Пышақтардың түзі кетіп, өтпей жүргеніне біраз болған. Інім оларды қайрап әкелді. Жақсы өтіп қалыпты. Жұмыстан келген соң тамақ істейін деп сәбіз турай бергенім сол екен, сол сұқ саусағымның тырнағын жанап өтті. Байқамадым-ау дегенім сол еді, екінші мәрте жүгірді пышақ сумаңдап... Абайлап тураймын дегенше, үшінші рет кестім тырнағымды. Бұл жолы етке жақын кескенге ұқсайды, тырнағымның асты қызарып кетті... Маған не болды? Бірінші рет пышақ ұстап тұрған жоқпын. Бірінші рет қайралып тұрған жоқ пышақ. Үнемі мұқият едім. Өз саусағымды өзім кесуге сонша асыққаным несі? Ішім қызып кетті. Бірдеңеден күдіктенгендей болдым ба?
Көзімді ашсам, тура сол кесіп ала жаздаған саусағымды ұстап тұрмын. Тырнақ маңы толы қара тікен. Қайдан кірген ол тікенектер? Түк түсінбейм. Біртіндеп ол тікендерді алып жатыр екенмін. Қуантатыны айнала жарық. Оянып кеттім...
Сонда қалай? Өз қолымды қайта-қайта кесе жаздағаным кездейсоқтық па, әлде сырттан әсер еткен күш пе? Жаңа жұмысқа кіріскенде, сапаны көтеру үшін біраз өзгерістер қажет еді. Әрине әділеттілікті ұстансаң да, бәріне жақпайсың. Нашар мамандарды босатып, ұжым ішіндегі кейбір тәртіпсіздерді реттеу керек еді. Шамасына қарамай өзгеріске теріс баға беріп, оны тіпті қаламайтындар да бар. Олардан не жақсылық күтуге болады дерсіз. "Мен кереметпін", "Тек менікі дұрыс" дегендердің ниеті шығар... Ал, тырнақ ше? Тырнақ өсті:)
Соның алдында ескерту болар. Ұзын жолдың бойында тұр екенмін. Сол жағымда және жолдың бітерінде биік екі ғимарат. Жолдың бітеріндегісінен біреу секіріп, ұшып келеді маған қарай. "Қайт!" деп жарылғышты тарс еткізіп, жарып жіберді. Тура кинодағыдай. Әлгі адам ұшқаннан ұшып, екінші, яғни, менің сол жағымдағы ғимаратқа секірді. Тағы сол "Қайт!" деген үрейлі дауысымен жарылғышын іске қосты. Енді секіріп менің үстіме жарады екен дейм жарылғышын. Қорыққанымнан жерге кіріп кетіп, ойланғаным бар: мен неге одан қорқамын? Дереу көтеріліп, әлгі адам маған қарай секіре бергенде: "Астафралла!" дедім. Ештеме жарылған да жоқ, еркек екен дейм, әлгі адам да ғайып болды. Шошып ояндым екінші рет "Астафралла!" деп.