Көңіл күнделігі. 9-шы жазба.
блог
Қай жақ бетке қарама, Алланың жүзі сол жақта.
Құраннан аят., А. Сүлейменовтің аудармасы.
Менің бұл жазбам кімге қалай әсер етерін бір Аллам білер, қайткенде де ізгі ниетпен қолға алынған дүние екендігін айта кеткенді жөн көріп отырмын. Оның себептері сан тарау. Бастысы, жазбаны оқу барысында көзге шалынуға тиіс. Бізде, әдетте «Наурыз» мерекесі қарсаңында – «Әз» және «Қызыр» сөздеріне қатысты сұрақтарды көп қойғанмен осы бір ауыз сөздің дәл мағынасын ашып, түп-төркінін тарқатып берген жанды, толыққанды жауапты әлі күнге кездестіре қоймаған екенмін. Жас та, кәрі де, ғалым да, ғылым да, әдебиет те, тарих та үнсіз. Сондықтан, сырын бүккен құпияны танымаққа тұңғыш рет тәуекел еткелі отырмын. Дауасы, бір Алладан болсын!
(Ескерту: Материал, оқушыны жалықтырып алмас үшін мейлінше қысқартылып берілді).
Қолыма қалам алған соң неден бастау керек деген ойға қалдым: Кім, не?! Мендегі бастау – «Есімдер сыры!». Бұл, менің шулы темам. Ал, қазір у-да, шу-да басылған. Бірақ, бір ой кетпей тұр. Ол, не?
«Досқа хат!» жазбасында Назеркеге жауап бере отырып: «Ал, құрбым Ғазиза мен Илхам дос өздеріне азан шақырып қойылған есімдерінің шын мән-мағынасын сезіп, біледі ма екен?!», дегенді айтқан едім. Айтылар ой айтылды, берілер жауап берілді, кешірім сұрау қажет болса алдарынан да өттік, ендігісі не? Дұрысы, мені мазалап жүргені бұл кісілерге берілген есімнің КӨРКЕМДІГІ еді. Расында, бұл есімдер исі мұсылман баласы үшін АСА КӨРКЕМ әрі ҚАСИЕТТІ. Мені, сөзден тосылтып, терең ойға жетелеп алып кеткен де бұл есімдердің АСА МӘРТЕБЕЛІЛІГІ еді. Егер, тура мағынасында түсінсек, Мен, бір мезгілде АЛЛАҒА және ДАНАЛЫҚҚА қарсы шыққан болып табылады екенмін. Міне, мәселенің мәнісі қайда жатыр?.
Қазақ тілінің үндестік заңына сай – Әз, Әзіз, Ғазиз, Ғазиза деп айтылатын Әл-Азизу сөзі Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі де бірегейі. Әл-Азизу – рет саны бойынша тоғызыншы болып келіп, Аса зор, Ұлық, Қуатты, зор кеңшілік Иесі деген мағынаны береді екен. Ал, Илхам сөзі – жақсы ой, шабыт, даналық деген мағынаны білдіріп қана қоймай, философиялық тұрғыдан аса кең мағынаға ие. Бұл туралы тереңірек тақырып қозғауға білімім таяз болып тұр. Бір білерім тек «Илхам уақыты», оның тууы туралы, әрі мұның өзі оқыған әдебиеттердің, жеке пайымдық көзқарастың негізінде ғана.
...Бізге қанша жерден дүние сыры жұмбақ, тылсым болғанымен ИСЛАМНЫҢ, ҚҰРАН КӘРІМНІҢ артықшылығымен қатар ҚАЗАҚЫ ТАНЫМ, ҚАЗАҚЫ ПАЙЫМНЫҢ да аса жоғары деңгейде екенін мойындамасқа шара жоқ. Оның түйінін қазақта айтылатын: «Жанның бәрін қадір тұт, Түннің бәрін қыдыр тұт!» деген бір ауыз сөзбен түйіндесе де болады. Қазақи ортада жиі қолданылатын: Қызыр, Қадыр, Қадір, Кәдір, Қыдыр сөздерінің түп атасы бір дүние, бір мән, бір мағына. Ғалымдардың зерттеуі, түсіндіруіне қарағанда түн ортасы ауа тәуліктік алмасу процесі жүріп, уақытқа қатысты түсініксіз бір құбылыс, бос кеңістік пайда болатын сыңайлы. Міне, осыны «Илхам», «Илхам уақыты» десе керек. Мұны, ғылымда «Даналық уақыты», «Шабыт кезеңі» дейді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ең жақсы ойлар, тамаша идеялар, таңғажайып жаңалықтардың баршасы осы кезге тән. Біз сырын ұғып білмеген Аянның берілуі мен жақсы түстер де бірыңғай тек осы кез, осы сәтке ғана тән екен. Үздіксіз оқылатын құран аяттары, намаз осы кезеңде ғана саябыр тауып, сәлден (жарты, әлде бір сағат) кейін Таң намазы оқылса керек. Бос кеңістік пайда болған сәтте ерекше ауа ағыны «гуіл» қоса сезілетін көрінеді. Міне, осыны «Әз» деп атайды. Күн мен түннің теңелуіне қатысты: «Әз Наурыз», «Ұлы Наурыз», «Әз жүрді», «Әз болмай, мәз болмайды», «Қызыр», «Қызыр Ата» дегеніміздің баршасының түп-төркіні осы бір ауыз сөз. Ол – түн ортасы ауып, таңға жуық жүретін «Гуіл!». Ұйқы дұшпан! Аса маңызды осы сәтті өткізіп алмас үшін жастардың бір-біріне «Селт еткізер», «Ұйқыашар» әзірлеп, ойын-сауық ұйымдастыруының негізгі мәні де осында жатыр; ал, гуілдің жүруі – «Қызыр Атаның аралауы»; сәтті жасалған болжамға сай әрекет – «Қызырдың қонуы!» деп, есептелген. Енді, мұның бәрі ұмытылып, жадыдан өше бастағанмен «Жоқтан бар тумайды, бар жоғалмайды!». Біздің Рамазан, Ораза айында кезіктіретін – «Түндердің түні «Қадір түні!» туралы айтпағымыз да жоғарыдағы ой-пікірлермен мән, мағыналас екендігі, ақиқатында екеуі бір дүние болып табылатындығы. Сәл ғана айырым, ұқсастық белгілері: күн менен түн, жақсылық пен жамандық және дүниедегі барша қарама-қарсылықтардың теңелуі, «Құран кәрімнің» Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) түсуі. Тіпті, Исламда, «Құран кәрімде» баяндалатын бейбітшілік, теңдік, жақсылық, имандылық ұғымдарына қарап-ақ, екі істің арасында бір байланыс барлығын аңғаруға болады. Осы жерде сұрақ туады: «Құран» кітабы түннің дәл қай сәтінде түсті және ол жылдың қай мезгілімен сәйкес келеді екен? деген. Бұл енді, білсем екен деген талап, білмекке құштарлық болғандықтан күпірлік бола қоймас. Ислам – ғылым. Біздің қазіргі жаңалық деп жар салып жүргендеріміздің бәрі онда бар және бұрыннан мәлім. Оның сыры тек, миллионнан бірдің білуі мүмкін «Әбжад есебімен» анықталады. Ол, қазір ұмытылған, сыры жұмбақ, аса құпия дүние. Дүние сырын танып білгісі келген жан – «Әбжад есебін» терең меңгеруі, гендік инженерия табиғатымен таныс болуы аса қажет деп білемін. Онсыз, құр дүмшелік пен соқыр сана, табиғатымызға жат діндердің шылауынан бой түзеп кетуіміз ілуде біреу болмақ. Осындайда бойын сынатпай ізденген, игі істердің бастауы, ұйытқысы бола білген, халықты соңынан ерте білген жандарды елі – Көсем, Әз, Ұлы деп аса жоғары мәртебеге лайық көрген. Біздің ауызекі, әрі жазба әдебиетте кең қолданысқа ие – Әз жан, Әзіз (Ғазиз) жан, Әз қалқа, Әз аға, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Әз Баба, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ғазиз жүрек сөздері мен Ұлылыққа қатысты айтылатын сөздердің мәндес, мағыналас екендігіне назар аудармасқа болмайды. Олай болса, «Ғазиза», «Илхам» атаулары – ҰЛЫ ДАНАЛЫҚ деген мағынаны білдіреді деумен сөзімізді тәмамдаймыз.
Міне, біздің ауыл, біздің орта, біздің жастар осындай! Көрікті де көркем, кербез де сұлу, аяулы да ардақты, қадірлі де құрметті, қасиетті де қастерлі! Бала да болса – Дана, Жас та болса – Бас!
Қымбатты, замандас! Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай! Осы бір сырлы дүниенің сырын тарқатуды, шешімін тауып, түйінін түюді патша көңіліңіздің еншісіне қалдырғалы отырмын. Іске, сәт!
Олай болса, Ал, кеттік! Жүйрік болсаң, озып көр!