«Кішкентай кезімізде үйге қонақ келсе болды, бар өнерімізді көрсетіп, сахна деп қабырғаға ілінген кілемнің алдына барып ән айтатынбыз. Кейін үлкен кісілер де «әу» демейтін қазақ жоқ деп, өздері «Қайықпен» «Арыстың жағасына» барып, «Көк өрігін» алып, «Еділдің ар жақ, бер жағын» шарлап қайтатын. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып жатыр. Қонақ келгенде кілемге тұрмасақ та, сахнада халықты әнмен тербеп жүрміз» дейді, блогиаданың «Ән» тапсырмасына кейіпкер болатын «бриллиант дауыстың» иесі – Асанбай Акментаев. Бойында дарыны бар жігіттің атағы жер жармаса да, өз ортасына сыйлы, құрметі бар, ЕҰУ-дің ІІІ курс студентімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.
- Балалық шағыңыз қайда өтті?
- Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарағаш ауданы, Қызылжар елді мекенінде туылдым. 2000-2006 жылдары Қызылжар ауылында Жамбыл орта мектебінде, 2006 жылы Шымкенттегі қазақ-түрік лицейіне түсіп, 2011 жылы бітірдім.
- Бала кезіңізден ән айтқанды жақсы көрген екенсіз. Түрлі сайысқа да қатысыпсыз. Есіңізде ерекше қалған сәтті айтып берсеңіз.
- Мектепте оқып жүргенімде «Әнші балапан», «Қоңыраулы қошақан» сынды балаларға арналған аудандық, облыстық ән байқауларға қатыстым. «Әнші болғым келеді» деген телевизиялық жобада Бақытжан Мұстапаевпен бірге ән айтып, «Көрермен көзайымы» номинациясына иеленгенім есімнен ешқашан шықпас. Өнерге деген алғашқы қадамымды мектеп жасында бастаған екенмін.
- Ән айтумен шектелмей композиторлық қабілетіңіз де бар екен. Қанда болған қасиет пе, әлде, жүре келе пайда болған дарын ба?
- Атам, әкемнің ағасы, домбырамен ән шырқаған кезде ұйып тыңдап отырады екенмін. Кейін өсе келе сол кісіге еліктеп, әндетіп жүрдім. Сондықтан, қанмен келген қасиет деп ойлаймын.
- Түрлі сайысқа қатыстым деп отырсыз. Бойыңызда осындай дарынның барын қай кезде білдіңіз?
- Түйгенім: адам сахнаны емес, сахна адамды таңдайды. Бойдағы дарынды бәлен уақытта сезе қойдым деп айту қиын, тек сахнаға шығып, халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген кезде «менен әнші шығады екен ғой» деген ой келді. Алланың берген дарынын есейгенде, өлеңсіз жүре алмайтынымды түсінгенде сездім.
- Өнердегі қамқоршыңыз кім?
- Жарылқасын Дәулет ағамызға көп рахмет. Менің өнердегі, өмірдегі ақылшым, қамқоршым.
- Бір әнге қанша уақыт және қаражат кетеді?
- Бір әннің бағасы орта есеппен 1000-2000$, бір аптада дайын болады. Ән жаздыру аса қиын емес, қалтаң көтерсе кез-келген әнді жақсартып шығуыңа болады.
- Өзіңіз төйлесіз бе?
- Иә.
- Қайда жаздырасыз?
- Екі әнімді бірнеше хит әндерді әрлеуші алматылық Боранбаев Қуаныш ағаға жаздырдым.
- Әнді нота бойынша қағазға түсіріп шығарасыз ба, әлде тек аспап көмегімен бе?
- Нота танымаймын, мүлдем. Домбыра тарта аламын, бірақ әндерімді гитара арқылы жазып жүрмын.
-Үлкен сахнаға шығып ән айтып жүрсіз бе?
- Иә. Астанада Конгресс Холлда тәуелсіздік, наурыз, халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай жасалынған мерекелік концерттерде бірнеше рет шықтым.
- Болашақтағы жоспарыңыз қандай?
- Әуелі оқуымды аяқтайын. Жоспарлар өте көп. Айтып орындалмаған сөзден, айтпай орындалған іс игі емес пе?
- Әрине, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілеймін!
Асанбайды «бриллиант дауысты» дегенге «мырс» еткен шығарсыз. Оған әндері осындай атау сыйлап отыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді емес пе? Осындай қайнар бұлақтың көзін ашып, арманының орындалуына себепші болатын жандар табылатынына сенемін әрі сәттілік тілеймін!
Асанбайдың авторлық әндері: "Неге кеттің?" "Сен менің"
Репертуарындағы әндер: "Жарығым-ай", "Қыздар-ай", "Мені бағала"