Көптілділік-заман талабы

Көптілділік-заман талабы
жеке
блог

Авторлар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Жанатаев Данат Жанатайұлы,

ҚазҰУ магистранты Исматуллаева Хилола,

ҚазҰУ магистранты Тәжібай Гүлзада

 

Көптілділік-заман талабы

 

Білекке сенген заманда ,

Ешкімге есе бермедік.

Білімге сенген заманда ,

Қапы қалып жүрмелік.

Абылай хан

 

Көптілділік туралы мақала жазарда көп ойландым.Неден бастау керек? Осы көптілділіктің бізге керегі бар ма, жоқ па деген сауалдар мазалай берді. Соңында ойымды бір жерге жинақтап, өзімнің ойтолғауымды жазуға бел будым.

Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ана тілі – әр адамға ананың ақ сүтімен бойға жетіп, ананың әлдиімен, бесік жырымен құлаққа сіңіп, атадан-балаға жетіп отыратын ұлы күш. Ана тілі – ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлықтың баға жетпес байлығы, қуатты қайнар бұлағы. Туған жеріміз бен ел-жұртымызды да сол арқылы айтып жеткіземіз.

Көп тіл білу-заман талабы.Елбасы өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында : «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі». Әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі.

Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас.

Көп тілді меңгерген жастар көп тіл білу адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер ететінін айтып жатады. Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді. Мінез тұрғысынан, адамдармен ашық араласып, бұрын болмаған позитивті ойлар қалыптасады. Яғни, ағылшын т.б. тілдерді білсең өзіңді еркін сезініп, әлем бойынша кез келген адаммен қарым-қатынасқа түсе алатыныңды байқайсың.

Біздің елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясатынан бөлек, еліміздегі әрбір ұлыс өз тілдерін еркін меңгеріп, өз тілдерінде сөйлей алады. Бірақ, Үш тұғырдың қатарына төртінші, я болмаса бесінші болып орналаса алмайды. Әрбір ұлттың өзінің ана тілдерінде еркін сөйлеуі Қазақстандық демократияның айқын көрінісі. Біз осындай демократияның арқасында ғана әлемге танылып, жер жүзінде бейбітшілік үстемдігін жасай аламыз. Билік үш тілді үйрену, қолдану аясын бір сызықтың бойына емес, үш сызыққа, әрқайсысының өз орнын көрсететін саясат жүргізіп, мемлекеттік тілдің бірінші болып дамуын қадағалайды. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Үш тұғырлы тіл арқылы ғана Қазақстан тілдік саясаттың оң нәтижесі көре алады.

Бірақ Қазақ баласы әуелі отбасында Қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек. Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, Қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Өз тілің бірлік үшін,өзге тіл тірлік үшін керек екенін ұмытпайық. Сондықтан «Ана тілің ــ арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді қүрметте» деп, ақын Қадыр Мырза-Әли ағамыз айтқандай, әуелі өз ана тілімізді қүрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық.

Қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақалы «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің негізі бола алады. Ал, А.П.Чеховтың «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» деген қанатты сөзі, бір тілмен шектелген адам өзін еркін, бостандықта жүргенін сезіне алмайтынын нұсқап отыр. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру – еркіндіктің, бостандықтың, бүкіл әлем бойынша жүріп-тұрудың кепілі.