КОНЦЕРТ ЖӘНЕ КӨРЕРМЕН...

Кеше әкемді ертіп концертке бардым.  Өзім Алматыда тұрмаған бір жылымда ғана болмаса, МузАРТ-тың концертінен қалмаймын.

Сонымен...

Бірінші шегініс: Осы сарай мен Алматыға келгенде күн көсемнің атымен аталатын... Ол кезде ара-тұра болмаса, концерттік кештердің дені Қалдаяқов пен Төле би көшелерінің қилысында орналасқан Орталық концерт залында (ЦКЗ) өтуші еді. Марқұм Фируза құрбым екеуміз шаһарда өтіп жататын мәдени шарадан бірде-бір рет қалып көрмеппіз. Ол осы Алматыда туып-өскен, пойызға мініп көрмек түгілі пойыздың өзін көрмеген қалалық қыз еді.  Ленин атындағы сарайда (бүгінгі Республика сарайы) анда-мұнда өтетін кештерге де баратын едік. Ал Орталық концерт залының еден жуушысына дейін бізді танитын... Билет болмай қалған кезде бізді қызметкерлерге арналған есіктен сол еден жуушы апа кіргізіп жіберетін. Бір қызығы, сол орыс апаның айтқанын екі етпей, сахнаның артында апа көрсеткен екі орындыққа тып-тыныш отырып, концертті тамашалайтынбыз. Атақты Шәмші ағаны алғашқы және соңғы рет сол Орталық концерт залында көрдік... Біздің өнерге деген махаббатымыз осындай еді, ерекше болатын...

Бүгінде сарайдың іші өзгерген, көрермен де басқа. Сарай әкімшілігі залға сусын, тамақ алып кіруге болмайтынын, сырт киіммен кіруге рұқсат етілмейтінін, тәртіп сақтауды радиоторап арқылы көрермендерге ескертіп жатыр. Әттең, тыңдар құлақ болғанда... Киімілгіштің жанында сырт киімімді өткізіп тұрып қызметкерді сөзге тарттым.

          – Біздің қазақтардың мәдениеттен жұрдайлығы, өресінің өте төмендігі қарын ашырады. Киімдерін өткізген соң артынан қайта жүгіріп жүргендері. Қалта телефондарын, ақшасын ұмытып жатады... Ол аз болса ауыздарынан сағыздарын тастамай шайнаңдайтын жастар... Ескерту айтсаң құлақтарына да ілмейді. Жасы бар, жасамысы бар сағыздарын отырған орындықтарының жақтауларына жапсырып кетуге ұялмайды. Қазақтар көрген концерттен соң әжетхананы айтпағанда, залдағы қоқысты (сусынның босаған құтылары, конфеттің қағазы, әр жерде жабысқан сағыз, т.с.с) көрсеңіз... Ал орыстардың соңында мұның бірі де болмайды. Қазақ барын бағалауды қашан үйренбек... – Сарай қызметкерінің сөзінен ренішті анық байқадым. Оның сөзіне сәлден соң-ақ көзім жетті...

Екінші шегініс: 90-жылдары мен сөз етіп отырған Орталық концерт залында айтыс өтті. Үш күн қатарынан күніне екі рет. Құрбым екеуміз алтауынан да қалмай бардық. Төрт рет билет алып... Ал соңғы күні орыс апамыздың көмегімен... Өйткені үй ішіміз «қаңғығанымыз» үшін бізге ақша бермеген болатын. Сол жылдардың көрермені өнерпаздың өнерін бар ынта-ықыласымен көретін. Залда артық-ауыс қимыл-қозғалыс та болмайтын. Газет-журналдардың фототілшілері ғана көрерменнің алдынан еңкейіп өтіп, суретке түсіріп жүретіндері болмаса, көрермен қауым басқа нәрсеге алаңдамай, сахнадағыларды бар зейінімен тыңдап, өнерпаздардың өнеріне шынайы құрмет көрсететін еді.

... Сахнаға шыққан «музарттықтарды» көрермені сағынып-ақ қалған екен. Соғылған алақанның дауысынан құлақ тұнды.  Жастар жағы өздерінің әсерлерін әлеуметтік желі арқылы виртуалды әлемдегілермен бөлісіп жатыр. МузАРТ-тың төңірегінде жүрген бірлі-жарым көрермен ұялы телефондарына әр сәтті түсіріп әлек. Бәрі дұрыс-ау... Бірақ  солардың тірлігін көргенде ФБ әлеуметтік желісі арқылы жарияланған Ербол Азанбек бауырымның жазбасы есіме түскені... «Адамдар ұшақтың кіреберісінде бір-бірін күтіп, өткізіп... Қағып кетсе, кешірім сұрап... Киімдері де қарапайым. «Мәскеу-Алматы» ұшағына отырарда басталды бәленің бәрі. Қағып-соғып, жапатармағай таласып... Сосын адамдардың көзінде бір менсінбей қарау бар ма, әйтеуір бір пәле бар. Топастықтың лебі есе ме? Қолда – бір-бір айфон. Ауызда – сағыз...». Әлгілердің тірлігі тура осылай әсер етті. Не өздері ән тыңдауды білмейді, не өзгелерді сыйламайды. Өздерін халыққа керемет «қызмет етіп» жатқандай сезінген де шығар, бәлкім, бірақ сырткөзге ұялы телефондарын көрсетіп, қолдарын ары-бері ербеңдеткендері өте сүйкімсіз болып көрінгендерін байқамады-ау... «Осылар өнерді, өнерпазды қаншалықты түсінеді, қаншалықты сыйлап құрметтейді екен» деген ойымды «билетті өйтіп-бүйтіп қолға түсірдім, әйтпесе, 10 мың теңгеге билет алып жын қағып па» деп масаттанған жап-жас қызды көргенде... Ары қарай ештеңе демей-ақ қояйын. Бізде өнерге деген құрмет, өнерпазға деген қошемет – осындай, анығы, «біртүрлі». «Уууу, керемет!», «Кезекті керемет ән!» – деп әлеуметтік желілерге жар салған жаңағы шіркіндер әнді осыған дейін тыңдап тамсанбаса, дәл сол кездегі Мейрамбектің:

                       Таң атса болды, күн батты,
                       Ұршығын мезгіл зырлатты.
                       Құс-қанат менің ғұмырым, 
                       Қанатын тағы бір қақты... (Есенқұл Ж) , – деп жанын сала орындаған жаңа әнінің ойлы да салмақты сөздерін түсініп-түйсінердей халде емес-ті...

Тағы да сол Ербол Азанбек былай дейді:  «Жалпы деймін де, экономикалық, «басқаномикалық» жағынан 2030-ды ерте орындап тастасақ та, санамыз әлі 8 кластың баласынікіндей. Бетіне безеу шығып, қызға қырындай бастайтын, ашулы, өзінікі дұрыс деп санайтын, бір өтпелі кезеңі болады ғой. Біздің қоғам тура сондай. АҚШ-ың мен Батысыңның елі құдайдан қорықпаса да заңнан қорқады. Ислам елдері құдайдан қорқады. Шариғатты бұзбайды. Екеуінде де тәртіп бар. Қиындау біз сияқтыларда ғой. Құдайдан да, заңнан қорқатын адам аз». Дұрыс айтады. Көзіққарақты оқырманның да алып қосары жоқ-ау...


Үшінші шегініс: Осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз – Мейрамбектің «Кеш жарығы» мен «Бозторғайын» сол кішкентай кезінде өз аузынан естіп, Тараздағы бір шарада өз көзімен көріп тамсанған жандардың бірі. Қазіргі жасөспірім қыздардай Мейрамбектің суреттерін емес, Нұрлан Өнербайдың, Митхун Чакрабортидің суреттерін жинауды «сәнге» айналдырғандардың бірі. Көмейіне бұлбұл ұя салған бала Мейрамбектің бозторғайдай шырылын тыңдай жүріп, оның ержеткенін  «Алғашқы махаббат, жүректі тербейді» деп салған әнінен бір-ақ біліп, таңдай қаққанымыз кеше ғана еді. Фируза құрбым екеуміз оның алғашқы шығармашылық кешіне де барған едік. «Қарапайымдылығы болар, сол кешін таспаға түсіруді де ойламапты» дегенді де кейін естідік. Мұның бәрі – өткен күннің еншісі ғой...

Осы жолы сол Мейрамбектің термелерін, эстрадамен жеке орындайтын әндерін, дуэттерін мүмкін емес болса да (МузАРТ-тың, бүтін бір ұжымның концерті ғой өйткені), тыңдағым келгенін несіне  жасырайын?! Ең болмаса, ғаламтордың құдіреті арқылы тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған «Ойлан, балам!» (әні К.Дүйсекеев, сөзі Ш.Сариев) атты әнін тыңдап қайтарыма да сенімді едім. Аудиторияның басым бөлігі орта жастан асқан үлкендер екенін көргенде аталмыш әннің көрермен жүрегінен орын алатынына да, Досханның (Жолжақсынов) орындауында тыңдаушыға жеткен әннің екінші тынысы ашылып, тыңдаушысымен қайта қауышатынына да бек сенімді едім... Есті әнді ел есіне алса екен тілек болатын бұл. Бәлкім, «музарттықтардың» қолдауымен Мейрамбектің жеке шығармашылығына арналған әдемі бір кештің, оның орындауындағы небір керемет әндерді тыңдаушысы қайта бір еститін әсерлі кештің өтуіне себеп те болар осы ойым. Лайым соған аман жетейік!

       МузАРТ-тың концерті әдеттегідей өз дәрежесінде өтті. Республика сарайынан кеудемді сыздатқан сағынышты басып әрі өткен күннің елесімен тілдесіп қайтқандай болдым. Құрбымыз Алтынай Байтоқанованы енді ешқашан бұл сахнадан көре алмайтынымыз да көңілге мұң қонақтатып, көзге жас алдырды... 

 



Бөлісу: