«Арғымағын жоғалтып, тай жүгірткен заман-ай…», Бұқар жырау Қалқаманұлы.
Осы жазбаны жазбас бұрын, Бұқармен қатар Абайдың:
«Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып
Азапқа қалма езбеден», - деген сөздерін де келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. Мұнсыз, әңгіменің шырайы кірмейтін сияқты. Сонымен, ...
Әлденені әлдеқандай қылып жазу үшін, әлдене әлденеге себеп болуы қажет. Қай жерде жүрсем де, танысын танымасын «көлігіңді сатасың ба?» деп тұрғандарға алғашқыда таңырқай қарайтынмын. «Жоқ, ә!», - деп жымия, күлімсірей жауап бертінмін. Кейінгі кезде жүйкеме тие бастады. Кейде ойлаймын: «Осы, менікінен басқа көлік жоқ па, жоқ әлде, әдейі істей ма? Әлде, шынымен мұқтаж ба?» деп. Жоқ, өзіңіз ойлап көріңізші: сатуға шығарсам, сатам деп айтсам, хабарландыру ілсем түсінуге болады. Әсіресе, жұмыстағы жігіттерді айтам да, «не әй, не шәй жоқ». Бір-екеу болып, бірнеше келгенмен тынса жақсы ғой, күн құрғатпай бірінен соң бірі келе беретіндері бар да енді. Алдыңғы күні де, кеше де, бүгін де сөйтті, сөйте де береді... Не қылған адамдар, не ойлары бар екенін түсінбедім. Машинамның да алып бара жатқан ерекшеліктері жоқ. Сол, ел қатарлы мініс көлігі, ары кетсе 4-5 мың ақш доллары шығар, бәлкім. Енді, ондай көлікті ондай бағаға кез-келген жерден, кез-келген уақытта алуға болады ғой. Білмедім, анығын. Сірә, менің кісі көңілін жыға қоймайтын ақкөңілдігімнен үмітті болар. Не десеңіз де, соңғы 4-5 жылғы, айына кемінде 6-7 рет қайталанатын «қызық» үрдіс болып тұр. Тіпті, сол үшін қолма-қол ақша ұсынғандар да, банктен кредит алғандар да, баспа-бас не үстеме ақшасымен көлік ұсынғандар да болды. Бірақ, мен сатпадым. Айырбасқа да келіспедім. Маған салса тегін ақ беріп жіберер ем, бірақ...
Бірақ, енді бұны айтсам біреулер, «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты», - дер. Мүмкін, басталған соң айтылғаны да дұрыс шығар. Негізінде, бұл машина сырының маған ғана мәлім, бірнеше ерекшеліктері бар. Басты ерекшелігі, бұл менің алғашқы машинам! Міне, екеуміз 7-ші қысты қарсы алғалы отырмыз. Жеті жыл кейін сырғытсақ, оқиға былайша өрбиді. Мүмкін, таза әпенділік болар, ол кезде мен универ-де оқып жүргем. Жетекшім, «Менімен бірге проектіге қатысасың ба, ұтсақ миллиондардың астында қаласың», - деді. Студенттің жайы баршаңызға белгілі, тәуекел дедік. Отырып, таза жұмыс жасағаным 1,5 ай, бас аяғы 3 айда қолына ұстаттым. Яғни, қыркүйекте басталған жоба желтоқсанның ортасына таман толық бітті. Уәде – уәде! Айтылған сома толық қолымда. Бойға желік бітті: машина алам! Курста жүріп, бірді-екілі рөлге отырғаным болмаса машина айдауды тіпті де білмеймін. Машина жүргізу тұрмақ, маркаларын да ажырата алмайды екенмін. Базарда жүрміз: күн боран, суық; інім алда, мен артта. Інімнің ептеп хабары бар, мен ғой қақпайтын. Қаңтардың қарлы боранында көлік таңдаған біз де ер екенбіз. Маған – бір де бір көлік ұнамады, тіпті, інімнің ұнатқандары да. Өйткені, бәрі қарға көміліп, әйнектеріне мұз қатып қалған. Шын мәнісінде олардың дәл қандай машиналар екендігін мен бейбақ қайдан білейін. Тойота деп бір машинаны қатты ұнатқаны есімде қалыпты. Сөйтіп, жүргенде үстінде бір қылау жоқ, жалтыраған, өте сүйкімді авто көзіме оттай басылды. Бардық, сөйлестік, ғашық болдым! Інім өз ұнатқанына, мен – мұнда тартам. Тіпті, болмаған соң: «Сен, гольф аламын деп ең ғой, гольф деген міне!» деп көрсетіп тұр. «О, құдай, мен де айта береді екенмін» дедім ішімнен. Дегенім болды, сүйгенімді алдым! «Ал, енді айда!», дейді. Ой-ой-ой! Бір апта қиналғаным, жалынғаным есімнен кетер емес, естімеген сөздерім де қалмады. Үйрендік, үйреністік. Міне, содан бері екеуміз сырласпыз, доспыз. Біздің жақта қыс ұзақ, қатал, аязды. Ауладағы 300-ге жуық көлік иіріліп қалғанда, жалғыз өзі 45-50 градус аязда сылаңдап кетіп бара жататын. Жылына бір рет мотор майын, мезгілдік дөңгелектерін ауыстыру болмаса, бұзылған, жолда қалдырған кезі болмапты. Қай жері бұзылу керектігін де білмейді екенмін, бар білетінім капотты ашып: майының, антифриздің өлшемін тексеру, ел қараған соң қарау, дөңгелектерін теуіп көру. Болды.
«Жаман шынын айтам деп, сырын айтады» деген бар. Бірді айтып, бірге өтетін болдым-ау. Негізінде, менің машинам тылсым, жұмбақ дүние тәрізді. Мені, ерекше сүйсіндіретіні өте сезімталдығы еді. Бұл, өлшем негізінде жанды тіршілік иелеріне арналғанмен техника тіліне қатысты да қолдануға болатын тәрізді. Бір ғажабы, алдағы болатын қуанышты, ренішті, жаймашуақ күндердегі, не болмаса менің теріс қылықтарыма, ойыма қатысты мінездерін көрсең таң қаласың. Біреу сенер, біреу сенбес. Басында мен де мән бермейтінмін, кейіннен түсіне бастадым... Қиылып сұраған соң бірнеше рет саудалап та көрдім, саудасыз тегін де бердім (!) – кетпеді. Қолдан шыққан мезет, қайта айналып орала берді. Бұл да жұмбақ (?). Қазір, таза жүріп, таза тұратын болдық...
Техника тілін аса жетік білмеймін, білетін жігіттер тәрізді тұра қалып машинамды мақтай да алмайды екенмін. Бірақ, мақтануға болатын сияқты ).
Түсіме машинам кіріпті. Ызғытып жүр екенбіз...
Күннің нүктесі:
«Әркімнің мінген аты - өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген жары - өзіне сұңқар», Сырым Датұлы.