«Біз әлемдегі әрбір адамның жылына екі немесе үш корей фильмін көргенін, айына бір немесе екі рет корей тағамын жегенін, аптасына бір немесе екі корей телехикаясын тамашалап, күніне бір немесе екі к-поп әндерін тыңдағанын қалаймыз».
Джей Ли, CJ Group төрағасы
1990 жылдары осындай ұстаныммен басталған корей толқыны қазіргі таңда интернет жүйесін тұтынатын әлемнің түпкір-түпкіріне танымал. К-поп әндері көбінесе жас жеткіншектер арасында әйгілі болғанымен, корей телехикаяларын жастардан бастап зейнетақы жасындағы үлкен кісілерге дейін көруде. Сол телехикаяларды көру арқылы шетелдіктер Кореяның электроника-техникасы, косметикасы, киімі, тағамы және т.с.с. түрлі өнімдерімен танысып, соларды күнделікті өмірде тұтынып жатқаны да аз емес.
1990 жылдары алғаш рет Қытайға танылған корей толқынының әлемге таралуына мәдениет және өнер саласындағы жекеменшік мекемелер ғана емес үкімет тарапы да үлкен үлес қосты. Сол кездері үлкен конгломерат-компаниялар мен мемлекеттік мекемелер мәдениет пен өнер арқылы ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге болатындығын түсініп, дер кезінде үлкен қолдау көрсетті. Соның арқасында Корея әлем алдында өзінің жағымды әрі тартымды имиджін қалыптастырып, экспорт пен импорт көлемін еселеп ұлғайтты.
Бұл жайлы CJ Group (1995 жылы Самсунг компаниясынан бөлініп шыққан үлкен конгломерат-компаниялардың бірі) компаниясының бас төрағасы: «Корея – Азияның және өз уақыты келгенде бүкіл әлемнің мәдени астанасы бола алатындығына сенемін. Сол себепті CJ компаниясы өткен он жыл аралығында кірістің аз болғанына қарамастан үздіксіз өнер саласына инвестиция жасап келді», - деп айтқан болатын. Ал мемлекеттік мекемелер өз тарапынан корей компанияларына шетелдегі телеарнада ұсынатын жарнама орындарын сатып алуды, Корея консулдығына телехикаяларды сол елдің тіліне аударып дубляждауды тапсырып, шетелдегі телеарналарға корей телехикаяларын көрсетуді ұсынған болатын.
Сөйтіп уақыт өте келе «Жаңа мәдениет құру» деген сөз бүкіл халықтық ұранға айналды. Көп уақыт өтпей Халлю (корей толқыны) батыс елдеріне тарап та үлгерді. Әрине, ол үшін Корея көптеген жобалар мен инвестициялар жасап, өзінің сыртқы имиджін көтерумен айналысты. Өйткені сыртқы имиджі көтеру ел нарығының басым бөлігі экспорт болатын Кореяның капиталы үшін өте маңызды болды. Соның арқасында Корея өзінің экспорт саласын ғана жақсартып қоймай, туризм, медицина сияқты импорт салаларының да белсенділігін арттырды.
Алайда имидж жасауда тек компания немесе мемлекеттік ұйымдар тарапы ғана емес, әнші-әртістердің жанкүйерлерге деген қарым-қатынасы да үлкен рөл атқарды. Кореяның әнші-әртістері өздерінің мәдени іс-шаралары болған күні сол іс-шарадан кейін жиын-кеш, яғни афтепати жасауға кетпей, әлеуметтік желі арқылы өздерінің жанкүйерлерімен тілдесіп, жылы лебіздерін білдіріп отырады. Оған қоса, к-поп – корей әртістері үшін тек өздерінің ішкі сезімін, жан дүниесін таныту ғана емес, сол әртісті қоршаған қоғамға ортақ, әсіресе жастардың көңіл-күйі мен уайымын шырқап, оларға қиындықтарды жеңуге күш-қуат беріп, құлшынысын ояту болып табылады. Яғни көпшіліктің көңілін ойлауды, көпшілікпен қиындықты бірге жеңуді негізгі тақырып ретінде таңдауы – к-поп әртістері үшін әлемдік деңгейдегі құрмет пен қызығушылықты арттыруда қолданылған тиімді стратегиялардың бірі болды десек те болады.
Жалпы, Кореяның сыртқы мәдени саясаты бүгін таңда үлкен нәтижеге жетті. Алайда корей халқы өте еңбекқор халық, сондықтан олардың мақсаты әрдайым алға жүру, даму болып қалмақ. Ал өзімізге келсек, бізге Кореяның мәдени саясатынан үлгі алуға тұрарлық тұстары көп. Ең бастысы, Кореяда үкімет әнші-әртістер мен мәдениет және өнер саласындағы барлық ұйымдар мен тұлғаларға шығармашылық еркіндік беру арқылы құрмет пен тапжылмай инвестициялау арқылы ел мәдениетінің әлемдік деңгейде дамуына ықпал ететінін атап өту керек. Өйткені бүкіл халықтық және әлемдік деңгейдегі мәдени жаңғыру тек шығармашылық еркіндік пен стратегиялық қолдау болған кезде ғана жүзеге асады. Сол себепті Қазақстанда үкімет тарапы мен компаниялар тарапы өнер саласына еркіндік бере отырып, инвестиция жасайтын болса, ұтылыстан гөрі ұтатын тұстары көп. Үкімет те, халық та бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара біліммен, тәжірибемен алмасу арқылы мәдени даму жобамыз сәтті іске асса халқымыз өркениетті ғана болып қоймай, еліміздің қазынасы да байитын болады.
Бұл ақпарат 2023 жылғы Кореяның қаржы қоры (Korea Financial Industry Foundation) мен Нэйль газетінің қолдауымен ұйымдастырылған G50 K-Academy жоба аясындағы сабақтан алынған білімге негізделіп жазылды. Бұл жобаға әлемнің 50 елінен келген 50 студент қатысып, Кореяның тарихы мен мәдениеті, экономикасы мен дамуы туралы білім алып, сол алған білімін өз еліне танытады. Корея Республикасының өркениеті мен мәдениетін жаһандандыру мақсатында ұйымдастырылған бұл жоба да үлгі ретінде мән беруге тұрарлық жобалардың бірі деуге болады.
* Суреттер 2023 жылдың қараша айының он алтысында өткен сабақтан алынды.