Менің құттықтауымның формасы бәлкім әлдекімдерге түсініксіздеу болуы мүмкін. Десе де құттықтаудың тәсілі көп. Мұны да сол көп тәсілдің біріне баласаңыз да болады.
Сандар "сөйлейді"
Сонымен "Массагет" бір жасқа толып жатыр. Адам баласының ғұмырымен есептегенде, аса көп уақыт та емес. Ал "Массагет" үшін қазақ тілді сайттар көшін бастауға тұрарлық еңбегімен ерекшеленді. Төменде мен сандарды былай санап, бері аударып, "Массагеттің" 1 жасын шығарып алмақпын)))
"Массагеттің" туылған күні - 16.12.2011 жыл. Менің "Массагетте" тіркелген уақытым - 18.11.2012 жыл, яғни өзімнің туылған күнімнен дәл 1 ай бұрын.
Менің тіркелген күніме (18.11.2012) қазіргі жасымды (28) қоссақ, "Массагеттің" туылған күні шығады екен. Яғни, 18.11.2012+28 күн=16.12.2012. Енді осы күнге (16.12.2012) 2-ні қоссақ, менің 29 жасқа толатын туылған күнім шыға келмек. Ары қарай қарапайым арифметиканың көмегімен 29-28=1 санын алуға болады.
Туылған күнімнен "Массагетте" тіркелген уақытымды шегерсек, дәл 1 ай.
Енді қазақша жыл санауға жүгінсек. "Массагеттің" туған жылы - 2011, яғни Қоян жылы. Биылғы жыл - Ұлу жылы. Әрі қарай, "қоян" сөзі 4 әріптен, "ұлу" - 3 әріптен тұрады: 4-3=1 немесе туған жылдарымызды есепке қоссақ, 1983 - Доңыз - 5 әріп, 2011 - Қоян - 4 әріп, сәйкесінше 5-4=1 болмақ.
16.12.2011-дің нумерологияның белгілі бір ережесімен қосындысын есептеу арқылы ортақ тиісті санын анықтасақ. Берілген сандардың жалпы қосындысы 1+6+1+2+2+0+1+1=14, бұдан 1+4=5 болмақ. Осы күнге тиесілі сан - 5.
18.11.2012 → 1+8+1+1+2+0+1+2=16 → 1+6=7. Тиесілі сан - 7.
Енді жоғарыдағы бірінші күннің тиесілі саны мен екінші күннің тиесілі санын қоссақ, 12 санын, яғни 5+7=12 аламыз. 12 саны биылғы жылдың және ағымдағы айдың күнтізбедегі ретін білдіреді.
Сонымен, 2012 жылдың он екінші айында 1 жасқа толып отырған "Массагетті" мерейлі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрқашан оқырманың көп болып, жұмысың жандана берсін. Қазнеттің "Массагетінен" қазақтың мақтанышына айналуыңа тілектеспін.
Соңында жай ғана)) Менің есімім 9 әріптен, сенің есімің 8 әріптен тұрады екен. 9-8=1 деп тағы бір 1-ді шығара салайық.
Мынау менің осы есептеулерді жүргізгендегі шимайларым
Сурет те "тілек" айтпақ.
Сандарды "сөйлеттік" Ендігі кезек - суретте. Жұмыстан қол босап, жайй зерігіп отырғанда осындай шимақтарды салатын әдетім бар. "Массагеттің" туылған күні деп салғаным ғой.
Ал, достар, есепке ерік беріп, суретті серік етіп баршамыздың қымбатты сырласымызды 1 жасқа толған туылған күнімен құттықтап отырған
Ізгі ниетпен,