Біздің қоғамда кітап оқитын бала бар ма? Көптеген кітапханалар қаңырап, бос тұр. Балалар басылымына, балалар әдебиетіне басын имейтін ұрпақ өсіп келеді. Күйінетін жағдай. Қазіргі оқушылардың – тілі шорқақ, сөз байлығы аз, сөйлеу мәдениеті төмен, ойы шашыраңқы, тіл тазалағы аралас болып барады. Неге? Себебі,кітап оқымайды. Көретіндері – шетелдің ұсқынсыз мультфильмдері мен киносы. Білетіндері – компьютер, ұялы телефон. Өкінішті.
Жеке адамның күйреуі деген не? Рухани кедейлену. Кітап оқып, баспасөз беттеріне көз жүгіртпеген баладан не қайыр, не үміт? Жаңа технология дәуірінің дамуы өскелең ұрпақтың рухани кедейленуінің тоқтаусыз процесі. Рухани қайыршылыққа ұшырап, қайшылықтардың түнегінде қаңғырып қалған жасөспірімнің бұлыңғыр болашағынан не күтеміз? Біздің кітап оқы деп тырбалған әрекетіміз күннен - күнге күлкілі. Бұл әрекет біз үшін әрқашан аянышты. Кітап оқымайтын қаһармандар барған сайын ұсақталып, психикалық жағынан барған сайын құнсызданып барады. Осы жағдайды сезініп, аһ ұрып жанталасатын, өзінің рухани кедейлігінен өзі ұялып, қызаратын, сөздік қорының жыртық-жамауын жасыратын, таудан тасқа ұрынып, қайыршылықтан құтылудың жолын іздейтін ұрпақ өсер ме екен?! Алдағы күндерде кітапхана ішінде ине шаншырға орын жоқ болып, оқырман залдарында ығы - жығы жасөспірімдер жүріп, кітап сөрелеріндегі шаң басқан кітаптар қолға алынып, сарғайған беттері парақталып, оқырманымен қауышып, рухани дос болатын күн келер ме?!
Көркем әдебиеттің тәрбиелік мәні дегеніміз не? Бұл турасында Қарағанды қаласындағы №10 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Д.С.Жұмажанова: «Әдебиеттің ең басты қызметі – тәрбиелік қызмет. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор, талапты, еңбекқор, білімді тағы басқа адами құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақтың әдеби шығармадан алары мол. Ол жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді. Жақсы қасиеттерді біртіндеп оқушы бойына сіңіре береді. Ұлтымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – әдеби шығарма. Сыныпта талданған шығарма арқылы оқушының аталмыш құндылықтар төңірегіндегі білім қоры молайып, өз ұлтын тани түседі. Ал, ауыз әдебиетінде қамтылатын қазақ халқының салт-дәстүрлері бастауыш сынып оқушыларын әдепке тәрбиелейді».
Баланың болашағы үшін балалық шақтың мәні зор. Себебі, оның негізгі қасиеттері осы кезеңде қалыптасады. Олай болса, қазіргі уақытта бастауыш сыныпта берілетін білімнің тәрбиелік жағы басты назарда болуға тиіс. Өйткені, тәрбиесіз берілген білім – білімнің қас жауы. Жалпы, оқушы бойынан табылуға тиісті ұлттық қасиеттер:
✓ адамгершілік;
✓ ізгіліктің;
✓ қонақжайлық;
✓ сыйласымдылық;
✓ кішіпейілділік:
✓ кеңпейілділік;
✓ сөзге шешендік;
✓ жанашырлық;
✓ қайырымдылық;
✓ кешірімділік т.б.
Еліміз егемендігін алғаннан бері ұлттық тәрбиенің тағлымдарына деген қызығушылық молайып келеді. Себебі, ұлттық тәрбие – ұлттығымыздың қалыптасуы үшін нағыз қажетті алғышарт.
Ұлттық тәрбие – бүгінгі күннің қажеттілігі. Оның қайнар көзі қазақтың бай ауыз әдебиетінде, идеялық мәні жоғары шығармаларда жатыр.
Бастауышта бағдарлама негізінде ауыз әдебиетінің жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мақал-мәтел, ертегі, аңыз, тұрмыс-салт жырлары тәрізді негізгі түрлері қамтылады. Әр сыныпта жүйелі өтілетіні – мақал-мәтелдер. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Осы себепті де оқушы бойына жастайынан адами қасиеттерді сіңіріп өсіруде мақал-мәтелдер үлкен қызмет атқарады. Кісіліктің өзі, ең алдымен, дұрыс, мәдениетті сөйлеуден басталады. Бастауыш сынып оқушыларында, әдетте, байыбына барып мән бермей бірдеңені айта салу жиі кездеседі. Сөйтіп, кейде сыныптасын ренжітіп, көңілін қалдырып жатады. Осындайда «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Жақсы сөз жан семіртеді», «Тіл тас жарады; тас жармаса, бас жарады» тәрізді мақалдардың мәнін түсіндіру, өмірден мысалдар келтіру арқылы сөз өнері, сөздің күші, қасиеті, сөздің адамға әсері туралы оқушыға түсінік берудің, пікірлесудің артықтығы болмайды. Оқушының шыдамдылық қасиетін ұштап, байыпты, салмақты, сабырлы болуға тәрбиелеуде «Сабыр түбі – сары алтын», «Үндемеген үйдей пәледен құтылады», «Сыпайлық жоқ жерде, сыйласу да жоқ» деп келетін мақалдардың қажеттілігі сезіледі», – деген екен. Задында, әдебиет дегеніміздің өзі – арабтың «асыл сөз» деген мағынасын білдіретін ұғым. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы көркем әдебиетті «асыл сөз» деп таныды, өзінің 1926 жылы жазылған «Әдебиет танытқыш» атты теориялық еңбегінде. Бұл еңбек – қазақ әдебиеттану ғылымы туралы жазылған №1 еңбек. Енді осы сөзді ескерер болсақ, көркем әдебиеттің тәрбиелік мәні – асыл сөздің өзегінде жатыр емес пе!