Көңіл күнделігі. 18-ші жазба

Абайдың, «Көп көзіне көріне айтпа» деген сөзі бар еді. Жалпы, ел, көпшілік алдына шыға бергенді жаным қаламайды. Тіл, көз деген рас па, әлде, сыртқы аурам әлсіз бе, артынша омақаса құлаймын.

Әлқисса, Астана күні қарсаңында «Сен келмесең болмайды» деген соң,  ел жаққа тойға барып қайттық. Айтары жоқ, дүрілдеп өтті. Қыз, келіншек, құдаша, жеңгелердің көңілін қимай бидің де түбін түсірдік. Сабақты ине сәтімен, жақсы басталған той, ырың-жырыңсыз жақсы аяқталды.

«Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау,
Ұят болды-ау,қауымнан!
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, бауырлар!». Кейінгі кездері, өлім-жітім, анда-санда той-томалаққа ғана болмаса, ел жаққа мүлде аяқ баспайтын болдық. Сондықтан ба, сағынысқан құшақтар, аз-кем болса да мән-жайды білгісі келетін ағайын туыс, өзгеріс бар ма, жоқ па дегендей бас, аяғыңды түгендеп шығатын сырт көз, қойшы әйтеуір, бәрі рет-ретімен өтіп жатты. Қашанғы дәстүрмен, тойдың ертесіне бір қора адам болып пойызға шығарып салды, қиналмай жақсы жеттік. Келе жұмысқа да шықтым, басқа да тірліктерімді тындырдым. Жақсы сөз жан семіртеді. Әпкемдердің, «Ой, тойдың гүлі сен екенсің ғой» дегеніне әлдеқандай болып қайтсам, үш күннен соң тырапай астым. Тамаша көңіл-күй, тамаша сезім бейсенбі түс ауа нілдей бұзылды. Ертесі жұмыста, мазам болмай тұрса да, түс қайтқанша шыдап бақтым. Әйтсе де, көп отыра алмай 15-тер шамасында үйге қайтуға тура келді. Ой, несін айтасың, көлікті айдауын айдап қайттым ғой, таң атқанша «Алла»-лап, сандырақтап шыққанымды айтсай. Басында, жәй салқын тигенге балаған дерт мен ойлағандай болмаған тәрізді. Не отыра, не жата алмаймын. Тұла бой дел-сал, мең-зең, бір қалтырап, бір ысиды. Бүкіл, іс әрекетім формальды, істеу керек болған соң істейсің, ішу керек болған соң ішесің; не дәм, не тату, не сезім, не сана жоқ, құдды бір мәңгүрт адам тәрізді. Жалмауызға да жан керек, Алладан бастап, сыйынбаған әулие, әнбием, ата-баба рухы қалмаған сияқты. Баптардың бабы Арыстан баптан термелетіп, Баба түкті шашты Әзіз, Бекет ата, Бекасыл әулиелерге де соқтым. Еш,нәтиже жоқ. Біреу айтар, «жедел жәрдем» шақырмадың ба, тосаппен қызылдап шәй ішпедің бе, қара бұрыш пен сарымсақты өкіртіп, көже ішпедің бе, анальгин мен аспирин бірден бір емі еді ғой, деген тәрізді. «Жедел жәрдем»-нен басқасы толық қанағаттандырылды. Қызығы сол, «Ой, Алла-ай?!» деп аттандағаным болмаса, көзге көрініп тұрған ауру жоқ. Сәт сайын, бір сау, бір жындының тірлігін кештім. Мұндай да болады екен?. Болғанмен, үйдегілерге білдіруге болмайды, айттың бәлеге қалдың. Енді, не істеймін? Жаттым да жарықтық апамды, ол жүргізген халықтық ем-дом, ырымды еске түсірдім. Апам, пісті-ау деген мезгілде кенже ұлы, жәкемді: «Жеткенде, «Ассалаумағалейкумм, Адыраспан! Жіберді мені Сізге Омар, Оспан!..», - деп дауыстап айтып барып ал», - деп тәптіштеп түсіндіріп, табыстап жататын. Мән-жайын толық түсінбесем де, сол, елден беріп жіберген адыраспан талшықтарын ақ пәтінүске тұтатып: «Алас, алас, бәледен алас...», - деп, өзімді, үй-ішін тегіс аластап шықтым. Артынша, «Апамның қолы» деп ваннаға бір кесе тұз салып, суға түстім. Шыққан соң, көрпеге бүркене оранып, білген құран сүрелері мен аяттарды бірінен соң бірін іштей қайталадым да жаттым. Бір терлеп тұрған соң, киім ауыстырып, терімді үктім. Міне, сол кезде ғана мен жан шақырғандай, өз-өзіме келгендей болдым. Сенгім келмейді, ақиқатында, мен бұған дейін де әлденеше рет шылқылдап терлеп, киім ауыстырған едім ғой. Бұл, не құдірет? Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде, үш күн ұдайы көрінбейтін жынмен алысу оңай ма? Кейіннен, айнаға қарасам, не өң, не түс жоқ, «Өлі қойдың өкпесі, тірі қойдың тылағындай» болыппын да қалыппын. Сонда, бұл не дерт, не тылсым? «Тұзкесел» ме, «Тіл, көз» бе? Әлде, ...

...Иә, Гүлмира, екі рет қатты құшақтаған тәрізді еді, әлде, құдаша қыз... Жә, қойшы,..  Ой, Алла-ай, тағы не сандырақтап кеттім... Қазақта, «Тіл кестіру», Ата-баба әруағына бағыштап құран оқыту деген болушы еді, соны үйдегілер той алды ескермеген тәрізді. Мендегі жайды білді-білмеді, кеше арнайы мал шалып, құран оқытыпты; ауызашар беріп, сауабын алыпты. Жиын-терін, той өткесін жасалатын бұндай амал, ғибадат, рәсім, жоралғыны «Құдая шүкір!» деп те атайтын болса керек. Қабыл болсын!



Бөлісу: