Таңертен сабаққа шығып бара жатып, екі адамды көрдім. Екеуі де у-дай мас. Бірін-бірі демегендей болып келе жатыр. Бірі құласа екіншісі оны сүйрейді, қолтығынан демейді. Бұл сәтте олар бір-біріне ең жақын жандар сияқты сезінуде. «Тұр, аяғыңды дұрыстап бас, ұят болады», деп қояды, достық пейіл білдіргені ғой, сірә. Бірақ, өзінің шамасы да соның ары жақ-бері жағы екенін біле ме екен? Міне, осылайша бір-бірін демеген қос дос, жоқ оларды дос деуге ауызым бармай тұр, олар бөтелкелестер, ары-бері тырпынып кетіп барады. Сырттарынан қарадым да жүрегім езіліп ауырды. Әй, қор болған, қайран өмір-ай, десеңші. Кетіп бара жатып көз адыма олардың бұдан арғы, үйлеріне жеткендегі уақиғалары елестеді...
Үйде, күні бойы күйеуім қайда жүр екен, келгеннен соң үйде тағы ұрыс болады, тағы мас күйінде не істерін білмей, тағы да таяққа жығытын болды ғой, деп санасы жан-жаққа жүгірген жары, тіпті оның бүгін үйге келмеуінде тілеп отырған шығар. Мұнымен өткен өмірін қорлыққа санап, онымен неке қиған күніне лағнет айтатын шығар. Енді оған «Өмір» емес, «Өлім» тілейтін шығар бұл бейбақ. Ал анасының мұндай күйін көрген балалары ше? Олар не ойда? Олардың жаны, кішкене ғана, бала жүректері анасынан кем ауырмайды ғой. Олар әкесінің өздеріне деген ыстық махаббатын араққа айырбастағыны үшін, анасының жан қиналысын көріп, олардың нәзік, кішкене жүректері екі есе қатты ауырады. Түнімен алаңдап шыққан олар, бүгін аман келе ме екен деп таңдарын атырды. Келсе қалай келеді, тағы да мас не болмаса түнгі арзан ойын-сауықтан кейін, бас жазамын әнгімесін шығарады ма, жалғыз келе ме, әлде бөтелкелес достарының бірін ертіп келіп, үйде тағы ойран сала ма екен деп елеңдеп отырған әйел көңіл, бала жүрек.
Келді. Әлі келер-келмес қалыппен есікті қағып тұр. Есікті әйелі ашса, ар жағынан аяғынан әрең тұрған жұбайы, онымен қоса бөтелкелесі. Келді, үйдің берекеті тағы қашты, тағы да айқай-шу, балары бір бұрышта көздері жалтаңдап отыр. Әкеміз үйге келгенде үй ішінде құт қашпай, керісінде бақ келгендей, мәз мейрам болса ғой, бізге тәттілерін алып, бізді сағынып келсе ғой, деп армандай олар... Әкенің махаббатын, жан жылуын аңсайды....
Адам қиялы жүйрік қой, осындай ойлардың жетегінде автобус аялдамасына да жетіп қалыппын. «Қиын тағдыр, бұлда олардың маңдайына жазылғаны шығар, алда бұлар да жөнделер, дұрыс жолға түсер. Біраз уақыттардан соң бұл азаматтарды сау күйінде бақытты отбасымен серуендеп жүргенін көрермін», деп үміттеніп, өзімше бір ой түйдім де кете бардым...
Ақпан 2012 ж.