Біз жақта жаңбыр сирек жауады. Айына бір мәрте себелесе думанмен тең. Өзгелер жапа тармағай үйлеріне жүгіріп, не таса іздеп барады. Ал біз? Біз- есуас едік. Айқайлап, жүгіріп, бөтен үйдің шатырына мініп билегенбіз. Сол күні мұң мен қуанышты қатар сыйғыза алатын қасиетке ие қоңыр көздердің иесі басын тіземе қойып, жайғасып, оны-мұны сұрай берді.
- Әсөк?
- Ыы?
- Сен қандай адамдарды ұнатпайсың, кімдерді лағынеттеп, неден жиіркенесің?
- Қоғамдық дәретxанадан және тесік шұлықтан жиіркенемін. О, Құдай, неткен романтикалық сұрақ! - деп бұрқ еттім.
- Түсінбедің ғой... Қандай адамдардың нендей қылықтары көңіліңе кірбің түсіреді?
- Мен талғамсыздарды жек көрем!
- Неге? Адамдардың бәрі бірдей стилист болмағанына, киіне алмағанына кінәлі емес қой.
- Талғам деген шүберекпен өлшенбейді, әсте. Өмірге деген талғамды айтам. Төменге қарашы- деп қоңыр көздінің басын тіземнен көтеріп, саусағыммен көшеде қарайып кетіп бара жатырған бірен-саранға меңзедім.
- Аналарды көріп тұрмысың? Бұлардың жаңбыр көрмегеніне 60 күннен асып кетсе де, қуанар емес. Жаңбыр оларға Жаратқанның нұры емес, бәтеңкесін былғайтын балшық пен лайдың себепшісі ғана. - деп едім қоңыр көзді томпақ еріндерін керіп, жымиды.
- Ал, анау қолшатырлы бикештің "Жеті қарақшы" шоқ жұлдызының қай жерде екенін, не нәрсеге ұқсайтынын да ұмытқанына бәс тігемін! Әлемдегі ең ұлы құбылыс- таңның атуы болса да , көпшілігі оны көру үшін түкке тұрғысыз ұйқыларын қимайды... Талғамсыздық деген осы емес пе?
- Қастарын керіп бояп, сүйіп тұрғандай сыңай танытып, ернін үшкірейтіп суретке түсуді ғана білетін сылқымдар мен кальянның буына қанып жалаң "торсын" әшкере ететін сабаздар туралы не дейсің? Олар да талғамсыз, ә? -деді өз сөзіне өзі күліп. Мен оны өз жауабыммен тіптен ішек-сілесін қатырдым:
- Кейбіреудің жүзіне қарасаң сан тамсаныс, мың қолпаш! Ал, жанына үңілсең, кәдуілгі ҚОЛТЫРАУЫН!
P.S. Қолтырауындар қаптап кетіпті