Көлеңкесіз күндер...
блог
Бұрын соңды көрмеген жеміс ағаштары. Сайрап тұрған құстардың үнін айтсаңшы. Жүрек қылын шертіп тұр. Қиял құсым көкте самғап барады. Тәтті сәтті аяқ сыбдыры бұзды. Ашулы жүзбен артыма жалт қарағаным сол, ай десе аузы, күн десе көзі бар, шиедей ерінді ару мен саялап отырған талға қарай аяңдап келеді. Сары түсті көйлегі түңгі аспанға сән берер толғанайдай тартымды. Иығына төгілген қос бұрымы көз жауын алатын сарқырама іспетті. Алдыма жинап қойған алмалардың арасынан, қып-қызылын таңдап алып сүрте бастадым.
-Берік! Әй, Берік! Бұзауды емізіп бер, сиыр сауайын!
Бұл не дауыс? Бау-бақша көз алдымда жоғалып барады. Әлгі қыз қайда? Кенет бөлменің бұрышындағы өрмекшінің өрмегі көрінді. Даладан сыпыртқының даусы шығып жатыр.
-Бол, енді. Тұр тез-тез. Пада кетіп қалады. Сиырлар қалып кетпесін.
-Оооой, апа! 10-15 минуттан кейін оятпадыңыз ба? Тууу, құрттыңыз бәрін.
-Сиыр мөңіреп тұр. Мә, киіміңді. Тез киін де, далаға шық.
Түс өзгеріп тұрса да, оянуымның бұл тәсілі өзгерген емес. Есік алдындағы құманға ұйқылы-ояу жетіп, түннің салқын болғанынан хабар беретін сумен бетті жуып, қораға қарай беттейсің. Мөңіреп тұрған сиырдың қабырғасынан 1-2 рет ұрып алып, бұзаудың арқанын ағытуға кірісесің. Кешқұрым тас қып байлап тастаған арқанды шешудің өзі тау қопарумен тең. Түнімен ана сүтін аңсап тұрған бұзаудың арқан шешілгендегі жүгірісін көрсеңіздер. Анасын бейне бір 100 күн көрмегендей. Сиырдың емшегін жарып жіберердей тұмсығымен соғып-соғып емеді өзі.
Ал, енді айқас басталатын сәт. Тәтті сүтінен айырып көр бұзауды. Сүттің барлығын еміп қоймасын деп арқаннан тартасың. Шымырланып алған бұзауға әл келмейді. Ары тартасың, бері тартасын. Ноқтасынан сүйрейсің. Сол сәтте аяғыңды басып, көзіңнен от шығарады. Бұл бұзауға да сиырдың күні туған уақыт. Қос қолды жұдырықтап қабырғасынан 3-4 рет гүмпілдетіп жүріп анасының қасына әрең байлайсың.
Сосын, қораға кіріп, қапты бір көтеріп қойып «кәтөлекке» толтырып бидай алып шығып «цип-цип, цип-цип, дуту-дуту, дуту-дуту» деп тауықханаға қарай беттейсің. Жем шашасың. «Ғоқ-ғоқ» деп қораз шығады алдымен ұясынан. Артынан ерген тауықтар түгел болса да бір санап аласың. Бұл күнделікті әдет. Әне-міне дегенше сиыр сауылып бітеді. Сыртқы есікті ашып, ноқтасын шешіп шыбықпен сабап көшеге шығасың. Сол сәтте:
-Қалайсыңдар, Берік.
-Жақсы. Өздеріңіз қалайсыздар Жеңге?
-Шүкір. Аман-есен. Біздің сиырларды да айдай кетші. Жол-жөнекей 3-4 үйдің сиырын айдап падашы жүрген жаққа қарай беттейсің. Сиырлар жиналатын жер мен біздің үйдің арасы 400 метрдей. Жүрген 5-10 минуттың ішінде ауылдың барлық адамын көріп шығасың. Ақсақалдардың амандығын сұрап, ағалардың «не жаңалық» - деген хит сұрақтарына жауап беріп, інілерге әпкең қалай деген сауал қойып үлгересің. Үйге келесің. Пай-пай пай! Дастархан жайнап тұрады. Буы шығып жаңа ғана піскен сүт, кеше ұйытылған айран, қолдың майы, тандыр нан, оның қасында бауырсақ, бал. Бөлек ыдыста сүттен алынған қаймақ. Ауылдың дастарханындай әлі күнге дейін дастархан көрмедім. 10-15 минуттың ішінде қарныңды қампайтып аласың. Сөйтіп, шкафтың астынан «баклашка» тауып алып тоңазытқыштағы көжені құя бастайсың. Сол сәтте даладан сықырықтың даусы шығады.
-Беріііік.
Есік тарсылдайды. Көршің, не досың(әр кезде әрқалай) есек арбасымен шөпке кеттік дейді. Апаң:
-Әй, кім ол?
-Асылбек қой.
- Үйге кір де, айран ішсін. Сосын барасыңдар.
Досыңмен бірге тағы да бір кесе айран ішіп алып, шөп орып алып келу үшін қырға қарай тартасың. Бір арба оның үйіне, бір арба біздің үйге. Қырға көтерілетін жерде бабамның бейіті бар. Тоқтап, құран оқимыз. Бата соңында досымның да атасының атын атап, жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын деп бет сипайсың.
Сағат түскі екілерге дейін қос арба шөпті қырдан алып түсетінбіз. Ал, бесін уақытында шомылуға асығасың. Тұнып тұрған мөлдір су қайдан болсын ауылда. Арықтың лай суына малтып келіп, қора жақтағы қолдан жасалған душқа түсесің. Сосын түскі ұйқы. Үйде тек дәліз ғана салқын болатын. Жаздың аптабында басқа бөлмелерге күн түсіп тұрады. Киім үтіктейтін стөлдің үстүндегі «мәрліні» сулап алып, үстіңе жауып рахаттанып ұйықтайсың. 2-3 сағаттан соң ұйқыдан оянасың. Жуынасың. Айран не көжен ішіп алып, таңертең айдап жіберген сиырларыңды күтіп алу үшін қыр жаққа барасың. Ауылдың бар баласы сол жерде. Барлығы да бұқа-сиырларын, қой-ешкілерін күтіп отырады. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің демекші, әңгіменің көкесін сиыр күтіп отырғанда естуші едік. Үлкендер кішілерді қорқыту үшін мистикалық әңгімелердің тізгінін жібереді.
-Кеше досым екеуміз мазардың қасынан өтіп бара жатқанбыз. Кесененің бұрышында бір бала жылап отыр. Бетін жауып алған. Қасына барып: «Ей, кімнің баласысың» - деп едік. Қолындағы сүйегін тастай салып қашты. 20 метр жүгіріп жоқ боп кетті. Сөйтсек түнде жалғыз жүрген балдарды ұстап алып осында келіп жейді екен.
Ал, керек болса. Сол сәтте сиырларына келген балалардардың көздері бақырайып, жасаурап кетеді. Бұл да ағалық тәрбие ғой. Інілеріміз түнде жалғыз жүрсе бір пәлеге ұрынып қалар деп осылай алдын алып отыратын.
10 минуттың ішінде қырдың үсті шаңғыта бастайды. Малдарың келе жатқанын біліп, сиырыңды күтіп алып үйіңе айдап қайтасың. Тыныш қайту қайда? Сиырыңның құйрығынан ұстап алып, үйге қарай жүгіртесің. Сөйтіп, тағы да таңертеңгі сценарий басталады. Бұзауды емізесің. Сиыр сауылады. Тауықтарды қораға қамайсың. Бірақ, ішінде бір тауық қырсық болады әкең. Қораға кірмей қашып кете береді. Қуып жүріп көршіңнің үйін екі рет айналып шығасың. Соңында шаршаған тауықты ұстап алып, қамайсың. Қамағанда да ұстаған тауықты жәй жібере салмайсың ғой. Қабырғаға қаңқ еткізіп бір ұрасың. Ашу-ызаңның барлығы сонымен тарқайды. Үйге кіріп, кешкі тамақты ішіп алып, көшеге шықсаң шықтың, шықпасаң теледидар көріп жатып тәтті ұйқының құшағына енесің. Түннің ортасында теледидар мен бөлменің жарығын біреу өшіріп жатқанын сезесің. Түк сезбегендей бір аунап алып, ұйқыны жалғастырасың. Балалық шағымның тәтті күндерінің бір күні осындай. Бір-күнің бір күніңе ұқсамайтын шақты сағынғаным-ай. Сол кездегі кірпіш құю, арық тазалау, картоптың құртын жинау, бау-бақша суғару, бұзау емізу, есік алдындағы шөптерді жұлу, ағаш түптерін әктеу, жер аудару сияқты жұмыстарға қиналушы едік. Ойлап отырсам, сол жұмыстар нағыз демалыстың өзі екен ғой. Ауылым алтын бесігім. Ол сәттер қайта оралмайды. Ауылдағы үйді сатып, қалаға көшіп кеткенбіз. Балалық шағым өткен үйде қазір бөтен біреулер ғұмыр кешуде. Сол үйді қайтып сатып алғым келіп жүр. Бірақ, үйдегілерге айтпаңыздар.
Берік СҰЛТАН
Айтпақшы, жазбаның жалғасы бар. Қызыққа толы басқа да күндерді жақын арады оқи аласыздар...