Көңіл күнделігі. 19-шы жазба
блог
Қазір, күнделікті жаңалықтарға құлақ түріп отырсаңыз не сұмдықты естуге болады, әрі соған қатысты қабылдаған шешімдеріне де таң қалмасқа лажың жоқ. Тыңдап болып, «Апырай-ә?!», «Ой, Алла-ай?!» дегеннен арыға аспайтын болдық. Кеше жаңалықтардан, «БҚО-да жетім балалар вандализмге барды деп айыпталуда» деген хабарды естіп ойланып қалдым. Оқиғаның ұзын ырғасы: «4 жеткіншек жетім бала Батыс Қазақстан облысы, Январцево ауылындағы мұсылмандар зиратында қорымда жүріп, құран оқу үшін қалдырылған ақшаларды жинаған. Тиын-тебенге қол жеткізу үшін жоғарыдағы кірпіштерге дейін созылуға тура келіпті. Ал құлпытастардың қалай құлағандығын түсіндіре алмады» (ktk).
Ал, енді осы істің нәтижесі қандай деңіз. Нәтижесінде, «жұрт жетімдерді жүгенсіз жіберді деп жергілікті интернат басшылығын айыптап отыр. Ал, директор болса тәрбиеленушілеріне шаң жуытар емес» (ktk). «БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарылды. Қабылданған процессуалдық шешім бойынша барлық кәмелетке толмағандар ішкі істер органдарының есебіне алынатын болады» (kazinform).
Бұған енді не деуге болады?. Демек, жазықты – жалғыз балалар. Тентегі де осы, вандалы да осы. Құй сен, құй сенбе. Расы солай, ма? Кім, жазықты?
Ертеректе, Мөңке бидің бала кезінде бір бай жоқ сұрау үшін көш алдында келе жатып, ауылдың жанында асық ойнап жатқан бір топ балаға жолығыпты. Балалардың бірі байдың атын үркітеді. Оған бай ашуланып, әлгі баланы қуалайды. Байдың мінгені асау байтал екен, баланың желбіреген көйлегінен үркіп мөңкиді. Мөңкіп жүргенде байдың басынан бөркі ұшып түседі. Байтал одан бетер тулап, байды жығып кетеді, бай қаза табады. Сонан кейін байдың тумалары және елінің игі жақсылары жиналып келіп, балалардың елінен құн сұрайды.
Екі ел келісе алмай, кеңес бірнеше күнге созылады. Мөңке сол ауылдың баласы екен, жиналған көпке келіп, былай депті: «Иә, ағалар-билер, сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа создыңыздар ғой және бір шешімге келе алмадыңыздар. Осының билігін маған берсеңіздер, мен тез бітірер едім», – деп. Көпшілік баланың ықыласына риза болып, бірауыздан: «Билікті бердік, ал айта ғой», – десіпті. Сонда, Мөңке бала: «Бұл шалдың өліміне кінәлі ел емес, тентек. Ал мұнда тентек – төртеу. Меніңше, сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болсын және ердің құны жүз жылқы болсын. Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат таба алмағандай, асау байталға мінген және елде адам құрығандай асық ойнаған балалардан жөн сұраған бай тентек; екінші, адам көрмей жүргендей, баладан үркіп тулап, байды жығып өлтірген байтал тентек; үшінші, ұшып түскен бөрік тентек; төртінші байталды үркіткен бала тентек», – депті. Осы билікке екі жағы да разы болып, құнды тең бөліп төлеген деседі.
Естімеген елде көп, моланың басына, айшығына ақша байлаған дегенді естуім осы...
«Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды?»
Абай. Оныншы сөз