Уақытта бір тыным жоқ. Сынаптай сырғып өтіп жатыр. Бәрі де өз орнымен, өз жөнімен. Ал осы келіп жеткен уақыттан өз керегіңді алып қалмасаң, ертең бәрі де кеш. Адамдардың бәрінде уақыт бар, дегенмен, ол барлық адамға да жетіспейді. Кейде кесе көлденең алдыңнан бір тірлік шыға келсе, ойй босқа уақытымды алатын болды-ау деп қынжыламыз. Алайда уақыт соғұрлым босқа кетіп жатқандай...
Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы» деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынығып алсыншы деп бір сағаттан кейін оятыпты. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым жарты сағаттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп, «Жарты сағат уақытымды қайтарып беріңіз онда!» деген екен. «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын ешқашан толтыра алмайсың» деген екен немістің ұлы ақыны Гете. Рас, біле білгенге уақыт – мүмкіндік.
Төменгі сыныптарда білім алып жүргенде қашан осы біз жоғарғы сыныпта оқимыз деп ойлаушы едік. Жоғарғы сыныпқа өткен соң студенттік күндерді армандадық. Студенттік алғашқы күндердің қызықты сәттерін бастан кешіп жүріп, болашағымызды тағы бір жарқын жағымен елестеттік. 3 курста «Алтын аралық» немесе «Алтын белес» (Золотая серединка) деген болатынын естідік. Ол күнді де асыға күттік. Міне, «Алтын белес» те көп күттірмеді...Группа болып бәріміз жиналып тойлауға да шығып барамыз. Алайда бір күнде өтеді де кетеді. Ай сусыған құмдай уақыт-ай...