"Көңіл толқыны" толғатқан ойлар

Қас қарая аулаға шықтым. Ауылымның жұпар иісіне тамсанып, батып бара жатқан күнді көзбен шығарып салудамын. Көшеде тірі жан жоқ. Құлаққабымда – "Көңіл толқыны" күйі. Ұзақ ойға батуыма себепкер болған сол шығар, сірә...
Менің бала күнімде көшеде күні-түні адам аяғы басылмайтын. У-шу, көшеде күнде той. Әлде мен үшін солай ма еді?!

Көрші-қолаңның есігі ашық, қай уақыт болмасын қонақ күтуге даяр болатын. Көшеде бір топ бала асық ойнап, бірі жаңа алған "велосипедін" достарына көрсетіп, "менде мынадааай велик бар" деп, мақтанушы еді. Бала ғой, енді қайтсін.

Одан үлкен жасөспірімдер бір жерге жиналып, домбырамен ән салады. Бірі сезімге беріліп, ақиық ақын Мұқағалидың өлеңін оқып, ләззат алады. Ал енді бірі оқыған кітаптарын талқылап, ойларымен бөліседі. Қайран, уақыт-ай...

Мен бала кезімде күні-түні далада жүріп, асық ойнап, көлге шомылып жүруші едім. Үйдегілер ұрысып жүріп, үйге әрең кіргізетін. Ал қазір ше?! Қазіргі ата-аналар балаларын үйден шығара алмайды. Балаларының қолынан iPhone, iPad, Samsung түспейді. Таңертеңнен кешке дейін телефонына көзі ағардай үңіліп қарап, 5 минуты болса смартфонға жармаса кетеді.

Иә, түсінемін, заман талабы. Бірақ, оны да дұрыс пайдалану керек шығар, ә?! Қалай ойлайсыздар?
Болмайтын не тәрбиелік мәні жоқ, кілең атыс-шабыс, сананы улайтын "clash of clans", "pokemon go" сияқты нәрселерге уақытын зая кетіретіндер жоқ емес.

"Сlash of clans" демекші, өз басым мынадай оқиғаға талай куә болғанмын. Әкесі мен баласы планшеттеріне үңіліп, осы ойынды жарысып ойнайды. «Сен қай уровеньдесің», «кристал жетпей жатыр» дей ме, қасқа. Сәлден соң әкесі тағы ұрысып қояды, «бар, кітап оқы» деп. Сонда не тәрбие бұл?! Баласы әкесінен көргенді істейді. Әкесіндей болғысы келеді. Бірақ "асқар тау әкесі" әлі бала болып жүр, миға қонар нәрсе айтпайды да. Кітап оқы деп қояды, бірақ, өзі кітапқа жоламағалы қай заман, тіпті газет оқымайды ғой. Бәрі бір телефонға үңіліп, өз бетінше ғаламтордың қызығына кіріп кеткен. Баласы не істеп жүр, кіммен сөйлесіп жүр – бір құдай біледі. Әке-шешесі тиісінше балаларына уақытын бөлмегеннің кесірінен байғұс балалары талай ұрланып, ғаламтордың "фейк" адамдарына алданып, ұрынып жүргендері. Бір сәт, баласына уақытын бөлсе, бәлкім мұндай сұмдық болмас па еді?!

"Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деген қанатты сөз бар ғой. Қазақи тәрбиені көріп, қарттың ертегісін тыңдап өскен бала қашан да тәрбиелі, ибалы, кеңпейіл, қонақжай келеді.
Ауылда көршінің үйіне кіріп, емін-еркін жүре беретінмін. Шайын беріп, бар тәттісін аузыма тосып, тойдырып жіберетін. Ал қазір ше?!

Қазіргі көршінің іші тар, қызғаншақ болғаны сонша, суын да қимайтын боп барады. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ мұндай «көршілер» де жоқ емес. Сірә, бұл кісілер қияметте көршінің ақысын орындамағаны үшін xақ Алланың алдында жауап беретінін білмес.

Уақыт өте келе көп адам майдаланып барады. Іші тар, бетіңе күліп қарағанымен, ішінен не ойлап тұрғаны белгісіз. Соны көріп, жүрегім қынжылады. Болашақта мына өскелең ұрпақ қандай болады, қазақи тәрбие ала ма әлде батысқа еліктеп ұлтын, елін ойламайтын бейбаққа айнала ма? Батыстың болмағыр стилдеріне еліктеп, қазақылықты ұмыта ма?

Осының бәріне біз жауаптымыз. Болашақ біздің қолда. Сондықтан сәл де болсын ойланыңыздар, ағайын!!!
Бұл менің жеке пікірім. Қателесуім де мүмкін. Мүмкіндігінше, осы тұрғыда ойларыңызды жазуды сұраймын.



Бөлісу: