастарының бүгінгі сипаттамасы мынадай болғаны қашаннан: түнгі клубтарда көңіл көтеретін, жеңіл жүріске салынған, шылым мен шарапқа тәуелділер. Енді олар өздерін тағы бір дертке тұсап қойды. Ол бізге сонау үнді елінен келген «қорқор». Қорқор- темекі секілді табакты тартуға арналған құрал. Жастар болса, қорқорды денсаулыққа еш зияны жоқ деп есептейді. Оны біз өзіміз қатарлас құрбы-құрдастарымыздың сөзінен аңғарып жүрміз. Бірақ, олардың мынадай ақпаратты білгені абзал. Ағымдағы ақпан айының ішінде Денсаулық сақтау министрлігі қорқор адам өміріне аса қауіпті екендігін ескертті. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, бір мәрте шеккен қорқор мың шылымға теңеседі. Оның құрамындағы қоспаларының адам ағзасында қоздырмайтын ауруы жоқ десек те болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, ол темекіге қарсы зиянсыз шылым емес, керісінше, оның түтіні қатерлі ісікке, өкпе ауруының асқынуына, жүрек ауруының шалдығуына әкеледі. Бұл шылымды аптасына 3 реттен кем қолданбайтын адамдардың 90 пайызында тәуелділік пайда болады екен. Сол себепті де, енді министрлік тарапынан алдағы 5 жыл ішінде қорқорға заң жүзінде тыйым салынбақ.

«Уикипедиядағы» мәліметті сөйлетсек: «Қорқор алғаш рет үнді елінде ойлап табылып, бүкіл мұсылман елдеріне тараған. Еуропада XIX ғасырда танымал бола бастаған. Ал, қазір оның қолжетімділігі соншалық, кез-келген шығыс дүкендерінен-ақ сатып ала беруге болады. Зиянды шылым әр елде әр түрлі атауға ие. Мысалы, араб тіліндегі «шиша», «наргила» секілді сөздер өз елдерінде қолданысқа ие. Ал, «наргила» сөзі Турцияда, Грекия, Кипрде және Әзірбайжан елдерінде көптеп кездеседі. Бұл сөздің өзі персия тілінен аударғанда «кокос» деген мағынаға ие». Яғни, бұдан алғашқы кезде қорқор кокосты жаңғақтың қабықшасында даярланғандығын аңғаруға болады. «Шиша» сөзіне тоқталып өтсек, ол қорқорлы табак. Оған бір немесе екі трубка бекітіліп шегіледі. Хош иістендірілген табак судың үстінен орналастырылып, жоғарысынан көмірмен оралған фольгамен жабылады. Түтін оны салқындататын су арқылы өтіп отырады.

Аталмыш зиянды шылымды әдетте топпен жиналған жастар шегеді. Бұл тұста оның басқа адамдарға әсеріне тоқталайық. Кальянның трубкасы арқылы сілекеймен түрлі ауру таяқшалары жұғады. Атап атсақ, герпес және гепатит. Бір рет қолданылатын пластикалық резиналардың осы жерде еш көмегі болмай қалады. Сонымен қатар, қорқорды спирттік сусындармен қолдануға мүлдем болмайды. Себебі, оның салдарынан адамның жүрегі айнып, басы айналады. Қорқордың қарапайым темекіден айырмашылығы оның иісінің жұмсақ және жағымды болуы. Түнгі көңіл-көтеру орындарында оны түрлі қоспалармен бір-біріне ұқсамайтындай етіп даярлайды.

Қорқордың ең басты қолданушылары жастар болғандықтан, оларды сөзге тартқан болатынбыз. Жастардың қорқор туралы пікірлері төмендегідей болды.

Ақтолқын Тәжікова, 19 жаста: Мен, өз басым қорқор шегуге түбегейлі қарсымын. Оның денсаулыққа зиян екенін естіген жайым бар. Медициналық тұрғыдан қарасақ, ол бауырға, өкпеге, бүйрекке зиян. Өз басым тартып көрмек түгілі, ұстап та көрмегенмін. Рас өтірігін білмеймін, бірақ, никотиннің аз мөлшері бар дегенді де естігенмін. Мен бұл нәрсенің көңіл-көтеру орындарында қолданылуына қарсымын. Бірақ, жастар қауымы сән деп, басқа сол секілді желөкпе көңілмен осы нәрсеге әуес. Нақты айтар болсақ, бес саусақ бірдей емес қой, әр адамның ойлауы, талғамы түрліше. Адамның санасы дұрыс жұмыс істемесе мұндай нәрселерге әуес болмас па еді.

Али Битөре, 19 жаста: Қазір қоғамда пайдалы нәрсе саусақпен санарлықтай болып қалды ғой. «Кальянның» зияны болмаса пайдасы жоқ деп ойлаймын. Негізі осы «кальян» дегенді құрту керек. Ол темекіден екі есе зиян екенін білемін және оны біле тұра 1-2 рет пайдалынып көргенмін. Өзім түсіндіріп айта алмаймын, жәй қызығушылық болды. Қазіргі жастардың бәрі осы шылымға құмар. Олар ойынша, ол темекіден аса қатты зиян емес. Бар білгенім осы ғана.

Айшабибі Ишанова, 20 жаста: Қорқордың зияны болмаса, пайдасы туралы мүлдем естімеппін. Оның зиянды екендігін білгендіктен өзім мүлдем қолданып көрген емеспін. Білетін ақпараттарым бойынша, оның құрамында көптеген улы қоспалар бар. Мысалы, темекі жапырағы сияқты зиянды шөптер. Қорқор болашақ ана, әкелер үшін қауіпті. Тіпті оның зияны темекіден әлдеқайда көп. Әсіресе, жасөспірімдер үшін қорқорды көп пайдалану жатыр жолдарының ісігіне шалдықтырады екен.

Өздеріңіз көріп тұрғандай, жауап берушілер қорқор туралы аз да болсын білері бар. Дегенмен, бұлардан өзге қорқордың зиянынан бейхабар жастар да жоқ емес. Бұл ақпараттың жазылу себебі де сол болатын. Жастар оқып, біліп, санасына түйіп жүрсе, бұл шылымның қолданыста болмауына кемде-кем кедергіміз болса мақсатымыз орындалды деп білеміз.


Шаттық Ашықбаева