Көңіл күнделігі. 21-ші жазба

Алланың бір өзі хақ, әлемі жұп болып жаратылған соң өзара сүйіспеншілік, махаббаттың болуы да заңды. Егер, табиғат заңдылығы солай десек, қыз-жігіт махаббатының жайын білер, жөнін айтып, қарапайым тілмен ұғындырып берер жан табылар ма екен?. Біз де біреуді, бізді де біреу ұнатты, виртуалын да, басқасын да бастан өткердік. Ал, мына оқиғадан соң гүлдің, қыздың қадіріне жеттім, сезімін де, көңілін де ұқтым деуім бекер тәрізді. Біреу салт-сана, заңды кіналар, біреу ата-ана, заманды кіналар. Мен де сол заманның бір пендесі болғандықтан ба бойымнан өткізіп бұзық, түзігін айыра алмадым. Мүмкін, жөн болар, мүмкін, бойыма мін болар. Түйіні қиын іс болғандықтан біржақты шешім, әрекет ете алмадым.

Қыз көңілі


...Бәрі де қызметтегі ауыс-түйіс, менің жаңа кабинетке көшуімнен басталды. Жаз айларында уақытша, қызметтес төрт-бес қыз-келіншекпен бір кабинетте жұмыс атқаруға тура келген. Әрине, әркім өз шаруасымен, келесің-кетесің, әңгіме ары кеткенде амандықтан ұзай қоймайды. Қыз-келіншек дегенде қазір барлық мемлекеттік органдар лық толып тұратын болды ғой. Мәселен, қырықтан аса қыз-қырқынның ішінде біз Ербол екеуміз ғана дегендей. Оның өзі үлкен ұжымның бір ғана саласы болса, қалғанын сөз қылмаған да жөн. Жағдайымның қаншалықты жақсы, не жаман екендігін қайдам, өзімді миналы аймақта жүргенмен тең көрем. Аңғармасаң не ол, не сенің жарылуың ғажап емес. Ой, дүние-ай, нені айтып, неге кеттім... Қош, сонымен, мен көшерден, жаңа орынға қоныс теберден бір күн бұрын Айнаш атты бойжеткеннің алабұртып, бірде сықылықтай күліп, бірде болмашы нәрсеге ашулана мың құбылғаны, нілдей бұзылғаны бар емес пе. Бұрын оңаша қалғанда ысынып-суынып, айнаға қарағыштай беретіні болмаса аса мән бермеген екенмін. Көп сөзге үйірсектігі жоқ жанның аяқасты мінез көрсеткені де қызық көрінетін секілді, сөзінде жүйе болмай бірді айтып, бірге кетті де бір уақытта ішіндегі бар сырын лақ еткізгені. Е, несін айтайын... Әңгіменің тоқетері көңілі барлығын, өзіммен бірге ала кетуімді өтініп, екінші, тіпті, үшінші әйел, тоқал болуға да келісім беретінін білдіргенде не дерімді білмей қалдым. Сасқанымнан «иә», «жарайды» дей беріппін... Сіз күлерсіз, басқа-басқа сезімін талайдың арманы болған Айнаш жеткізіп тұрса «жоқ, болмайды» дегенді қалай айтарсыз?. Білмеймін,.. бас қатты... Есіме бір мезгілде Рәбиға түсті. Екі жыл бұрын, алдыңғы коллективте дос ретінде сыйлас, сырлас болып жүрген Рәбиға есімді қыз көңілін білдіріп, сезімін айтқанда алғаш қалжыңға, ойынға балағанмын. Ал, арада ешқандай қатынас болмаса да менен бала сүйгісі келетінін, қанша күт десе де күте алатынын, тек, тезірек үйленгісі, тұрмысқа шыққысы келетінін айтып егіле жылағанда қалай жұбатарымды білмей дал болғаным-ай. Дінім қатты ма, жоқ әлде сезімнен жұрдаймын ба, үйіне ерте барып, анасымен таныстырғанда да селт ете алмадым... Асылында кісі заты кінәмшіл келетіні рас қой. Әйтпесе, дәл осы арудың бойынан не кінәрат тапқанымды білмеймін?; Ер деп артқан сенімін ақтай алмадым... Жәрайды, түсіндік, оныкі я, олардікі жөн дейік, ал менікі ше?.. «Ей, жігітім! Ер емес, ез екенсің ғой...», - демексіз бе? Иә, Сіздің берер бағаңыз қандай болмағын да ішім сезетін тәрізді...

Қиын түйін. Бас қатты...




Бөлісу: