Көрiсу -14 наурыз.
блог
Атырауда бұл күнi көпшiлiк бiр-бiрiн «бiр жасыңмен» деп құттықтап, көрiсуге асығады. Бұл – Қазақстанның тек Батыс өңiрiнде жайылған дәстүр. Өкiнiшке қарай, 1929 жылы кеңес өкiметi осы бiр ұлық мерекенi тойлауға үзiлдi-кесiлдi тыйым салды. Ол кезде бiздер екi жасар баламыз. Бiрақ, кейiн есейе келе, қарттардан естуiмiзше, Наурыздың қазiргiден басқаша тойланатынын бiлдiк. Ауыл адамдары сол күнi бар шаруасын жиып қойып, алты қырдың астында отырған көршiлерiне, ағайын-туыстарына қыдырып барып, әрбiр бас сұққан үйлерiн ән мен жырға бөлейтiн болған. Қазанға Наурыз үшiн арнайы сақталған жылқының сүр етi салынып, жетi тағамнан тұратын наурызкөже пiсiрiледi. «Негiзгi мақсат iшiп-жеп қайту емес, ұлыстың ұлы күнiнде рухани демалу едi» дейтiн қариялар. Тағы бiр ерекшелiгi, ол кезде адамдар төс түйiстiрiп көрiседi екен. Ер ермен, әйел әйелмен. Бұл да мұсылмандық этиканың белгi. Кейiн көптеген осындай құндылықтар Наурызбен бiрге алыстап кеттi. Қазақстанның Батыс облыстарында Наурыз мейрамынан сегiз күн бұрын басталатын «көрiсу» дейтiн дәстүр пайда болды. Содан берi 14 наурыз күнi олар мiндеттi түрде үй жағалап көрiседi. Тiптi, көрiсу үшiн басқа елдiмекендерде тұратын жасы үлкен туыстарына да арнайы барып қайтады. Бұл дәстүрдiң пайда болу себебiн кезiнде қариялар былай түсiндiретiн. Қазақстанның Батыс өлкесi отарлау саясатынан көбiрек зардап шектi ғой. Кеңес өкiметiнiң сан түрлi қитұрқысынан үрейленiп қалған халық оны бiлдiртпей тойлау үшiн «көрiсудi» ойлап тапса керек. Егер өкiмет өкiлдерi бiрдеңе десе «Бұл наурыз емес, наурыз 22-iсiнде ғой» деп құтылады екен. Мiне, өкiметтен қорыққан халық осылай iстеуге де мәжбүр болған. Сөйтiп, Батыс өлкесi, соның iшiнде әсiресе, атыраулықтар наурызды әлi күнге дейiн 14 наурыздан бастап тойлайды.
Әрине, 22 наурыз – күн мен түннiң теңесетiн шағы. Нағыз табиғаттың өз жаңа жылы. Сондықтан бұл күннiң мереке болуы заңды. Ал ендi атыраулықтар наурызды бастап кететiн 14 наурызда да, менiңше, үлкен мән жатыр. Өйткенi 14-i әр айдың жаңасы басталар күн. Ұлық мерекенiң атын иеленiп отырған ай 14 наурыздан басталады. Көктемнiң алғашқы күнi де 1 наурыз емес, 14 наурыз. Ай жаңасы туған сәт. Бiр жағынан осы себептен бiздер, атыраулықтар осы күнi жаппай бiр-бiрiмiзбен көрiсемiз. Яғни, мiндеттi түрде қол алысып, төс түйiстiрiп, бiр-бiрiмiзге «жасың құтты болсын!» деген тiлек айтамыз. Бұл дәстүрдiң жаңағы айтқан екi себебi де дұрыс болуы мүмкiн. Қалай десек те, бiзде сондай жақсы дәстүр бар.