Көңіл күнделігі. 24-ші жазба

 

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,

Жүрегім жалын атқан сөз дайында.

Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,

Тербетіп, тулатып бір қозғайын да.

Қасым

 

1. Мен, үйдің ортаншысымын: алдымда - ағам да, әпкем де, артымда - інім де қарындасым да бар. Мәшһүр Жүсіптің жазғаны бар: "Қазақта баланың үлкені қадірлі болады, кенжесі қадірлі болады. "Ортаншыға оқ тимес, оқ тисе де боқ тимес", - деп, қадірсіз, құнсыз ұстайды. Ата мұрасы - жер - ең үлкені мен ең кенжесіне тиеді. Ортаншыға: "Қаңғырып қайда кетсең, сонда кет", - дегендей қылады" - деп. Сол айтқандай, өз күнімді өзім көріп жүрген жанмын.

2. Кітапты, гүлді, әсем де сұлу табиғатты жақсы көремін.

3. Ептеп, домбыра, гитарда ән салатыным бар. Әнсіз өткен отырыс, мәнсіз өткен отырыс.

4. Жұмыс, тамақ талғамаймын. Бәрі де пейілге, ниетке байланысты. Шын пейілімен алдыма тартса, қара жұмыс пен қара көжені де аса сүйсініп ішіп, сүйсініп атқарамын.

5. Әжемнің тізесіне басымды қойып, ұлағатты әңгімелерін көп естігендіктен қазақы салт-дәстүр, жөн-жоралғыны бір кісідей білетіндігіме шәк келтірмеймін.

6. Әр нәрсенің иесі, киесі бар дегенге кәміл сенемін. Сондықтан да, әрбір ұстанған, тұтынған заттарымның қадіріне жетсем деймін.

7. "Жолдасыңның жоғын қарас, табылса өзіне жақсы, табылмаса кеуліне жақсы" деген өмірлік мұратым десе де болады. Достыққа, сыйластыққа сызат түспеуіне аса зор жауапкершілікпен қараймын. Қажет етсе, астымдағы атымды түсіп беруге бармын.

8. Әлеуметтік желілерге аса құмарлығым жоқ. Бір бас сұқсам едәуір шаттанып отырып қаламын. Айтпасам пікір ішті тесетін болғандықтан, сөзді кеулеп, жұмыспен жанталаса жан қинайтын, бәрі кетіп сопайып жалғыз қалатын сәттер де жиі кездеседі. Білген, білгенді ортаға салған жақсы ғой. Жалпы, абырой әперетін тірлік емес.

9. Дүние, пәтер, мансап пен машина мен үшін маңызды емес. Жалғыз арманым - ғылым. Тіршіліктің қамымен жүремін деп біраз бой суытып алдым да, қайта игерсем деген талабымнан нәтиже шығар емес...

10. Тым аңғал жандар санатына жататын тәріздімін. Яғни, кім не айтса да шын деп қабылдаймын. Сосын, жүргенім сол, өткеннің қарызын кімнен қайырарымды білмей...

11. Кемшілікті көріп тұрсам, өзі көріп түзегенше шыдауға бармын. Шектен шығып бара жатса шарт кетемін. Мейлі, кім болса - ол болсын, өзіме, тірлігіме, болашағыма аса қатерлі болып тұрса да әділетсіз іске төзе алмаймын. Ал, қателігін түзеген күні дұшпаным болса да хан көтеріп, өзімнің жоқ болып кеткенімді қалаймын.

12. Басқа тума-туыс, ағайын-бауырлармен айлап, жылдап сөйлеспей кетсем де анам үшін күніге бір мезгіл қоңырау шалу мен үшін міндетті парыз.

13. Астаналық екендігімді, Қазақ екендігімді, Алаштың азаматы, Түрктің ұрпағы екендігімді өзіме мақтаныш тұтамын.

14. Жек көремін: өзімнің жалқау, еріншек, ынжық екендігімді; айтар кезде айта алмай, іштен булығып,есемнің кетіп жүретіндігін.

15. Көпшілік ортадан гөрі саяқ жүргенді, саяқ жүріп көп іс тындырғанды; ал, көпшілік ортада болсам мейлінше қарапайым болып, орынсыз көзге іліге бермегенді қалаймын.

16. Блогты, шығарманы, мақаланы аса тез жазамын. Жазғанды қайтейін, қабылдар орта болмаған соң жария да етпеймін.

17. Кейде түсімде мақала, өлең, ән жазып, өмірі естімеген мақал-мәтелдерді қайталап жатамын. Бұрынырақ тұра салып, дәптерге түртіп, домбыраға салып жататынмын. Қазір, біраз уақыт іштей қайталап жатқанмен, әр түрлі ақпарат, ойдың көптігінен лезде ұмыт қалып жатады.

18. Қазақтың ескі сөз, есті сөзі, ескі жөн-жоралғы, есті іс-әрекеттеріне деген сүйіспеншілігімді, махаббатымды жеткізуге тіл жоқ. Сұмдық, ғашықпын!    

19. Не іс істесем де - таза көңіл, таза қол, таза ниетпен іске асырғанды қалаймын.

20. Аллаға сенемін! Намаз уақыттарын, оқылу тәртібін білгеніммен кейде, көңіл қалауыммен оқи салатыным да бар. Алла, өзі кешірсін.., бірте-бірте қалпына келер деген үміттемін.


Сөз түйіні:

Қазақ сөзі айтады: "Әуелі өзіңнің үйіңе жақ, онан соң аулыңа жақ, онан соң отан-аймағыңа, онан соң халқыңа жақ. Сонан соң барып Құдайыңа жақ!" -дейді екен. Әне - дін, әне - өсиет, әне - қасиет.

Мәшһүр Жүсіп



Бөлісу: