Қолшатыр астындағы сезім

Жігіт: Ол әдеттегідей таңғы сағат 8:00-ден кешікпей ұйқысы қанып оянды. Асханаға барып, газ плитасына шәйнекті қойды да, өзі жуынатын бөлмеге кетті. Жуынып боламын дегенше шәйнек те қайнап, таңғы шәйін асықпай, баппен ішіп алды.

Қыз: Қоңырау дыбысы. Көзін уқалап әрең ашқан сүйкімді ару, сағатқа көз салды. «8:30?! О, жоооқ, сұмдық-ай, кешіктім!» деп, орнына ұша түрегелді. Бірден жуынатын бөлмеге барды да, апыл-ғұпыл бетіне су тигізді, асханаға қарауға шамасы да болмады. Қолына ілінген киімді асығыс киді де… аяқ киімін таппай әлек болды. Шашылып жатқан аяқ киімдер арасынан өзінікін тапты, іле-шала төплиін сүйретіп, қолына сөмкесін ұстады да далаға атып шықты.

Жігіт: Бұл уақытта жігіт сыптай киініп, күнде жүріп өтетін жолымен асықпай келеді. Көк аспан, жасыл желек, баққа апарар жол, қарсы тұрған көпқабатты үйдің шатыры. Мұның барлығы оның көңілін көтеріп, қуаныш сыйлайтын. Осындай көтеріңкі көңіл-күймен ол жол жиегіне де жетті. Асықпай 1-2 көлікті өткізді де, жолаушылар жүретін ақ жолақпен көшенің қарсы бетіне адымдады.

Қыз: Жүгіріп келеді, шашы алба-жұлба, оны сәндеуге де уақыт жоқтығын сезеді. Жол жиегіне енді жақындай бергені сол еді, дәл алдынан автобус та өте шықты. Көлік ұстамақшы болып қолына соза бергенде, үйде құжаттары мен керекті қағаздарын ұмытып кеткенін білді. Кері қайтуға болмайды, онсыз да баратын жеріне 30 минут кешігіп қалды. Іштей: «Қап?! Енді не істесем екен… Мейлі, түнгі сағат 02:30-ға дейін отырып жаттағанымды есіме түсірермін» — деді де, метроға қарай жол тартты.

Жігіт: Метроға билет алып, эскалатормен төмен түсті. Ол еш асықпады, себебі барлық уақыты тура есептеліп қойылған еді. Метроға да келді, байыппен ішке кіріп, бос орынға жайғасты.

Қыз: Есігі жабылғалы тұрған метроға үлкен қарқынмен қыз да үлгеріп мінді. Кіре бергені сол еді, қарсы алдындағы сөмкесі бар апайды қағып жіберді. Жәй сыбырмен: «Көзіңізге қарасаңызшы?!» дегендей болды. Метроға кіре бере ентігін басып, алба-жұлба болған шашын түзетпек еді, бірақ оған шаштары көнбеді. «Құрсыншы, тұра берсін» дегендей қолын сілтеді де, алда болатын презентациясына іштей дайындалып, түні бойы жаттағандарын есіне түсірмек болды. Кенет көзі қарсы бетте отырған салмақты жігітке түсті. Бір көргенде оны іштей жақтырмады: «Мұндайлар ешқашан кешікпей жүретіндер, үйінен шығарда тіпті қолшатырын да ұмытпаған шығар?!» деп ойлай қойғаны сол еді, жігіттің сол жағында тұрған қолшатырды байқады. Неге екені белгісіз, бірақ сол қолшатыр қыздың ашуына тиіп, біртүрлі жағымсыз әсер етті.

Жігіт: Ойға шомып отырған жігіт метроға жүгіріп кірген қызды көрді де, ойы бұзылып кетті. Оған қарап іштей: «Қоңырауды жарты сағатқа ерте қойса да болады ғой, осынша асықпас еді… Өзі де алба-жұлба екен, «Асыққан шайтанның ісі» деген осы болар бәлкім?!» деп ойлады. Іші пысқандықтан сол қызға қарап, бақылай бастады. Бірақ олар метрода ұзақ болмады. Келесі аялдамадан түспек болып, қыз есікке қарай беттеді. Жігіт те сол аялдамадан түсетін еді, алдынан өтіп бара жатқан әжейді асықпай өткізді де, метродан түсті.

Қыз: Асығыс метродан шығып, эскалатордың баспалдағымен жолындағы адамдарды итере жоғары көтерілді. Шығу есігіне жақындай бере, кілт тоқтап қалды. Далада жаңбыр құйып тұрған еді. Тіпті нөсерлетіп жауған жаңбырдан көліктер де жүруін тоқтатыпты. Адамдар жинала бастады.

Жігіт: Адамдардың жиналғанын көріп, «Не болды екен?» деген қызығушылықпен есік жаққа жақындады. Жаңбыр. Шелектеп жаңбыр құйып тұрған еді. Қолындағы күртесін киді де, қолшатырын аша бергенде… оны көрді. Қатты жаурап қалған, көздері мөлдіреген сол аруға қарап, орнында тапжылмай тұрып қалды. Үрпиген шаштарын жаңбыр жуып тұрған қыздың жанына жақындап: «Сізді шығарып салайын ба?» деді.
Міне, дәл осылай метрода жолыққан екі жас қолшатыр астында табысты. Қара түсті қолшатыр үлкен әрі өте ыңғайлы еді. Жігіт күртесін сүйкімді арудың үстіне жауып, қолшатыр астына алды. Осы сәтте сүйкімді ару тән ғана емес, жан жылулығын да сезінгендей болды. Қолшатырлы жігітке алғысын қалай білдірерін білмей, мейірімді көздерімен ұрлана қарап, қолынан қысты.

 

Қолшатырдың асты жылылық, мейірім, махаббатқа толы болатын. Екі жас бір-бірін үнсіз ұғынып, осы сәттің аяқталмағанын тілегендей. Олар үшін әлем тоқтап қалып, тек екеуі ғана бардай көрінді.

 

Бақытты, себебі қолшатыр бұл жұпты тоғыстырған болатын...



Бөлісу: