Қолжазба «Садақ» журналындағы жастар қолтаңбасы

Қолжазба «Садақ» журналындағы жастар қолтаңбасы
жеке
блог

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтініне қолжазба «Садақ» журналы анық дәлел. Олай дейтініміз қолжазбаның бүгінгі тарих беттерінен таса қалмай, жас буын, жаңа тапқа мол мұра болып жетуі.

Қолжазба «Садақ» журналы мың тоғыз жүз алтыншы жылы шымылдығы ашылған «Ғалия» медресесінде білім алып жатқан қазақ жастарының сеп болуымен дүниеге келген-ді. Солай «Садақ» жиырмасыншы ғасырдың он бесінші жылдарынан бастап Уфа қаласында қаны қазақ жалынды жастарға жол тартты.

Басылымға сүттің бетіндегі қаймақтары Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтар жетекшілік еткен болатын.

 «Садақ» қолжазба журналы ағартушылық бағытты, жастарға жол нұсқауды көздеген. Бұл жайлы өздері де кеңінен тоқтала сыр шертті.

- Журналымыздың мақсаты- оқуға кеткен қазақ жастарына жол- жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығын безіндіру болып табылады, -деп жазды редакция алқасы.

Бойларында қайтпас қайсар, мойымас жігер, талмас талап бар жастар басылымның шығуына барынша үлестерін қосып, қолдан келер көмектерін аямады. Сол үшінде мен, «Садақ» журналын жастар қолтаңбасын қалдыра білген бәсі биік басылым ретінде жоғары бағалаймын.

Оның үстіне, қолжазба басшылығы жас болсада «Садақты» шығарып, есті дүние мен өрелі әңгіме айтуда бас бола білді. Оған, журнал редакторы Жиенғали Тілепбергеновтың мақаласын ұсынған әр жаннан сапаны, іліп алар дүниені талап еткені, тіпті кейбіріне қатаң сөгіс айтқаны айғақ болады.

«Садақта» көбіне қысқа әңгімелер, көлемді повестер, әртүрлі мақалалар жарық көріп отырды. Сонымен қатар, Ғалия медресесінің шәкірттері қоғамда өз пікірлерін қалыптастырып, позицияларын нақтылай түсті. Солай, алдыңғы көш ағалары, соның ішінде Сейфуллиннің Сәкені бастаған топқа қолдау көрсетті. «Бірлік» ұйымы ұстанымына оң қарады. Бұны өткен ғасырдың басында болған көтерілістер кезінде көзқарастарынан оңай аңғарамыз. Басылым белсенділігі бұнымен шектеліп қалмайды, сол кезде болып жатқан бар жаңалықтарды жібермей, үнемі өз ойларымен бөлісіп отырған.

Міне, осылай Мағжан сенген, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты-  жастар заман соқпағына қарамастан ілгері жылжуын тоқтатпады. Білім алды, өнер үйренді, жақынына үйретті. Қиын кезеңде жастар осылай қайыспады, бейбіт күнде біз ше? Не істеп? Не бітірдік? Ойландыңыз ба?!

 

Назерке Альбертқызы

Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университетінің

студенті