Корейше сұлулық

Корейше сұлулық
жеке
блог

Технологияның дамуымен пластикалық хирургияның бағасы әлем бойынша арзандап, тиімді әрі қауіпсіз болып келеді.

Бірақ Оңтүстік Кореяда бұл тіптен әуесқойлыққа айналып бара жатқанын айтып, мамандар дабыл қағуда. 2009 жылдың зерттеулері бойынша Сеулдегі әр бес әйелдің біреуі пластикалық ота жасатқан екен. Одан бері бұл көрсеткіш өскені анық.

Кореяда барлық әйелдердің арманы: ашық түсті тері, кішкентай мұрын, бадырақ көздер мен V-образды иек.

Басқа елдерге қарағанда, Кореяда сол идеалды бейнеге жету үшін пышаққа түсуге әрбір бесінші әйел даяр.

Тіпті Корея Ару-2012 атағын алған Ю Ми де пластикалық отаға жүгінгенін айтқан. Бұдан кейін оның сұлулық байқауындағы жеңісін әділетсіз дегендер де болды, алайда Ю Ми: «Мен туа бітті сұлумын деп айтқан емеспін» деп өзін қорғап қалды.

Пластикалық ота жайлы адамдар жайбарақат әңгімелесе алады екен. Мысалы, бір адам келіп: “мұрыныңызды қай жерде жасаттыңыз” - деп сұраса бұл әдепсіздікке жатпайды. Бұл “мына әдемі сөмкені қайдан алдыңыз” - деген сұрақпен пара-пар.

Қыздар бет-әлпетінің қай жеріне өзгеріс жасатқандарын ұялмай айта береді.

Көптеген қыздардың идеалы болып актриса Ким Тхе Хи саналады. Және өзгеріс енгізгенде де сол актрисаның бет-әлпетіне ұқсатып салып берулерін сұрайды екен.

Кореяда осыған байланысты «Кіруге рұқсат етіңіз» деген реалити-шоу да бар. Қатысушылар операцияға дейінгі және кейінгі өмірлері жайлы сыр шертеді. Және көбі операцияға дейінгі өмірлеріне разы емес екендерін айтады.

Көбіне отаны мұрынға және қабаққа жасатады. Бұл операциялар ең оңайы, тіпті «негізгісі» десе болады.

Корейліктер мұнымен батыстық стандарттарға еліктейтінін көрсетеді, бірақ әлі мойындамай келеді.

Кейінгі кезде пластикаға мектеп оқушылары да жиі жүгінетін болған. Олардың ойларынша, операцияны неғұрлым ерте жасатсаң, соғұрлым ол табиғи көрінетін болады. Бес жылдан кейін тіпті түр әлпеті өзгеріп шықпақ.

Кейбір ата-аналар балаларының бұл ісін құптайды да. «Елдің баласы барған сайын сұлуланып жатса, біздің баламыз сұрықсыз болып қалмақ па?» дейтін көрінеді. Тіпті кейбірі баласының мектеп бітіруіне орай пластикалық ота жасатуға сыйлық ұсынады екен.

БАҚ-та Корея Ару-2013 байқауына қатысушы қыздардың көбі егіз сияқты деген әжуа материалдар жарық көрген. Көбі бұл мінсіз сұлулыққа отаның арқасында жеткені жасырын емес.

Қазіргі таңда жоғарғы және астыңғы жақ сүйектерін түзету отасы кең етек жаюда. Бұрынырақта бұған үлкен дефектілерді жөндеу үшін ғана жүгінетін болса, қазірде бет-әлпеттің сұлу болуына барынша қолдануда.

Әрине, пластикалық хирургия үлкен тәуекелділікті қажет етеді. Сәтсіз жасалған жағдайларда беттің жансыздануы немесе тіпті сал болып қалу қаупі бар. Бірақ көп қыздар бұл тәуекелді сұлулық жолында құрбандық деп түсінеді.

Кореяда адамның табысты болуы оның ең алдымен түріне байланысты дегенге сенеді. Әдемі қыздың сәтті тұрмысқа шығуына, жақсы жұмысқа орналасуына, айналасында сыйлы болуына мүмкіндігі көп.

Бұл еркектерге де қатысты. Пластикалық ота жасайтын орталықтардың айтуы бойынша, тартымды келбет, жеке өмірде де, жұмыста да табысқа жетуге кепілдік бола алады.

Корея пластикалық ота жасатудың Отаны десе де болады. Корейлік дәрігерлер жақсы білім алған және хирургиядағы соңғы технологияларды жетік меңгерген. Кейбір дәрігерлер мамандандырылған білімдерін ауыстырып, пластикалық хирургияға кеткенді жөн көреді екен.

Қаптаған биллбордтар фантастикалық нәтижеге кепілдік беретін жарнамаларға толы.

Пластикалық ұсыныстар нарығы дамуымен ота жасатуға бағалар да қол жетімді болып келеді. Мысалы, АҚШ-та жасалатын отаның бағасы 10000$ болса, Кореяда 2000-3000$-ға жасатуға болады.

Суреттер: http://mixstuff.ru