Көңілімнің айнасы-өлеңдерім...
блог
Жыр мекені тұрған соң жайып құшақ,
Жас өренге жат болмас-көрік,қылық.
Жорта түстім... келгенде лайықты сәт,
Жаңбыр өлең таңдайдан төгіп тұрып.
Асқақ ойдың айдынын «тұнық» дер ем,
Ақылымнан алған да үзіп өлең.
Алға қарай бет алып, жүріп келем,
Арманымның жіңішке ізіменен,
Нәресте мұң сап қойған көзге белгі,
Назын айтса үндемей елеп те алам.
Налытпаймын себепсіз өзгелерді,
Намысымымның шоқтығы керек маған.
Данышпан жұрт-қолдаушым, төрем дара,
Дәл айтатын шындықты себеп көріп,
Дауысымды естіген керең дала,
Демеп тұрды өткеннен дерек беріп.
Арғымақ жыр-ақынның ақ тұмары,
Айдынында шығатын намыс тұнып.
Ажарынан түнімнің бақ құлады,
Ақ парақ пен қаламды табыстырып.
Ренішімді ешкімге білдірмеспін,
Ретіменен айтам тек ой ақпарын.
Расыменен, тапқаны-жыр бұл кештің,
Реңін мұңмен шығатын бояп қалың.
Бейнесінен түнімнің алам үлгі,
Бағыт бұрып бақыттың ұясына.
Балғын өлең жазамын, қаламымды,
Батырып-ап жүректің сиясына.
Еркіндігін сезініп серке өнердің,
Елесімнен тоқимын кесте күнде.
Ерке ойларды шумақтап ерте келдім,
Естелікке қалсын деп естерінде.
Көріп,біліп, ескеріп ер еңбегін,
Көрсететін ел ғана баға нағыз.
Көңілімнің айнасы-өлеңдерім,
Күдікпенен жолыма қарамаңыз...