Арман, мақсат, тілек – адамзат атаулының ортақ сезімі, ортақ мүддесі. Ал менің бала күнгі арманым, бүгінгі мақсатым – кәсіби журналист болу. Бұл бағытты таңдау, бала қиялдан туған дүние болатын. Дегенмен, өсе келе көкейдегі қиял айқын мақсатқа айнала бастады. Журналистикаға деген махаббат, журналистикаға деген көңіл таңдауы мектеп қабырғасындағы соңғы жылдарымда аса үлкен қарқынмен нығая түсті. Ешкімді үлгі тұтпайтын, кез-келген ортада өртке тиген дауылдай құбылыс болып жүруді көздейтін мен өзімнің таңдаған бағытымда опық жемейтініме сенімді болдым. Әрине, журналистиканы таңдаған әрбір талапкердің жүрек түкпірінде осы саланың киелі ошағына, қара шаңырағына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті таңдаудың көшін бастап тұрады. Мен бұл ретте өзге түлектерден ерекшелене алмадым. ҚазҰУ, ҚазҰУ қалашығы алғаш көргеннен өзге өмір, бөлек атмосфераны сезіндірді маған. Көк тіреген ғимараттар, тау етегі, жасыл қалашық, республиканың түкпір-түкпірінен келген студенттер... Бұның бәрі өзін шығармашылық адамы ретінде сезінетін менің санамда өзгеше әсер қалдырды. Күнделігімде, жеке жазбаларымда ҚазҰУ турасындағы арман-тілектер, нақты жоспарлар жасап, бөлмеме ректорат ғимаратының керемет суреттерін қатар-қатар тізіп қойып жүрген кездерім де болды. ҚазҰУ - қанша мықтыны түлетіп ұшырған қасиетті ұя. Сол ұяда тәрбиеленсем, мен де сол ірі тұлғалар іспетті елді ауызына қаратқан, қоғамдық пікірді басқара алатын, халыққа ықпал ете алатын маман болам деген ой жетегінде де жүрмедім деп айта алмаймын. Оқу тәмәмдағаннан кейінгі мансап жолымды елестетіп, әр күн сайын қиялдың соңына еріп жүріп ұйқыға кететінмін. Амал жасадық, бұйрық Тәңірден болды, армандаған білім ошағының студенті атандым. Әрине, журналистика факультетінің. Бұл – менің ғұмырнамамдағы атауы оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Адамзаттың қиялынан жүйрік нәрсе болсайшы, шіркін. Бір арманның үдесінен шықтым-ау дегенде, Алтайдың қызыл түлкісі сияқтанып, екіншісі қылаң беріп, шыға келеді алдыңнан. Енді тек журналист болуды емес, сапалы контент жасай білетін, әмбебеап журналист болуды көздей бастадым. Тіпті, журналистиканың қай бағытында мол қаражат табуға болатынын, рейтинг мәселесінде қалай оза шабу жолдарын ой жүйесінде қарастыру сияқты бағыттарға барып жүрмін. ҚазҰУ маған шабыт сыйлады, ҚазҰУ менің жаңа тынысымды ашты. Журналистиканың «жантақ жейтін» ауыр әрі жауапкершілігі мол қызметімен етене таныс болып кеттім. Әрі телевизия, баспасөз бағыттарында алғашқы тәжірибемді жинау мүмкіндігі бұйырды. Телезертханадағы атмосфера, баспасөз клубындағы күйбең болса да, қызығы мол жауапты жұмыстарым маған болашаққа деген қадамдарымды нығайта түсетіндей. Әр күн өзіме есеп бергенде өзімнің журналистикаға бойлап кіріп бара жатқанымды сезінемін. Бұл - айтып жеткізу мүмкін емес бақыт. Бәсеке. Талас. Жеңіс. Жеңіліс. Камера. Күлкі. Айтылған сөздер жорналшының жолындағы сапардың схемасы, журналист гиді. Күшіңмен емес, сұлулығыңмен емес, дене бітіміңмен емес, ең бастысы, журналистке тән мінезіңмен бағындыратын бұл белестер – толық өміріңді арнайтын тосынсыйы көп саланың жазылмаған қағидаты. ҚазҰУ-дан қанат қаққан студенттің басқа қарсыластарынан, бәсекелестерінен кем түскенін көрмейміз. Таңдағаным – ҚазҰУ! Журналистикада от боп лаулап, қылыш болып қиып, наркескендей сөзбен кесіп түсетініме, қазақ журналистикасына жаңа құбылыс болып келетініме болашақ куә. ҚазҰУ-ым – менің таусылмайтын махаббатым, менің армандарымның орындалуына себепкер, менің болашағыма жол ашар қасиетті орта.