Кордицепс (әңгіме)
блог
- «Басымды көтере бергенім сол еді, дәл тұмсықтан тиген соққыдан қайта құладым. Көп уақыт өтпеген сияқты. Көзімді ашсам, анадай жерде асықпай кетіп бара жатқан үш адамның қарасы байқалады. Орнымнан атып тұрдым да, "Ей!" деп айғайлап жібердім. Мен деп ойламаса керек, қаша жөнелді. Тұра ұмтылдым. Арттарына қарамай қашып барады. Біраз алыстағаннан кейін олар кеткен қуыс көшеге бұрылмай, тіке тартып, үй жаққа тезірек жетуді ойладым. Мақсат — үйдегі інімді ертіп, әлгілерді қуу. Әдетте у-шуы басылмайтын көшеде тірі жан жоқ. Үйге жақындағанымда алдымнан бір жігіт шықты. Асыға соған ұмтылдым. Алғашқыда байқамаған секілді, жанына жақындағанымда қаша жөнелді. "Ей, тоқта! Телефон!" деп қол созып мен қалдым. Үйге кіріп, айнаға қарасам, әлгі жігіт қорқатындай жөні бар екен. Түрден түр жоқ. Сол...», - деп аяқтады әңгімесін бір беті ісіп, ерні жырылып, көзі көгерген жігіт. Бірнеше сағат бұрын болған оқиғадан кейін үстіндегі киімін де ауыстырмағаны қатқан қан мен шаңнан байқалып тұр. Терезе алдында далаға қарап үнсіз тұрған тергеуші қолындағы темекі тұқылын күлсауытқа салды да, өзінің әдетке айналған жұмысына кіріспек болып арызданушыға қарсы тұрған орындықты алып, компьютерінің алдына отырды.
- Енді басынан бастайықшы, - деді ол осы уақытқа дейінгі әңгімені тыңдамаған адамша. - Қай жақтан келе жатыр едім дедің?
Түн ортасында басталған тергеу таңға жуық аяқталды. Бұл уақытта бөлімшеге бірнеше күдікті әкелінген. Алайда олардың ешқайсысының іске қатысы болмай шықты.
Мұны ас бөлмедегі тысыр оятты. Алғашында сабаққа жиналған інісі деп ойлап, жата берген. Бөлмесіне кіріп, басынан сипағанда ғана түсінді. Содан соң:
- Ән айтып берші! - деді көзін ашпастан.
Мақпал біраз уақыт үнсіз отырды да:
- Неге төбелестің? - деп, назын білдірді.
- Мен емес қой бастаған... Ән айтшы!
Тағы үнсіздік. Бір кезде қыз "Желсіз түнде жарық Ай..." деп әнін бастап кетті. Мұның сүйікті әні. Осы әнді естісе, өзі өмірде көрмеген қиялындағы ғажап ауыл көз алдына келеді. Бейне бір аңыздарда айтылатын Жерұйықта жүргендей күй кешеді. Сол ауылды тапсам ғой, сол ауылда тұрсам ғой деп ойлайды. Әнде айтылған әр сөзге мән беріп, ішіне еніп кетеді. Ал, дауыс ше? Шіркін, Мақпалдың дауысы, тіпті, керемет. Бұл дауысты алғаш естігеннен ғашық болған. Осыдан екі жыл бұрын үйге сәлемдеме жібермек оймен кеңсесіне ең жақын орналасқан пошта бөлімшесіне бара жатқанда, саябақта отырып ән салған топ қыздың ішінен дәл осы дауыс ерекше естілген еді. Шілденің басы болғандықтан, емтиханға дайындалып жүрген талапкерлер екенін бірден түсінген. Сәлемдемені жіберіп, қыздармен қайта шыққанда танысармын деген ойы жүзеге аспады. Бұл шыққанда олар кетіп қалыпты. Ортаға таныс салып жатып, болашақ әншілердің емтиханына қатысуға, сол арқылы дауысы әдемі қызды табуға тырысқан. Алайда онысынан еш нәтиже шықпады. Тағдырдың сыйы дерсіз, араға екі ай салып бұл саябақтан әлгі қыздарды тағы кездестіріп қалды. Осы жолы берілген мүмкіндікті жібермеймін деп, бірден барып таныса салғаны. Ойланбай істеген қадамы мұны біраз әуреге салды. Себебі, дауысы әдемі қыздың жүзін танымайтын еді. Әупірімдеп жатып, қулыққа салып, қыздарға жеке-жеке ән айтқызып, әйтеуір іздегенін тапқан. Екеуінің арасындағы сезім хикаясы осылай басталған болатын.
Мақпал алғашқы семестр бітпестен оқуын тастап кетті. Басқа жұрттың білетіні – деканның кабинетіне кіріп, сол жақтан жылап шыққаны ғана. Әркім бұл жағдайды өздігінше тұжырымдады. Қалай болғанда да ол оқуға қайта келмеді. Бір топтағы құрбыларымен де байланысын үзген.
Әннің әуенімен қиялға беріліп кеткен Мият қайтадан ұйықтауға шақ қалған еді. Оны Мақпалдың "Шай ішейік!" деген сөзі оятты. Шай ішуге шамасы жетпейтінін орнынан тұрып, жуынбай жатып білген. Бірақ Мақпалдың көңілін қимай аяғын әрең басып, ас бөлмеге барды. Өзі ұнататындай жуамен қуырылған жұмыртқа, ыстық шай тәбетін ашса да, түнде алған соққыдан жырылған ерні ас алдырмады. Мақпал бұған сұрақ жаудырмады. Екеуі ұзақ үнсіз отырды.
- Шатырға шығайықшы, - деді Мият үнсіздікті бұзбақ болып.
Тоғыз қабатты үйдің ең үстіңгі қабатында тұратын бұлар шатырға көтерілгенде Күн батуға таяп қалыпты. Соңғы сәулелері алып шаһарды баурайына алған таудың ең биік шыңына ғана түсіп тұр. Тек сол шың ғана қызарыңқырайды, басқаның бәрі көк-сұр түске боялған. Төменде шуы басылмайтын қаланың кешкі қарбаласы. Қаптаған көлік анда-санда ғана бірнеше метр жүріп қоятыны болмаса, кептелісте қозғалыссыз тұр.
- Ұйқыдан тұрып үлгермей кеш батыпты ғой. Кеше Аршат жедел жәрдем шақырған екен. Одан кейін бөлімшеге алып кетті. Таңға жуық келдік. Солай болатынын біле тұра, неге шақырды? Үйден-ақ емделе салар едім, - деді Мият інісіне ренжіп.
- Тауға шыққым келеді, - деді Мақпал оған мән бермегендей, - Анау шыңға... Сондай әдемі! Жер бетін қара түнек басар алдында жалғыз өзі жарқырап тұр. Айналаның бәрі түнге басын иіп қойғанда тек ол ғана тырбанып, Күн сәулесін ұстап қалуға тырысып жатқандай. Қарашы!
- Мүмкін ол Күнге "Тоқташы! Мені өзіңмен ала кетші! Мына қаланың түнгі былығын көргім келмейді!" дегісі келетін шығар?
- Мүмкін. Қалай болғанда да екеуі қимай қоштасып жатыр. Таңертең бірінші көрісетін де екеуі ғой...
- Осының бәрін қайдан білесің?
- Сені де тауда өскен бала дейді ғой. Биік шыңның басына шықсаң, Күн сәулесін елден бұрын көруге болатынын білмейтін бе едің?
- Әлгі түйенің өркешіне шығып, жыл басы атанған тышқан секілді ме?
Мақпал сықылықтап күлді. Бұл күлкіні естімегелі көп болып еді. Кеуде тұсы жыбырлап, бойына тоқ жүргендей күй кешті. Қызға бастан-аяқ асықпай қарап шықты. Сұлулығына тамсанып, ұзақ тұрды. Ол болса, ештеңеде ойы жоқ тауға қарап, әлгі шың туралы әлі бірнәрселерді айтып жатыр. Арасында күліп қояды. Терең ойға шомып кеткен бұл үшін оның сөздері де, күлкісі де жаңғырық сияқты естілгені болмаса, ештеңе түсініп жатқан жоқ. Есін жиса, қыз көзіне қарап тұр екен. Жүзіндегі сұрақ белгісін байқап, бірнәрсе естімей қалдым ба деп қасын көтерді.
- «Сенің сүйікті гүлің қандай?» деймін – деді Мақпал жымиып тұрып.
- Ааа... Таушымылдық...
- Ол қандай гүл?
- Ол ерекше гүл!
- Ерекше болса, осы күнге дейін неге маған сыйламағансың?
- Оның ерекшелігі де сол – таушымылдықты үзуге болмайды. Қызыл кітапқа енген. Алтайға барғанда міндетті түрде көрсетемін. Бірақ үзбейміз!
- Иіскеуге бола ма, әйтеуір?
- Әрине!
- "Айта-айта Алтайды Жамал апам қартайды" дегендей болып жүрмесін, - деп күлді Мақпал. Мият оны құшақтап:
- Алтайға да барамыз, таушымылдықты да көреміз..., - деді де шашынан иіскеп, ұзақ ойланғаннан кейін әңгімесін қайта жалғады:
- Бала күнімізде әжем таушымылдықтың емдік қасиеті жайлы жиі айтатын. Оның жүйкені тыныштандыратын қасиеті барын кейін білдік қой. Сол таушымылдықтың өзі ғана емес, тамыры да, тіпті, түбінде жататын жұлдызқұрты да дертке шипа екен.
- Жұлдызқұрт?
- Иә, жұлдызқұрт. Бірақ құрттың өзі деуге де келмес. Соған жабысып өсетін саңырауқұлақтың бір түрі. Алдымен жұлдызқұрттың денесіне әлгінің ұрығы жармасады екен. Кейін сол ұрық ақырындап өсіп, әбден жетілгенде құрттың жүйке жүйесін зақымдап, ақылынан алжастырып, соңында бойына бітіп, өлтіріп, сөлін қорек етеді дейді. Ауылдағылар «таушымылдықтың құрты» деген ат қойып алыпты, ал негізі ғылыми атауы «Кордицепс». Міне, сол кордицепсті алу үшін біздің жақта таушымылдықты тамырымен жұлып жатқандар көбейіпті. Қытайға апарып сатады екен. Дәрі жасайды дей ме...
- Түу, неткен қорқынышты! Таушымылдықты көргім келмей қалды, - деп Мақпал түрін тыжырайтты. Оның бұл қылығына Мият қарқылдап күлді де:
- Жүрегің жұмсақ, - деп маңдайынан сүйді.
Бұл уақытта Күн ұясына батып, қала шамдары түгелдей жанып, кептеліс азайған. Бағана қозғала алмай тұрған көліктер енді ары-бері зулап жатыр. Осы сәттен шаһардың түнгі өмірі басталады.
- Мен қайтайын, - деді Мақпал сәлден кейін. Мияттың денесі дірілдеп, басы мең-зең болып кетті. Бұл кездесулердегі ең жек көретін сәті. Көзіне жас келді. «Тағы кішкене аялдашы...» деп айтуы керек еді. Бірақ, неге екені белгісіз, осы жолы тілі күрмеліп, айта алмады. Көзден аққан жасы тоқтар емес. Іші өртеніп барады. Оған мән берген Мақпал жоқ. Әдеттегідей:
- Жоқ, ертең апам келеді ғой. Дайындаламын. Қайту керек. Бүрсігүні келемін, жарай ма?, - деп күлімдеп, бетінен сүйді де кете барды.
Ол кеткеннен кейін Мият жылаған күйі шатырда ұзақ отырды. Бұл сәт соңғы алты айда осымен тоғызыншы рет қайталанып жатыр. Алғашында бір жыл бұрын қайтыс болған Мақпалды көргенде қатты қорыққан. Аршатқа айтпақ болып еді, ол аса көңіл бөлмеді. Кейін түсінді, қайталанатыны екеуінің соңғы кездесуі екен. Сол күні ол Мақпалдың оқудан шыққанына себепкер болған деканмен ерегісемін деп, таяқ жеп үйінде жатқанында дәл осылай Мақпал келіп, екеуі дәл осылай шатырға шығып әңгімелескен еді. Бұл екеуінің соңғы кездесуі екенін білсеші сол кезде. Ешқайда жібермей ұстап қалып, қайғылы оқиғаның алдын алар ма еді, кім білсін... Қалай болғанда да, бәріне өзін кінәлайтын. Содан ішімдікке салынды. Ішіп жүріп, көшеде біреулерден таяқ жеген түннің ертесінде жаңағы көшірме-оқиға болды. Бірақ оны қайталау үшін не істеу керектігін бірден түсінбеді. Араға екі ай салып, тағы төбелескенде бір-ақ білді: Мақпал келу үшін жақсылап тұрып таяқ жеу керек. Енді бұл дерт өршіп барады. Басында араға бірнеше апта салып, жазылғанын күтетін, қазір оны да қойды. Сәл есін жиса, көшедегі елге соқтығатынды шығарды. Былтыр ғана Мияттан бақытты жан жоқтай көрінген. Енді өмірі астан-кестен болды. Ішкіш, төбелескіш. Алты айдан бері жиілеген төбелесте бір гәптің барын Аршат та сезетін. Кеше жедел жәрдемге хабарласқаны да содан. Ауруханаға, кейіннен бөлімшеге барғанда қызметкерлерге мән-жайды түсіндіріп, қандай да бір қосымша ақпарат болса, бірден өзіне хабарлауын тапсырып кеткен. Сол тапсырмасының алғашқы нәтижесі тергеушіден смс хат ретінде келді: «Бейнебақылау тексерілді. Түндегі үш жігіт ұсталды. Ағаңыз оларға өзі тиіскен». Аршат асыға үйге жетті. Бірақ бауырын таппады.
***
Түс. Ас бөлмедегі тысыр. Алғашында сабаққа жиналған інісі деп ойлап, жата берген. Бөлмесіне кіріп, басынан сипағанда ғана түсінді. Содан соң: - Ән айтып берші! - деді көзін ашпастан...
Таңнан бері есік артында аңдып отырған Аршат жағдайдың бұл ойлағаннан да қиын екенін осы кезде ғана білді.