Қолы алтын Аружанның ерекше хоббиі

Қолы алтын Аружанның ерекше хоббиі
жеке
блог

Шығармашылықпен айналысу қиялыңдағы ойды іске асыруға көмектеседі. Шығармашыл жандардың таным көкжиегі, өмірге көзқарасы, айналасындағы құбылыстарды мүлдем басқаша қабылдауы таңсық дүние емес. Өнердің қай саласын алып қарасақ та, олардың басты мақсат-мүддесі бір.

Сондай өнердің бірі сурет салу болып табылады. Бұл қабілет екінің біріне беріле бермейтін талант екеніне күмәніміз жоқ. Кішкентайында суретке қызықпаған бала жоқ шығар. Бірақ та оны дамытып, дөңгелетіп алып кететін бала саусақпен санарлық.

11-сынып оқушысы Аружан Хайтбаева да сондай дарынды жастардың бірі. Ол 5-6 жасынан бастап қылқаламға қызыққан. Оның айтуынша, бұл қабілет оның әкесінен берілген. Аружанның әкесі де өнерлі адам. Ол сурет салумен қатар ұсталықпен де айналысқан екен.

Аружанға адамдардың портретін бейнелеу ұнайды. Жай қарандаш, қара қалам, түрлі түсті фломастер, т.б. бояу құралдарымен сурет салған ыңғайлырақ. Дәл қазіргі уақытта Аружан үшін сурет салу хобби және табыс көзі болып табылады. Болашақта тапсырыспен сурет салу ойда бар екенін де айтады. Сурет салып жүріп, бойындағы өзге де талантын ашқан ару қыздың өнері баршаңызды тәнті етері сөзсіз.

- Бос уақытыңды қалай өткізесің?

- Уақытты мейлінше тиімді өткізіп, шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Жылтырақ тастардан жапсырма жасауды да қолға алдым. Әйтсе де, арасында міндетті түрде демалыс қажет. Уақытымның бір бөлігін кино көруге арнап тұрамын.

- Сурет салудан басқа немен айналысасың?

- Мүсін жасаумен айналысып жүргеніме 5 айдың көлемі болды. Түрлі мультсериалдар мен аниме кейіпкерлерінің мүсінін ермексаздан жасаймын. Анамның айтуынша, қолымның икемі бар көрінеді.

- Шығармашылық тоқырауды қалай жеңесің?

- Шабыт бірде бар, бірде жоқ. Мені өнерге жақын жандар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерден түрлі суретшілердің бейнетаспаларын қарау арқылы бір жағынан тәжірибие алмасып, бір жағынан шабыттанамын. Олардың шығармашылығы менің кем-кетігімді түзетіп, ойымда ой қосады.

- Өзің сияқты қолының икемі бар, шығармашыл жастарға қандай ақыл-кеңес бересің? Ізіңнен еріп келе жатқан іні-сіңлілеріңе ше?

- Ең алдымен, қандай жаста болмасаңыз да белсенді өмір салтын ұстануға тырысыңыз. Шығармашылық жаттығулар жасап, миыңызды бір қалыпта ұстаңыз. Үнемі жаңа нәрселерді үйренуге ұмтылып, басқа да шығармашыл жандармен байлансыңыз. Білгеніңізбен бөлісуден жалықпағайсыз. Ең бастысы – өнер туралы білімдеріңіздің мейлінше кең болуы. Ол үшін шығармашылық іс-шараларға қатысып, өз өнеріңізбен бөлісіп отыруыңыз қажет. Алдыңызға мақсат қойып, сол мақсатқа ұмтылуға асық болыңыз! Сурет салуды енді-енді үйреніп, оның қызығы мен қиындығына тоймай жүрген кішкентай іні-сіңлілерім, қылқаламдарыңызды тастамаңыздар. Үздіксіз әрекет қана берекелі нәтижеге алып келеді.

Аружан – нағыз шебер адам. Оның мүсіндеу өнерімен жақын болуы, пропорцияларды келтіріп, контрастпен жұмыс жасай алу қабілеті және жасағалы отырған туындысын бар жанымен сезініп, беріле кірісуі көп нәрседен хабардар етеді. Аружан болашақта дизайнер болуды армандайды. Шығармашылық емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге қарқынды дайындық үстінде.

Өнерің өрлей берсін, алып талант иесі!