Конституциялық реформа – уақыт талабы

Конституциялық реформа – уақыт талабы
жеке
блог

2017 жылғы 10 ақпан күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Бейбітшілік және келісім музейі» РМҚК «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

1

2017 жылғы 25 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын бүкілхалықтық талқылау туралы өкімге қол қойған болатын.

2

Бұл іс-шараның басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» билік тармақтары өкілеттіліктерін қайта бөлуге қатысты үндеуін талқылау.

Аталған дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Еркеш Қалиұлы Нұрпейісов, Бейбітшілік және келісім музейі директорының ғылым жөніндегі орынбасары – ғалым хатшы Аманбек Мұқашұлы Мұқашев, музей қызметкерлері, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

3

Аманбек Мұқашев кіріспе сөз сөйледі. Сөзінде Елбасы ұсынған Конституциялық реформа ағымдағы уақыт талабына сай келеді, билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу Парламет пен Үкіметке қосымша өкілеттіктермен қатар жауапкершілік жүктейді деп атап өтті. Ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасын талқылау үшін ел азаматтарына бір ай уақыт берілді. Осы уақытты тиімді пайдаланып, сапалы ұсыныстарымыз бен талап-тілектерімізді жолдауымыз керек екендігі туралы еске салды. Президент осы реформалар арқылы еліміздің одан әрі демократияландыру бағытында қарымды қадам жасауын айқындап отыр деп сөзін түйіндеді.   

Негізгі баяндаманы Ермек Қалиұлы Нұрпейісов жасады. Президент, Үкімет және Парламент, Жоғарғы сот, Прокуратура құзыреттері мен қызметтеріне жеке-жеке тоқталып, талдау жасады.

4

Еркеш Нұрпейісов баяндамасында, Конституцияның мәні – бұл мемлекеттік органдардың өз ішіндегі өзара әрекеттестігін, демократиялық мемлекет пен азаматтық қоғам қатынастарын реттеу екендігін айтты. Сондай-ақ конституциолық реформа – саяси жүйе эволюциясы жолында жасалған кезекті маңызды қадам деді.

5

Кеңестік кезеңнің даму жолының келеңсіздіктерін,  ХХ ғасырдың саяси және экономикалық дағдарыстарын еңсеріп, Қазақстан дамудың тұрақты әрі бірізді даму жолына түсті. Саяси институттар бекіді. Нарықтық экономиканың заңдылықтары мен тетіктері жұмыс жасай бастады, деп өткенге шегініс жасады.  

 Бұның бәрі бұлжымас бағдары демократия болып табылатын саяси жүйенің одан әрі дамуына жағдай тудырады.  Халықтың басым бөлігі қолдағанда ғана конституциялық реформа табысқа жетпек.  

Конституциялық реформа пісіп-жетілді, қуатты президентік билік оны жүзеге асыруға қажетті жағдайларды тудырды.  Парламент пен үкіәмет өздерінің 20 жылдық даму мерзімінде  заң шығару мен басқарудың оңтайлы тәжірибесін жинақтап үлгерді. Осы жағдайда билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу арқылы олардың өкілеттіктерін кеңейту – уақыт талабынан туындаған мәселе, деп ой тарқатты.

8

Сондай-ақ баяндамашы қазіргі талқылау барысында ескеретін маңызды екі мәселені бар деді. Олар: біріншіден, бұл конституциялық реформа жобасын Елбасы өзі дайындады деген пікір тумау керек, мұны арнайы жасақталған жұмыс тобы жасады, бұл жобада ұсынылған өзгерістермен және толықтырулармен Елбасы келісетіндігі не келіспейтіндігі жөнінде өз пікірін әлі білдірген жоқ, тек осы жобаны ел азаматтарының, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің талқылауына ұсынды, әлі бұл жоба талқылау барысында түскен ұсыныстар мен сын-ескертпелер негізінде қайта қаралып, пысықталатын болады. Екіншіден, қазіргі таңда «келісеміз», «қолдаймыз» деген пікірлер айтылып жатыр, сондай-ақ бұл өзгерістер мен толықтырулар қабылданып, іске қосылған тәрізді әсер қалыптасуда. Осыған орай, осы сынды пікірлер мен әсерлерден арылып, талқылауға берілген уақытты пайдаланып, конструктивті ұсыныстар мен сын-ескертпелерді айтуымыз керек.

Екі спикер сөйлеп болған соң кезек пікір алмасу және сұрақ-жауап кезеңіне берілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан сұрақтар көп болды.

9

Сауалдардың ішіндегі маңыздылардың бірі жаңа жоба бойынша Конституцияның 26-шы бабына енгізілуі көзделген өзгерістер мен толықтырулар туралы болды. Еркеш Қалиұлы аталған бап қазіргі таңда өзгеріссіз қалғаны дұрыс, ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар пысықтауды қажет етеді, толық ашылмаған, жетілмеген деді.     

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әр азамат талқылауға белсенді ат салысып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы бойынша ұсыныстарды ағымдағы жылдың 26 ақпанына дейін ҚР Президентінің әкімшілігіне жіберуге болатындығы туралы айтылды. Сондай-ақ осы сынды талқылаулар көптеп өткізіліп, оларда туындаған конструктивті ұсыныстар мен сын-ескертпелер ескеріліп, аталған реформа табысты өткізіліп, Конституциямыз алдағы уақытта да тұрақты дамуымызға қызмет ете берсін деген тілек білдірілді.