Жатақханада көрші бөлмеде бір қыз тұрды. Күндіз әңгімеміз жарасады, ал түнде... Түнде ол менің әзірейілім іспетті мен үшін одан жаман адам жоқ. Жүрегі ауырғандықтан, қатты қорылдайтын. Оның қорылы қабырғаны тесіп өтіп, құлағымның түбінде тұратын да қоятын.
Түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіп шығатын ем. Ал қасымдағы қыздар қаннен қаперсіз тәтті ұйқының құшағында жатар еді. Содан бір күні таңғы шай үстінде сұрадым:
-Осы Айгүлдің қорылын естімейсіңдер ме?
Толқын сыңғырлап күліп жіберді:
-Менің әкем одан екі есе қорылдайтын, ондайға етім өліп кеткен!
-Маған да әсер етпейді.
Жаннұр да жайбарақат.
-Ал мен осы бөлмеге келгелі ұйқыдан айрылдым! Тіпті бар ғой...
-Айтсайшы енді қорылдама деп.
Жаннұр мен Толқын бір-біріне қарап күлісіп алды. Менің осы бір титтей нәрсені үлкен мәселе қылып көтеріп отырғаным жақпаса керек.
Үлкен мәселе болмағанда ше?! Жөнді ұйқы көрмеу мәселе емес деп кім айтты?!
Бір күні шыдамай кеттім. Өзім құлағыма бірде мақта, бірде құлаққап киіп, "азапқа түсіп" әрең көз ілгем, түнгі 3-те оянып кетпесім бар ма... Айгүлдің қорылы үдеп барады. "Ааааа!" Жалпы адам таңертең оянғанда өкінетін істерді түнде жасайды ғой )) Түн сол үшін де қараңғы ма деп қалам кейде. Түннің түнегінен жанарлар тұмшаланып, көңіл ұйқыға кететіндей...
Жұлқи басып, көрші бөлменің есігін сілкілей аштым. Жарықты жарқ еткіздім, жарықпен бірге ашуым да жарқ етті.
-Айгүл! Айгүл! Айгүл деймін!
...Есімді енді жидым. Үш қыз үш жерде үрпиіп отыр. Бәрінің көзінде бір сұрақ: "Мынаған не болған, жын қаққан ба?"
Айгүл мәселені бірден түсінді. Жанарын төмен тұқыртты да: "Кешір, менің қолымдағы нәрсе емес"-деді.
***
Түн. Бөлмеде бір өзім. Қыздардың бәрі үйлеріне демалысқа кеткен. Қорылдайтын Айгүл жоқ. Өлі тыныштық. Біртүрлі мазасызбын. Тұрып жарықты жақтым. Бос қалған кереуеттерге қарасам болды, жаным жүдейді. "Қыздарым қашан келер екен?" деп күн санап жүрмін. Олар келгенше, әлі көп бар. Кеткендері кеше ғана.
Жаннұр мен Толқынның "түнімен ұйықтай алмаймын" деген шағымыма неге миықтарынан күліп қарайтындарын енді түсінгендеймін. Ех... Не деген ақымақ едім! Мазаңды алатын ешкім жоқ, ендеше нағып тұрсың жеті түнде?
Шыным... Айгүлді сағындым.