Көңіл күнделігі. 6-шы жазба.

Көңіл күнделігі. 6-шы жазба.
жеке
блог

«Жігітке сейіл де сейіл, сергелдең де сейіл». Халық даналығы.

 

Бүгін порталға құрбым Айконаның «Қойын дәптері» шығып жатқан соң аттың басын ірке тұрғанды жөн көрдім. «Сөзіңді біреу сөйлесе аузың қышып бара ма?» деген бар ғой, байқастап қарасам ойы сергек талапты, санасы тың таласты жандар баршылық екен. Көріп көз, сезіп көңіл риза. Бұл да керек дүние. Қолыңдағыны салыстыру, саралау арқылы өзіңде жоқты түгендеп, барының қадір-қасиетін тереңірек ұғына түседі екенсің. Әбеке, Абзал бауырымның тілегін ескере келе «Көңіл күнделігі» жазбаларының жария үлгісіне өзгеріс, яғни санмен таңбалау дәстүрі енгізіліп отыр. Елдің пайдалануына осы әдіс, осы тәсіл қолайлы, жөн сияқты.  

Бүгін, жылдық еңбек демалысын алуға өтініш білдіріп, кадр бөліміне өткіздім: қолдар қойылды, іске тіркелді. Енді, бұған қарап біреулер балаша қуанар, мендегі сезім амалсыздың әрекеті болып отыр. Амалсыз дейтінім аса жұмысбасты болмасам да демалыс дегенді қалай бермейтіндігім. Бұған дейін, екі рет кері шегеріп, үшіншісінде дөкейдің алдынан қайттым. Сөйтіп, екі айға кері жылжыту туралы өтінішім зорға қанағаттандырылған еді. Олар: «Сіз, қызықсыз, елдер демалыс ала алмай шапқылап жүрсе...» деп бастарын шайқайды. Иә, мұндайда қызық болады.

Жарықтық, осындайда апам еске түсіп кетеді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі елге түскен қиыншылықтар баршаға белгілі ғой: дүние қат, тауар тапшы дегендей. Ақшаның құнсызданып, жаппай жұмыссыздық белең алған, бір нән қой бір жарты «самопал» араққа айырбасталған күндер болатын. Дүкендер тып-типыл, не сіріңке, не ұн, не қант жоқ. Сол бір қиыншылық күндерден қазақты алып шыққан, елді қайта көтерген – біздің аяулы аналарымыз, апа-әжелеріміз, асыл жар, қарындастарымыз болды. Ер азамат қарекетсіздіктен отбасы, ошақ қасында қалғанда ала дорба көтеріп базарда, шемішке сатып көшеде отырған сол кісілер, сол аяулы асыл жандар болатын. Әлі есімде, қаптағы ұн иығынан төмен түсіп, белуарына жете бергенде апама тамақ батпайтын. «Қарным ашып тұрғаны» деп терең ойға кететін. Жеңгелерім, анам бәйек болып ет асып, шәйін баптап, түрлі асыл дәмдердің ретін келтірсе де ауыз тигеннен арыға бармайтын. Жүгері, бидай қуырып, диірменге тартып күйбеңдеп қалатын. Тек үйге ағаларымыз бір қап ұнды енгізгенде ғана көңілі жадырап, терлеп-тепшіп шәйін ішер еді... Жас та болсақ осыны көзбен көріп, көңілге түйіп өстік. Сағындым – Апа, мың тағзым!!!

Осы бір әрекет пен жетекшімнің ылғи да айтатын: «Демалыс – демалыс емес. Нағыз демалыс – қандай да бір шаруаны, тірлікті бітіргеннен кейінгі алған сенің жан рахатың, ләззатың!» деген сөздері санама сіңіп қалса керек, менің де ылғи өзіме-өзім қарным ашып тұрады ғой. Ғабит Мүсіреповтың: «Өзің істемесең, өзің атқармасаң атқарылмайтын істер болады, мәселе сонда ғой» деген сөздерін ескерсек Сіздер де менің тірлігімнің мәнін ұғып қаларсыздар. Сонымен, Сіз бен Біз қалайық, қаламайық – Мен, демалысқа шықтым! Жоспарлы әрі жоспарсыз. Қызық, ә!

Күннің нүктесі: «Жақсы қартая білу де өнер» дегендей жақсы демала білген де жөн шығар.