Кеше Ж. аға хабарласты:
- Қалайсың? Кесірім тиіп кеткен жоқ па?...
- Жо-жоқ, аға! О, не дегеніңіз,..
Ж. аға! Бұл, кісі – өміріме өшпестей із қалдырған, жазбаларымда да әредік кезігіп қалатын ардақты, абзал, қазақтың кең пішілген, арыс азаматы. Ж. аға екеуміз толық бір жыл қызметтес болдық, сырлас, сыйлас, құрметтес болдық. Мен, осы кезеңге дейін бірнеше коллективте, әр түрлі санат, әр түрлі пікірдегі адамдардың ортасында болдым. Осыған орай жақсысы да, жаманы да, біліктісі мен біліксізі де кездесіп жатты; ер, әйел, үлкен-кіші демей тіл табысып жүріп жаттық. Әйтседе, дәл Ж. аға тәрізді төрт құбыласы тең түскен, аса білімді, білікті, интеллигент жанды тұңғыш рет кезіктірдім десем де болады. Ерекшелігі сол, киім киісі, жүріс тұрысы, сөйлеу мәнерінің өзі бір сән-салтанат, үлгі, өрнек. Жұмыс талғамайтын, қай іске болса да білек сыбана кірісіп кететін, әрі, қолынан келмейтіні жоқ, бесаспап еді. Және бір ерекшелігі, алдына келген жанның қапа болып теріс айналғанын көрмеппін; келген жан – жас па, жасамыс, әлде, кәртең қария ма; шаруасы үлкен бе, кіші ме; өзіне тікелей қатысты ма, жоқ па, еш жікке бөлгенін көрмеппін. Бәрін де қабылдайтын, бәрін де тең көретін, бәрін де тындыратын, бәрінің де көңілін табатын. Жаспен жас, баламен бала болып, жөн жоба, ақыл айтар мезгілде данагөй қартқа да айналып шыға келер еді. Тұғырлы деген үш тілмен қатар заманауи техника, технологиялар тіліне, заң-закон, кеңсе қызметі, қарым-қатынас, салт-санаға одан жетік, сұңғыла жан, әй, жоқ та шығар. Бар болса да тым аз, ілуде бір болар. Ойы озық, санатты, тұлғалы еді. Сол, ағам «құйрықты жұлдыз секілді, туды да көп тұрмады». Мұндай сөз, жоқтауды әдетте, кісі көңілі қаралы, анандай жағдайда айтар болар. Айтпасқа не шара, «Асқар таудың өлгені - басын мұнар шалғаны, қара жердің өлгені - қар астында қалғаны». Қазақтың көсегесін көгертпейтін қазіргі бас ауруы – «командалық ойын» болып тұрғаны жасырын емес, әмбеге аян. Сорақысы сол, кетеуі кеткен жерге іс біледі, жөн біледі деп бір басшыны тағайындаса ол жарықтық міндетті түрде атшы, қосшыларымен, топ-тобырымен келіп орнығады ғой. Бұл орган, мекеменің мемлекеттік маңызы, миссиясы қандай?; оны адал атқару, үддесінен шығу өзінің, немесе өзі сүйреп әкелген командаластарының қолынан келе ме әлде, бұрынғы кадрлардың біліктілігіне арқа сүйеген оңтайлы ма?, - деген сұрауларға шынын айтқанда көпшілігі бас та қатырмайды. Бас қатпаған жерде дәстүр жалғастығы, кадр біліктілігі туралы сөз қозғау – сенің ақыл-есіңнің дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қараушылардың қарасын көбейтпесе, түйіп берер түйіні жоқ екендігіне кепілдік беруге болады. Мұндай «командалық ауысымда» ең алғаш нысанаға ілігетіндер әдетте, орынбасарлар мен бас бух., кадр бөлімі мен бөлім басшылары. «Басшысы кеткен ауылың – өртеніп кеткен жермен тең», қалғанын өрте де жібер! Өртеудің де неше түрлі әдісі бар, ең оңтайлысы, обходной толтырып отпускке жіберу. Былайша, өлсең жаназасын шығарып жібергенмен тең. Асып айтсам, анығын айтшы: бұл «ойын» кімге керек?..
Ж. аға кетті. Әрине, отпускі алды, сән-салтанатымен, заңды түрде, өз еркімен. Өкінішті,..
«Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай.
Жақсы өліпсің, япырмай!» Абай.