Корея жайлы көбірек білгіңіз келсе...

Корея жайлы көбірек білгіңіз келсе...
жеке
блог

Ежелгі қытай деректерінде Корея «жібек матаға тігілген айдынды өзен-көлдер мен асқар таулар мекені» немесе «этикетті қатаң сақтайтын шығыс ұлты» деп сипатталады. VII ғ.- VIII ғ. -да «Жібек жолы» арқылы Корея араб әлемімен байланыс жасады. 845 ж. араб саудагерлері өз кезегінде Корея туралы: «Қытайдан қыр ассаңыз, Силла деген мемлекетке тап боласыз. Силланың табиғаты көз тартардай сұлу» деген екен. Содан да болар Кореяға сапар шегу әркімнің-ақ арманы. Ал жүйрік көңілімізбен саяхат жасасақ, ол жайлы ең алдымен не білуіміз керек?

Корея атауының түп-тамыры

Таяу Шығыс саудагерлері Кореяны «Cauli» (қытай тілінде) деп атаған. Бұл атау бертін келе  Корея мемлекетінің (Оңтүстік, Солтүстік) атына айналған кәріс тіліндегі «Corea» және «Korea» атауларына негіз болған деседі. Екінші ақпарат көздерінде әлемдік аренада қолданылып жүрген ағылшын тіліндегі Корея сөзі  ежелгі Корё периодының эксонимі делінеді.

Корея – бұл кезінде біртұтас болған, қазіргі таңда Солтүстік және Оңтүстік Корея болып бөлінетін Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан географиялық аймақ немесе өркениет.

Кәріс ұлтының ата-тегі

         Оңтүстік Корея (Корея республикасы) мемлекетінің  48 миллион тұрғыны болуына қарамастан   халқының тегі жағынан саны 300 ғана. Тегі бірдей, бір «пон»-ға (географиялық аймаққа) жататын кез келген кәріс ұлтының өкілі бағзыдан келе жатқан кландық топтың мүшесі болып табылады. Тегі бір екі кәрістің әр түрлі «пон»-ды иеленуі олардың әр түрлі кланға жатқызылуына себепші болады. Мысалы Кимхэден шыққан Ким, Кёнчжудан шыққан Ким, Квансаннан шыққан Ким, Кимнённан шыққан Ким, Андоннан шыққан Ким кландары сияқты Ким тегін иемденетін бас аяғы 285 клан, Ли тегін иемденетін 241 клан, Пак тегін иемденетін 128 клан бар екен. Бір кландағы, атап айтқанда тегі, шыққан поны бір кәрістер туысқан болып есептелгендіктен 1995 жылға дейін оларға өзара некелесуге мемлекет тарапынан ресми түрде тиым салынған еді.

Кәріс тілі

Оңтүстік, Солтүстік Кореяның, Манчжурияның қытай облысындағы Янбиан автономиясының да ресми тілі - кәріс тілі. Дүниежүзі бойынша кәріс тілінде сөйлейтіндердің саны 100 млн.-нан асса, оның 60 миллионы үшін кәріс тілі ана тілі.  Лексикалық түрде кәріс тілі дамудың үш кезеңін (ежелгі кәріс лексикасы, қытай лексикасы және өзге тілден енген кірме сөздер) бастан өткізді. Қытай тіліндегі сөздердің кәріс тіліне сіңіп кетуін кәріс мәдениетінің ұзақ уақыт бойы қытай мәдениетіне қарап бой түзегендігімен  түсіндіруге болады.

Хат жеке өнер саласы ретінде Кореяда Үш Мемлекет дәуірі (Когуре, Пэкче, Силла) кезінде қалыптасты. Ауызекі тілде кәрісше сөйлегенмен, жазу барысында олар қытай иероглифтарын қолданды. Кәріс жазбаша өнерінің негізін 1443 ж. қалап кеткен ван Сечжон болатын. Оның еңбегі «Хунминчжон» - «дұрыс дыбыс жайлы халыққа үндеу» деп аталынды. Ван Сечжонның арқасында кәріс тілі жазбаша түрде енді қытай иероглифтарымен емес кәріс қаріптерімен жазыла бастады. 

Діни ұстанымдары

Оңтүстік Кореяның ұстанатын негізгі діні  дәстүрлі буддизм мен  христиандық ілім. Аталмыш екі діни ілімге де Чосон династиясында 500 жыл бойы ресми идеология құралы болған конфуциялық ілім мен қарапайым халықтың наным-сеніміне айналған шаманизм қатты әсер етті.

Буддизм Корея жеріне 372 ж. шамасында келген діни ілім. Бертін келе аталмыш ілім дами түсіп, аяғында Когуре патшалығының ресми діні аталынды. Алайда Когуре патшалығында даосизм ілімінің кең етек жаюы буддизм ықпалын тежей түсті. Ал Коре династиясында керісінше мемлекет билеушісінің қолдауының арқасында буддизм аман қалып, дамуын еш тоқтатқан жоқ. Атап айтқанда, діни рәсімдер, мейрамдар өткізіліп, арнайы құрбандықтар шалынды. Коре династиясының соңғы кезеңінде антибуддистік қозғалыс пайда бола бастады. Сөйтіп буддизм ілімінің құқықтары шектеліп, будда монахтары қыспаққа алынды.

Конфуциялық ілім Корея жеріне алғаш Қытайдан келген болатын. Чосон әулеті кезінде аталмыш ілім одан сайын өркендеп, дами түсті. Оған конфуциялық ілімді үйрететін мектеп-академиялардың көптеп салынуы дәлел. Соның нәтижесінде білім-ілімге деген құштарлық арта түсіп, халықтың сауаттылығы жоғарылады. 16 ғасыр бас кезінде этикет конфуциялық ілімнің ажырамас бөлігі ретінде қалыптасты. Конфуциялық ілімнің басты элементі адамның ішкі тебіренісі мен бөленген шынайы сезімі. Аталмыш ілімнің әлі күнге дейін заманауи Кореяда сақталуын Чонмё Чере (хан әулетінің құрметіне жасалатын) мен Сокчжон Дэчже (Конфуций мен оның ізін жалғастырушы шәкірттердің құрметіне жасалатын) рәсімдерінен анық көреміз.

Бүгінгі Кореяда 40 мыңнан астам шаман ресми түрде тіркелген. Соңғы 10 жылда шамандар санының өспегендігі олардың ресми тіркеуден қашқалақтауынан деп түсіндіруге болады. Профессор Хван Рушидің (Квандонг университеті) айтуы бойынша кәріс шамандарының нақты саны 100 мыңнан астам. Алайда кәріс шаманизмі буддизм, конфуциялық пен христиандық ілімдермен (простестантизм мен католицизм) салыстырғанда діни ілім дәрежесіне ие емес. Діни ілім негізінен үш фактордан (священник-пірәдар, рәсім-ритуал мен қауымдастық),  құралатын болса, шаманизмді діни ілім дәрежесіне сенімді түрде жатқызуға болады. Себебі  шаман (дұрысы шаманка)- пірәдар, кут-ритуал болса, шаманизм іліміне сенетіндердің барлығы қауымдастық болып табылады.

Оңтүстік Корея үкіметінің 2003 жылы ұсынған статистика мәліметіне сәйкес мемлекет тұрғындарының 46 %-ы белгілі бір дінді ұстанбайды. 29,3 %-ы христиандар (18,3 % —протестанттар , 10,9 % —католиктер) болса, 22,8 %-ы буддистер мен 2,5 %-ы өзге дінді ұстанушылар. Айта кететін жай, Оңтүстік Кореяда  40 мыңнан астам мұсылман қауымы өмір сүреді.

Кореяның Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) азаматтарының көбі атеистер. ҚХДР-да шіркеу мемлекеттен жеке дара өмір сүреді. Бүгінгі күні КХДР-да екі протестанттық, бір католиктік және бір православиялық  храм халыққа қызмет етеді. Христиандықтардың мұң-мұқтажына Кәрістік христиандық ассоциациясы көңіл аударып отырса, православиялық ілімдегілердің қажеттіліктерін КХДР-ның Православиялық комитеті өтеуге ынталы.

Мейрамдары

Кәрістер еңбекқор халық, алайда екі күнтізбе қолданатындықтан елде тойланатын мейрамдар жеткілікті. Дегенмен олардың ішінде ерекше атап өтуге лайықтысы Соль (немесе Жаңа Жыл) мейрамы. Соль деп бірінші айдың  алғашқы күнін айтамыз. Демек кәрістер Жаңа жылды бір рет емес, екі рет (ресми Жаңа жыл- қаңтардың 1-і мен 2-сі және ай күнтізбесіне сәйкес қаңтар айының аяғында немесе ақпанның бас кезінде келетін дәстүрлі Жаңа жыл) қарсы алады. Жаңа жылды кәрістер отбасы мүшелері мен жақындарының қасында, бір-біріне игі тілекпен сыйлықтар сыйлай отырып күтеді.

Дәстүр бойынша балалар ханбок (түрлі-түсті жібек маталы киім) дәстүрлі киімін киіп, үлкендер, ата-анасының алдында (себэ) барлық отбасы мүшелеріне бақыт (пок) тілей отырып, тағзым жасайды. Үлкендер балаларға аз-маз ақша беріп, өз ақыл-кеңестерін айтады.

Оңтүстік Кореядағы тағы бір басты мейрам ханави болып саналады. Ханави дегеніміз тылсым күш иелеріне жинаған мол астық үшін көрсетілетін құрмет. Ханави мейрамында арнайы рәсім жасау арқылы ата-баба аруақтарына деген құрмет көрсетіліп, астықта жиналған азық-түлік өнімдері  дастарханға қойылады.

Сонымен қатар кәрістер атап өтетін туған күндердің арасынан «толь» (нәрестенің бір жасқа толуына байланысты) мен «хвегап»-ты (60 жасқа толғанда тойланатын мерейтой) атап өткен жөн.

                «Хвегап»- бұл тек туған күн тойы ғана емес, конфуциялық ілімге сәйкес баланың ата-анасына деген құрметін (хё) паш ететін салт-дәстүр.

Ұлттық тағамдары

Кәріс асүйі кәрістердің дәстүрлі азық-түлігі мен тамақ жасау әдісіне негізделген. Кәріс асүйі әлемге кимчи тағамымен белгілі. Кимчи дегеніміз ұнтақтағы не тұтас чили бұрышы пайдаланылатын, көкеністермен көмкерілетін ерекше тағам түрі. Кәрістер дастарханда пульгоги, самгёпсаль, кальбиді көрсе, тәбеттерінің бірден ашылатындығы шындық. Кәріс дәстүрлі мейрамханаларында дастарханның ортасына ет, ал айналысына гарнирдің түр түрі қойылады. Гарнир ретінде кәрістер банчхан, пибимбап, нэнмён тағамдарын сүйсініп жейді. 

Ит етін жеу кәріс асүйі мен медицинасының ажырамас бөлігі іспетті. Ит етінен жасалатын тағамдардың бірі «посинтанъ». «Кэджу», кей жерлерде «кэсоджу» деп аталатын емдік экстракт  та үлкен сұранысқа ие.

Кореяда сыраның, шарап пен ликёрдың жүздеген түрі бар. Солардың ішінде  танымал ащы сулары «соджу» деп аталады.

Қазақстандағы кәрістер

Тағдыр тәлкегімен Қазақстанға мәжбүрлеп жер аударылған кәріс ұлты қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстан Республикасында барша ұлт пен ұлыс өкілдерімен бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде. Өздерін «Коре Сарам» деп атайтын Қазақстандық кәрістер республикада тұратын диаспора өкілдерінің саны бойынша украндықтар, татарлар, немістер мен өзбектерді баса озып, үшінші орынға тұрақтаған. 

Кәріс ұлтының ерекше қанға сіңген қасиеті - ортаға бейімделгіштігі мен жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуі. Ортаазиаттық пен орыс мәдениет ықпалымен кәрістер сауда-саттыққа бел шеше кірісіп, онда да толағай жетістікке жете білді. Кәрістердің космополиттілігіне өмірден көзімізбен көріп жүрген кәріс-орыс, кәріс-қазақ, тіпті кәріс-курд отбасылары бұлжытпас дәлел.

Кореяға қатысты қызық мәліметтер топтамасы:

 - Корё династиясын Чхо Юн-ю билеген кезде, атап айтқанда 1234 жылы әлемдегі алғашқы баспа станогы ойлап табылды.

- 2000 жыл бұрын Корея жеріне буддизммен бірге Қытайдан шай келді. Ескі наным сенім бойынша шайдың аңқыған иісі жеті қабат аспандағы құдайларға да жетеді екен.

-Кәріс музыкасының ерекшелігі оның орындалу мәнері. Себебі орындалу барысында композициялар арасында құбылту әдісі (импровицазия) қолданылса да, еш үзіліс жасалынбайды. 8 сағатқа созылатын Пансори көрінісінің басынан бастап аяғына дейін бір орындаушы орындап шығады.