Көркем шығармадағы ұлттық таным ерекшелігі
блог
Қазақ әдебиетінің жауһары-
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы»эпопеясы
(ұлттық танымның көрініс табуы)
Қазақ әдебиетінің ең биік, ең асқақ туындысы «Абай жолында» бас кейіпкер-Абай образы арқылы барша ұлттың ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, рухы сипатталады. Шоқтығы биік шығарма бала Абайдың оқудан қайтудағы сезімдерін суреттеумен басталады. Ел арасына келген жас баланы билікке араластырайын деген әке мұраты Абайды әкеден алшақтатады. Өкінішке орай, жағымсыз кейіпкер әкесі болған шығармада баласының белестерден сүрінбей, халық қамын ойлайтын дана деңгейіне биіктегенімен, әкесінің тұлғалық құлдырау сипаты көңілді көншітпейді, қынжылтады. Сол замандағы ақсақалдар кеңесінің кеңес үкіметінің қанша жерден болыстары, шонжарлары болса да, өз күшін жоймауы халықтың салт-дәстүрге беріктігін көрсетеді. Ағартумен қатар, шығармашылықпен айналысқан бас кейіпкер өзінің романтикалық, лирикалық болмысымен оқырманды тағы да баурайды. Эпопеядағы Абай мен Тоғжан махаббаты жастар үшін ыстық сезім эталонына айналғандай. От анасы Ділдәнің көрегендігі, ақылдығы жанды сүйсінтпей қоймайды. Романдағы психологиялық шиеленістер, қарым-қатынастағы қайшылықтар (жер дауы, жесір дауы, билікке талас,т.б.) ХІХ ғасырдағы қазақтың проблемалары бұрынғыдан жалғасқанымен, жаңаша сипатын көрсете алды.
Әлем әдебиетінің жауһары -
Теодор Драйзердің Қалау трилогиясы (Трилогия желания: «Финансист», «Титан», «Стоик»).
(ұлттық танымның көрініс табуы)
Қарапайым үй жұмысшысы мен бастығының арасындағы қарым-қатынасты суреттейтін кәдуілгі американ оқиғаларынан ерек, оқ бойы озық тұратын бұл шығармада тұтас Американың ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейінгі өмірі бейнеленеді. Орта статистикалық отбасының баласының арманы – келесі сатыға көтерілу, байлықты көбейту арқылы өзін-өзі мойындату. Кір сабындарын сатудан басталатын Фрэнк Алджернон Каупервудтың өмірі талай сынаққа түседі. Халықтың салықтан жиналған қаржысын талан-таражға салды деген айыппен темір тордың арғы жағында да болып қайтады. Бірақ басты кейіпкердің мінезінің қайраттылығы, қайсарлығы оны сындыруға мүмкіндік бермей, арманына жетелей береді. Түрмеден кейін нарықта болып жатқан күйбелеңді пайдаланып, спекуляцияның арқасында қомақты қаржы жинақтайды. Туған қаласы Филадельфияда ата-анасын, бауырын, әйелі мен бала-шағасын тастап, Филадельфиялық саясаткерлердің кедергісі үлкен мақсатына Чикагода жетуге ұмтылады. Чикагоға жалғыз бармай, темір тордағы күндері жанына медеу болған Эйлин Баттермен шығады. Чикагода келеңсіздіктер доғарыла қойған жоқ. Кейінгі қиындықтарды жеңуге өзі демеушілік көрсеткен Беренис Флеминг көмектеседі. Оқиғада басты кейіпкердің жасының ұлғаюына байланысты құндылықтары да өзгереді.. Осындай элементтер арқылы жеке тұлғаның дамуы суреттеледі.
Ортақ ұқсастықтар: жалпы адамзаттық құндылықтардың көрініс табуы
Каупервуд соңғы хатында қалаға аурухана мен сурет галереясын табыстағаны және Абайдың күллі халыққа қалдырған әдеби мұрасы арқылы екі шығармада да адамзат мұраты игі ниеттерді дәріптеу болу керектігі айтылады. Бір адамның өмірі жай ғана уақыттың өтуі емес, қоғамға пайдалы тәжірибе алмасу болуы мүмкін екенін көруге болады. Ата-ана, бауырлар, жан жары мен бала-шағаның сол тұлғаның бар қиындыққа баз кешіп кетпей, төтеп бере алуындағы рөлі, маңызы зор екендігін ұмытпас керек. Қатарымен Абайдың да, Фрэнктің де қайырымдылқ жасауы үшін ауқатты болғанын біле отыра, шын өмірде жақсылық жасауға рухани шабыттан бөлек материалдық мүмкіндік керек пе деген ойға қалуға болады. Фрэнк қарапайым тұратын жанұяда өзін-өзі ұстау әдебі мүмкіндігінше дамытылғанымен, элита саналатын монополист, империалисттердің қатарындағы өмір мүлдем өзге екенін аңғарады. Көршілердің, әсіресе орыстардың, білімде, ғылымда, техникада ілгерілеуін көріп келген Абай елдің көзін ашуға ұмтылады. Бұл арқылы тәжірибе алмасу, білімге ұмтылу тұлғаның жан-жақты дамуында үлкен үлес қосатынын көруге болады. Сол кезеңдегі американ және қазақ байларының параға, қарапайым халықтың тұрмысына бейқамдығы секілді мәселенің бар болуы халық санасында прогресске ұмтылдырушы фактор екенін анық көрсетеді.