Көлік жүргізу куәлігі ойыншық па, немесе 16-ға да рұқсат

Қазіргі таңда көлік жүргізуге баршамыз құлықтымыз. Біріне қажеттілік, екіншісіне ермек болған жүргізуші куәлігін кімдер иеленіп жүр? Жасөспірімдердің жол-көлік ережелерін бұзып, тәртіпке бағынбауына не себеп? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Бүгінгі күні жолдағы тәртіп қуантарлық жағдайда емес. Және оған ешкім таң қалмайды да. Баршамыз құдды сол тәртіпсіздіктерге үйреніп кеткендейміз. Жолға шыға қалсақ болды, гуілдеп жарысқан машинелердің дыбысы құлақты жарады. Сол көлікті басқарып жүргендерге тоқталсақ. Бүгінде жүргізуші куәлігін 3,5 миллионнан астам адам иеленсе, оның 80 пайызы ер кісілер екен. Сонымен қатар, 18-21 жас аралығындағы рөлге ие болғандардың жалпы саны 108 мыңға жетеді. Иә, көлікті жастар жай ғана жүргізіп қана қоймай, жиналып алып жарыс өткізетіні несі? Мысалы,  2010 жылы Қарағанды қаласында болған оқиғаны еске түсірейікші.  Бір түннің ішінде жол полициясы қызметкерлері мотоциклшілердің  жол ережесін бұзуы бойынша 3 фактіні әшкере еткен болатын. Сонымен қатар «XFNTO» скутерін мінген 15 жасар жас қыз ұсталған. Оның басында арнайы бас киімі де болмаған. Соңғы кезде Қарағандының орталық көшелерінде түнгі уақытта жастар жиналып, көліктерімен жарыс ұйымдастырулары жиілеп кеткен. Замандастардың бұл қылығы да сол баяғы шет елдерден алған үлгілері болар. Себебі, осындай жарыстар шет елдердің барлығында бар нәрсе. Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы 22 ақпанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында түнгі жарыс ұйымдастырған автокөліктер жол апатына ұшыраған. Апат салдарынан үш адам қаза тапқан. Оқиға адам көп шоғырланған көше бойында болған екен.

Жақын арада көлік тізгінін ұстауға «16 жастан бастап рұқсат етіледі» дегенді естіп есеңгіреп қалғандаймыз. Бұнысы қалай? Былтырғы жылдары 21-жастан беру керек деп дабыл қақса, бір жылдың ішінде осылайша құбылуға не себеп? Көлік жүргізіп келе жатып ұялы байланыстан да ажырамайтын көлік жүргізушілерін талай көрген боларсыз. Енді көлік жүргізушісі ұялы телефонмен сөйлесіп отырып, көлік тізгінін басқарар болса, үшінші рет ұсталғанда жүргізу куәлігінен айырылады. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламент мәжілісінде мақұлданған.

Бұрынырақ, яғни, 2010 жылы күзде Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев «жүргізуші куәлігін әскерилерден өзге азаматтарға 21 жастан беру қажет» деген бастама көтерген еді.  Алайда, оған кейбір қоғам қайраткерлері, тіпті жол сақшыларының өзі де келіспеген еді. Депутат ағамыз көп мем­лекеттерде жүргізуші куәлігін 21 жастан бастап беретіндігін және біздің елге де сондай үрдістің қажет екендігін алға тартқан болатын. АҚШ-да көлік жүргізуші куәлігін 18-21 жасқа дейін алады екен. Оның ішінде мектеп автобустарын тек 25 жастан асқаннан кейін жүргізуге құқылы. Дегенмен, көршілес Ресейде бұл заң жобасы 2005 жылдан талқыланып, ағымдағы жылдың мамыр айында ғана қабылданған болатын. Ресейдегі заң бойынша енді мотоциклді–16 жастан, жеңіл автомобильді–18 жастан, ал автобусты–20 жастан жүргізуге болады.

Ал, енді жаңа заң бойынша, біздің елде 16-ға жеткен жеткіншек те көшеде көлік жүргізушілердің біріне айналады. Бірақ, олар ата-анасының әперген керемет төрт дөңгелекті темір тұлпарда жүйткиді деп ойлап қалмаңыз. Рұқсат тек қана мотоцикл, квадроцикл, мопед сияқты жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын көлік құралдарына ғана берілген. Және олардың барлығы тіркеуге алынады. Оған қоса жол ережесін бұзу бойынша айыппұл көлемі екі есеге өседі. Алайда айыппұлын сол күні төлегендерге 50 пайызға дейін жеңілдік беру қарастырылып отыр.

Қайта Қарағандыға оралайық. Ондағы өткізілетін жарыстардан өзге жақсы нәрселер де бар ғой. Соның бірі Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің интернет парақшасында әрбір адам өзінің сұрақтарына жауап ала алады. Мысалы, Роза есімді оқырман "Қазіргі таңда жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігі неше жастан беріледі және қандай санаттар бойынша?» деген сауалалына төмендегідей жауап алған. «–Жол жүру куәлігін беру жастары: –«А1» кіші санаты бойынша – 16 жасқа толған азаматтар; –«А», «В», «В1», «С1» санаттары бойынша – 18 жастан бастап; –«С», «D1», «С1» санаттары бойынша–21 жастан бастап берілетін болады» деп толық ақпараттандырған.

Тағы да құлаққағыс. Енді жүргізуші куәлігін және автокөліктерді тіркеу ХҚКО-да жүзеге асады. Бұның тиімділігі құжаттарыңызды тез рәсімдейтін боласыз. Елбасы  Н. Ә. Назарбаевтың тапсырысымен Астана, Алматы, Ақтау және Қарағанды қалаларында мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, автокөліктерді тіркеуге алып, жүргізуші куәліктерін ресімдейтін операциялық залдар ұйымдастырылған.  

Қабылданған жаңа заң тұрғысында қоғамның пікірі әр түрлі. Бірі қолдаса, бірі қарсылық білдіруде. Дегенмен, депутаттардың айтуынша, жасөспірімдердің өз бетінше көлік жүргізіп, апатқа ұрыну жағдайы жиілеп кеткен. Сол себепті, оларға техниканы басқаруға заңды түрде рұқсат ету мұндай келеңсіздіктің азаюына ықпал етеді. Ендеше, алдағы уақытта көлік апаттары азайып, көлік жүргізушілерінің мәдениеті де жоғарылайды деген үміттеміз. Бастысы көлік жүргізушінің жасы емес, сана-сезімі екендігін ұмытпайық.

Ш.Болатқызы

 



Бөлісу: