Қоңырау соғылды

-Бірдең"к"е айтайыншы саған... - дейді кейде маған әртүрлі адамдар.

-Екідең"к"е айтсаң да болады деймін. Жәй ғана. (яғни, қанша болсын, не болсын тыңдауға дайынмын дегенім шығар)

***

Қоңырау соғылды. Келесі сабақ басталды. Менің де өмірімде қашан қоңырау соғылып, келесі сабақ басталады екен, ә?...

***

Жаңбыр жауса, ұнамайды. Жаумаса да, ұнамайды. Күн қатты ашылып, ысып кетсе, ұнамайды. Күн шықпай қалса да, ұнамайды. Қалың қар жауса, ұнамайды. Жел соқса, ұнамайды, Жел соқпаса да, ұнамайды... Түһ, адамдарға осы не жағады?... Мен әрбір күнді өзінше жақсы көремін, бар күйінде... мейлі қандай күн болса да...айтпасам да, солай деп.

***

Көктемде кейде не киерімді білмей қаламын. Таңғы ауа-райына қарап, көктемгі етігімді, жылырақ киімімді киіп шықсам, түс ауған соң, балеткам мен жеңіл күртешемді кие салмай деймін, күннің ашылып, ысып кеткенін көріп. Көшеде біреу етік, өзгесі, балетка, бірі туфли, енді бірі крассовки, өзгесі тіпті ашық аяқ киім киіп, жеңсіз киіммен, не басқасы қалың күртешемен, көйлекпен, қалың шалбармен жүреді... Адамдар "қуа" ма, көктем "қудыра"  ма, мен "қуамын" ба...

***

"Сен ешкімді менсінбей жүр екенсің ғой. Тезірек күйеуге тисеңші. Үмітің жоқ па үйленуден"... дейді бір алыс жеңгем өткенде аяқастынан. "Үмітің жоқ па" дегенде "біртүрлі" болып қалдым, жарайды басқа сөзін қойшы. Үмітсіз-шайтан ғана емес пе... Үмітім бар, әрине! Ал, тезірек тиюге келсек, ойлану керек. Ал, ойлану ол - менсінбеу деген сөз емес шығар. Сосын және қосарым. Мен біреуді менсінбейтіндей дәрежеде, не тәккапар емеспін деп ойлаймын. Қызық адамдар. Әр нәрсе өз уақытында болады ғой. "Битке өкпелеп тонымды отқа" жағып жүр едім, сол  "бит" түкке тұрғысыз екенін ұқтым. Және менде шаруалары қанша екен, ә?! (түһ, "жыным келді" деген осы шығар)

***

Қолшатыр ұстаған ұнамайды. Бірақ қолшатырдың астында жүрген ұнайды. Алайда, қазір қолшатырды өзім ұстап жүрмін.

***

Көктемде алғашқы жаңбыр бір жауып өткенде-ақ, жер көгеріп шыға келеді! Тіпті байқамай да қаламыз, ә(!). Адамның жаны да ұқсас... Жүрегімізге жағымды, "жылы," жақсы" сөздер жауындай құйылса, жүзіміз нұрланып, көңіліміз көтеріліп, жадырап шыға келеміз! Соңғы жауын көбірек жауып тұрса... шіркін...

***

Бірнеше уақыт бұрын барлық істе асығыстық танытып жүруші ем. Бірнеше істі қатар бітіргім келіп, әрненнің басын бір шалып, ақыр аяғында бір ісім де бітпеуші еді. Уақыттың соңынан жүгіріп жүруші ем. Қызық. Қазір керісінше. Ешнәрсеге асықпаймын. Сабырлымын. Тізгінін бермес уақытты да қумаймын. Байқағаным, осылай да бітер істерім бітіп, әрбірі өз жөнімен, ағысымен жүре береді екен. Тіпті ұйқым да тыныш. Қысқасы, "маған бәрібір" туын ұстанып жүрмін қазір. Ұнап жүр.

***

"..." тағы да "...", арасында ",", "?", "!", сосын тағы да "..." . Бір күні "." болар.

***

Бақсам, осы жасқа келгенше бір де бір ағаш отырғызбаған екенмін. Ұят-ай! Бұл олқылықтың жақында орнын толтыруға тырысамын...

Н.ғ.: ...жаңбырды бәрібір жақсы көремін... ол менің жасымды жасырады... әрқашан.



Бөлісу: