Биылғы мамыр қазақ киносы үшін жемісті ай болады деген үміт бар. Жыл басынан бері белортадан қосылған бірнеше жобаны есептемегенде, ел әлі күткенін көре алған жоқ. Дегенмен тәттісін көктемнің соңғы айының соңына қалдырған біздің киногерлер бұл айда халыққа бірнеше фильмнің жол тартатынын айтып үлгерді. Соларға тоқтала кетсек.
Бірінші кезекте жастар жағы асыға күтіп жүрген "Рэкетир - 2" фильмін айтып өткен жөн болар. Бұл фильмді режиссер Ақан Сатаев ұзақ ойланып жүріп түсірді. Алғашқы бөлімі 2007 жылы шыққан туындының екінші бөлімі бәрімізді көп күттірсе де, әйтеуір жарыққа шығатын болды. Алғашқы бөлімі шыққан жылы мектеп бітіріп жатқан бозбалалар бүгінгі таңда бір-бір үйдің отағасына айналып үлгергені рас. Десе де бұл оларға тоқсаныншы жылдардың рэкеттері жайлы шытырман оқиғалы фильмді көруге кедергі келтірмесі анық.
Екінші кезекте Абайдың әкесі Құнанбай қажы туралы "Құнанбай" фильмін айтып кетейін. Кезінде "Абай жолы" жарыққа шығу үшін Мұхтар Әуезов Құнанбайды "құрбандыққа шалған" деседі. Қазіргі еш цензура жоқ, тарих қайтадан жазылып жатқан уақытта бұл олқылықтың орнын толтырып, "жазықсыз кеткен" адамдарға жақсы атын қайтару мақсатында көп жұмыс жасалып жатыр. Бұл фильм солардың бірі болары анық. Меккеге медресе салдырған әйгілі қажы жайлы бұл туындыдан үміт көп. Режиссер әрі Құнанбайдың рөлін сомдаған актер Досхан Жолжақсынов бұл жолы бізді қуанта ма?
Көптен күткен фильмдер тізімін көрдіңіздер. Енді кинотеатрларға барып фильмдердің өзін көруге шақырамын! Біз киноға барсақ, кино бізге келеді...