Қазақ баспасөз тарихында 1915 – 1918 жылдар аралығында аз ғана саны шықса да, өзіндік ерекше орны бар- «Садақ» журналы.
1906 жылы ашылған “Ғалия” медресесінен білім алған қазақ жастары Уфа төрінде журнал ұйымдастырып, білім алуға кеткен қазақ жастары үшін ағарту істерін жүргізіп отырды. Журналдың негізін қалаушы ретінде Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов есімдері танылды.
Журналдың ұжымы дені жастар болғандықтан, жастарға ұлтжандылықты сіңіру, әдеби әлемге баулу, рухани әлемін байытуда өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді. Жиенғали Тілепбергенов небәрі жиырма жаста болса да, материал жариялаушы авторларға талғампаздық танытқан. Кем–кетік тұсын баса айтып, тек шеберлікпен жазылған материалдарды қабылдап отырған.
Сондай – ақ, ағарту, білім, саяси мәселелерінде сыни материалдарды шеберлікпен жіктей отырып, ағартушылық идеяларды насихаттаған. Нақтырақ айтар болсақ, журналдың 1917 жылғы, бесінші санында жарық көрген “Мұғалімдік туралы” атты мақалада сол замандағы педагогикалық білім берудегі ала–құла тұстарын сынай отырып, проблеманы шешудегі өзіндік идеяны ұсынды. Молдалық білім берудің ізіне түспей, сапалы мұғалімдерден тәлім алуға жүгіну қажеттігін, мұғалімдердің де негізгі міндеттеріне, ағарту істерімен айналысу кіретіндігін жазады.
Сонымен қатар, ағарту ісінде повестер, этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сыни мақалалар, ауыз әдебиетіміздің туындылары журнал беттерінде көптеп жарық көрген. Осындай материалдар арқасында оқырманның саяси санасы оянып, сауаты артып, қоғамдық дұрыс пікір қалыптастыру да жүйеге алынды.
Жалпы «Садақ» журналы сол замандағы жалынды жастардың қазақтың болашағына салған сара жолының айқын көрінісі. Қолжазба күйінде шығып отырса да, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білген, медреседен білім алған жастардың бар білімі мен күшін арнаған туынды ретінде тарихта қалды.
Бағлан Тұрғанбек
Әл Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің
студенті