Көңіл-күйші

Уақыт сырғып сағат тілі түнгі бір,

Күмбірлейді көмейімде мың күбір.

Келер мезгіл шымылдығын түретін,

Тұмшаланып, тұманданған мұңды бір.


Қайраңдағы ой - теңіздің кемесі,

Күтіп жатыр тағдырының егесін.

Өгейсітпей құшақ жая қарсы алар,

Үзілмеген үмітімнің елесі.


Еркіндікке ұмтылатын гүл-шынар,

Көңіл-күйші әсемдікке құлшынар.

Сары уайымға салынбай-ақ қояйын,

Көп кешікпей біздің жаққа күн шығар...



Бөлісу: